Қазақстан-Финляндия 600 млн долларды құрайтын келісімшартқа қол қойды. Хельскенкиде фин әріптесімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев,- осылай деді. Екі ел сауда-саттық тиімділігін арттырмақ. Президент «Жасыл экономика» саласына Финляндияның үздік шешімдерін енгізу жоспары бар екенін айтты. Ал, қос елдің логистикалық компаниясының қатысуымен екі теміржол бағытының ашылуы «Қазақ-фин көлік-транзит альянсын» құрудың алғашқы қадамы болмақ,-деді.
Ресми сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаевты Финляндия Президентінің резиденциясы барлық сән-салтанатымен қарсы алды. Құрметті қарауылдың оркестрі екі мемлекет әнұранын орындап, Үкімет мүшелерімен танысу аяқталған соң, қос Президент келіссөздер жүргізуге кірісті. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің сауда қарым-қатынасын дамытуға мүмкіндіктері мол екенін айтты. Соңғы 13 жылда Финляндия Қазақстан экономикасына 300 млн доллардан аса қаражат құйған. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салада 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген. Алайда, тауар айналымы 300 млн.долларға дейін төмендеді. Ал, 3 жыл бұрын серіктестер сауда айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізген. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, ірі фин компаниялары Қазақстандағы жобаларға қызығушылық танытып отыр. Тіпті, қаржыларын да құюға әзір. Осы екі күн ішінде Қазақстан мен Финляндия 600 миллион АҚШ долларын құрайтын ондаған келісімшартқа қол қойды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Екі мемлекет арасында ешқандай политикалық және экономикалық проблема жоқ. Ал, бизнеске барлық жол ашық. Мен арнайы екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жақсарту мақсатында келдім. Біз тау-кен металлургия өнеркәсібі, химия, машина жасау, ауыл шарушалығы және жоғары технологиялар саласында бірге қызмет жасай аламыз
Бүгінде Финляндия әлемдегі ең қауіпсіз және тұрақты ел болып саналады. Transparency International ұйымының мәліметтері бойынша, бұл шетелдік мемлекет сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдер арасында, 3-ші орында тұр және мұнда қылмыс жоқ. Сондықтан, финдік экономика моделі Қазақстанға өте қызықты.
Саули НИЙНИСТЕ, ФИНЛЯНДИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды елдің бірі және аталған өңірдегі Финляндияның саяси және сауда-экономикалық салалардағы басты серіктесі саналады. Қазақстан түрлі табиғи ресурстар мен байлыққа ие болып отыр. Ал, Финляндияда технология бар. Осынау аспектілерді түйіндестірер болсақ, екі тарапқа да барынша тиімді болар еді .
Хельсинкиден Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельге аттанып, онда «Азия-Еуропа» форумының 12 саммитіне қатысады. Сонымен қатар, онда шет мемлекеттер көшбасшыларының кездесуі күтіледі. Бұл сапар Қазақстан үшін тиімді болмақ. Бельгияда 20-дан астам коммерциялық келісім-шартқа қол қою жоспарланып отыр.
А. Бектас