Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүниеден Шерхан Мұртаза өтті... «Көбірек қазақша сөйлессек!» - дейтін Ислам

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2018
  • 5961

Шерхан Мұртаза. Шығармалары аз емес. Дегенмен Анасы туралы романы арқылы 20-ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақ әйелінің бейнесін керемет суреттеп кеткен мықты Жазушы, мен үшін. Сондай Ана образы баста тұрса, қазіргі заманның көп әйелі орынсыз «сылқ-сылқ» күлкісін тыяр ма еді... Қандай бас редактор болғанын бірге жұмыс істеген әріптестері, қаламгер інілері бұрыннан жазып жүр. Мықты. Оның публицистикасы, Камал Смаиловқа жазған хаттары, «Бір кем дүние» - Мықты. Оның жоғары лауазымды қызмет істей жүріп, бүгежектемегені Мықты. Осындай тұлға туралы жеріне жеткізіп қалай жазасың? Бірге жұмыс істеген, кейін ұстазы туралы кітап жазған Әділ Дүйсенбектің сөзі:

Әділ ДҮЙСЕНБЕК, ЖАЗУШЫ:

Көз жасы Шерағаңды жоқтау ғана емес, енді қайтып елдігіміздің бүтіндігін ойлайтын ерлер сиреп кетпесе екен деген, Шерхан Мұртазаның жалғасы қазақтың ұлы топырағында болса екен деген намыс пен жігердің, қажырлы қайраттың, ішкі рухтың сөзі секілді болып елестейді. Шерхан аға маған кейде ақбоз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі бізге қамшы болды. Көп уақыт бойы өзінің сол биігінен түскен жоқ... Біз сондай тұлғадан айырылып отырмыз!.. Қазаққа Шерхан секілді тұлға керек кез енді келген сияқты деп ойлаймын. Шерағаң шын мәнінде өзінің аңызы мен ақиқаты арқылы ұлыларымыздың санатын байытқан ірілердің бірі!..

Уәлихан ҚАЛИЖАН, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Маған айтты, бір сөзін өзгертпей бересің деп. Содан Камал Смаилов екеуінің бір жарым жылға созылған хаттары жарияланды. Онда өткір әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мысалы, Шераға «Камал, асты-үсті байлыққа толы Қазақстан жұрты неге мұңаяды», деп жазды.

Өмірбек БАЙГЕЛДІ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Патриот болғанда күйіп-пісіп халқын ойлап жүретін үнемі. Өзін ойлаған емес, ешуақытта. Сондықтан әрине халық жақсы көреді. Сол үшін қайғырып жатыр.

Шерхан МҰРТАЗА: «Бұрынғы Кеңес одағына қараған, қазір тәуелсіздік алған мемлекеттердің бір де бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Бәрінде де бір тіл, республиканың аты берілген елдің тілі – мемлекеттік тіл. Оған ешқандай талас жоқ. Талас тек бізде ғана бар. Талас шығарып жүрген Қазақстандағы орыс халқының қалың тобы емес. Халықта жазық жоқ. Талас тудырып жүрген "жаворонок" сияқты саяси пәлеқорлар. Біздің мемлекетте өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың өкілдері қияңқылыққа бармайды"...

Павлодарлық мектеп оқушысы Ислам Сүлеймен осымен сабақтасатын нәрсе айтты. Өз деңгейінде. Сәл кейін сөзін береміз. Алдымен оның Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ-ге хат жазып, араға ай салмай жауап алғаны туралы. Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сыныбында оқитын Ислам бала кезінен Біріккен корольдіктің тарихына қызыққан. Оны монархиялық биліктің бұзылмай сақталғандығы таңдандырады. Сөйтіп жаһандық тарихта қалатын патшайымға хат жазып жіберген. Хатында ол патшайымның әлемдік саясаттағы рөлін, Біріккен корольдіктің өзгеге ұқсамайтын даралығын сөз еткен. Және немересі Гарридің шаңырақ көтеруі мен шөбересі Луидің дүниеге келуімен құттықтапты.

Ислам СҮЛЕЙМЕН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Күнде 300-ден астам хат келетін патшайымның менің хатымды қараусыз қалдырмауы ерекше қуантты. Бұл патшайымның, өкілетті адамдардың өзіндік бір адами қасиеттері дейміз. Мен мынандай, ол мынандай деп бөліп жармай, бәрін бірдей қарап, хаттарына жауап қайтарғандары, көңіл қалдырмағандығы меніңше үлкен бір мақтауды қажет етеді.

Исламның пайымынша, Ұлыбритания Еуропадағы өлмес өркениет пен заманауи жаңашылдықты қатар алып жүрген, кешегі мен бүгінгісін үйлестіре отырып, дараланған мемлекет. Міне, өзгеден оқ бойы озық тұруының құпиясы да осы,-дейді жас өрен. Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған ол, Лондондағы жоғарғы оқу орындарының бірінде білім алғысы келеді.

Ислам СҮЛЕЙМЕН, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Ең басты бізге үлгі болатыны - бұл елдің тарихына деген құрметі, тілге деген құрметі. Кез келген британдықтан барып ұлттық бір оқиғаны сұрасаңыз, тіл жайлы сұрақ қойсаңыз олар жауап береді. Ал, қазақстандықтарға мысалы, қазақ тілінде көбірек сөйлеуге болар еді...