Русский Сайттың толық нұсқасы

Журналист Жамал Хашогги қайда?

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2018
  • 3810

Әлемдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясының журналисі Жамал Хашоггиді «шынымен өлтіргенге ұқсайды» деп мәлімдеген. Дегенмен Трамп тергеудің ресми қорытындысын күтетінін, журналист өліміне Сауд Арабиясының билігі қатысты болса, Эр-Риядқа оның салдары ауыр болатынын ескертті.  

Журналист 2 қазанда Сауд Арабиясының Стамбұлдағы консулдық ғимаратына кірген соң жоғалып кеткен. Ол некеге тұру үшін қажетті құжат алмақ болған. Түркия билігі журналист Хашоггиді Сауд Арабиясы консулының резиденциясында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен байланысы бар агенттер өлтірді деп есептейді. Түркия ақпарат құралдары журналистің өлтірілгені оның қол сағатына жазылып қалғанын хабарлаған. Оның әуелі саусақтарын, сосын басын кесіп, соңында денесін бөлшектеп тастаған деген. Эр-Рияд бұл айыптауды мойындамайды.  

Айта кететіні, Жамал кезінде Сауд королі отбасының кеңесшісі болған. Кейін патша қаһарына ұшырап, Сауд Арабиясынан қашып, АҚШ-та тұруға рұқсат алған. Ол Washington Post газетіне мақалалар жазған. Мақалаларында Эр-Риядтың қазіргі саясатына, тақ мұрагеріне қарсы шыққан.   

Алдағы аптада Сауд Арабиясында инвесторлардың ірі халықаралық конференциясын өткізу жоспарланған. Болған оқиғаға байланысты АҚШ-ң қаржы министрі Стивен Мнучин мен Ұлыбританияның халықаралық сауда министрі Лиам Фокс жиынға бармайтындарын хабарлады. Сонымен бірге HSBC, MasterCard, Ford, Uber, Google, Goldman Sachs сияқты ірі компаниялардың жетекшілері де бас тартып отыр. New York Times, Bloomberg және CNN тәрізді медиатоптар журналистеріне қайтыңдар, деген. Компаниялардан бұрын, Сауд Арабиясының тақ мұрагері мән беріп отырған жиыннан АҚШ пен Ұлыбритания ресми билігінің бас тартуы Сауд билігіне кәдімгідей дабыл дейді Би Би Си порталы.

Алайда, «журналист өлтірілді» деп хабар тарап, дабыл қағылған кезде Д.Трамп: «Сауд Арабиясы бізден миллиардтаған долларға қару-жарақ сатып алатын мемлекет». - деген сөздер айтқан. Бұнысы пайда үшін мұндай оқиғаға көз жұмуға болады деп отырған сияқты әсер қалдырған. Расында Сауд Арабиясы америкалық қару-жарақты сатып алушылардың көшін бастайды. Олардан түскен ақша АҚШ-ң қорғаныс бюджетінің алтыдан бір бөлігін жабады екен... Журналистің дипломатияық өкілдікте мемлекеттің агенттерінің қолымен өлтірілгені дәлелденсе, («дәлелденсе» деп жазуға мәжбүрміз, себебі тергеу жүріп жатыр), бұл бір эмоцияңды жасыра алмай ашынатын жағдай...