Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар қаласы Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастығы форумына білек сыбана әзірленіп жатыр

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2018
  • 4291

Туризмді дамыту! Қазақстан мен Ресей XV өңіраралық форумда осы тақырыпты талқыға салмақ. Қараша айына жоспарланған шараға қазірден дайындық қызу. Меймандарды шаһардағы 19 қонақ үй қабылдайды. Ал, Назарбаев пен Путинді Ұлыбританиядан 42 миллион теңгеге сатып алған робот қарсы алмақ. Әзірлік барысы туралы әріптесім Абзал Құрманкин әңгімелейді.  

Қалада құрылыс жұмыстары қарқын алған. Шахарға кіреберістегі 600-ден астам жер үй сүріліп, орнына он шақты зәулім нысан салынып жатыр. Өңіраралық ынтымақтастық форумына 600-ден астам делегат қатысады. Қос елдің Президенттері де күтіледі. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қос елдің жетекшісі жаңадан бой көтеріп жатқан оқушылар сарайында кездеседі. Нысанның қақ ортасынан орын тепкен конференц залы бүгінде Президенттерді қабылдауға сақадай сай. Алқалы отырысқа деп арнайы тұрғызылған зал 200 делегатқа шақталған. Шекаралас аймақтардың дамуына зор ықпал ететін келісім-шарттарға дәл осы жерде қол қойылмақ.

Бұл Оқушылар сарайының елімізде теңдесі жоқ дейді. Бөлмелері шетелдік озық технологиямен жарақталған. Мәселен, Ұлыбританиядан 42 миллион теңгеге сатып алған мына робот барлық сұрақтардың жауабын біледі. Жоспар бойынша Президенттерді осы құлтемір қарсы алмақ.  

Облыс әкімі форум аймақтағы туристік өлкені дамытуға сеп болады деп сенеді. Шалқар-Имантаудың инфрақұрылымын дамытуға белгілі шет елдік компания тартылмақ.    

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Бізге Шалқар-Имантау курорттық аймақты дамыту керек. Халықаралық дәрежеде ұшан-теңіз тәжірибесі бар бір компания форумның барысында бізге туризмді дамытудың бағдарламасын жасап береді.

Меймандарды шаһардағы 19 қонақ үйі қабылдайды. Барлығы қарапайым. Халықаралық стандартқа сай сертификаты бар. Оның ішінде біреуі ғана үш жұлдызды.   

Максим ГРУЗИНОВ, КОНСЬЕРЖ: 

Бұл отельдегі ең үздік люкс бөлмесі. Бағасы бір күнге 45 мың теңге. Қонақ бөлмесінде үлкен телевизор мен дивандар бар. Ал, жатын бөлмесінде үлкен кереует пен бөлек киім бөлмесі бар.

Қызылжарда өтетін форумға тұрғындар дән риза. Өйткені, осындайда ақша бөлініп, шаһардың ажары кіреді деп есептейді.  

Жамбыл ТӘСЕМЕНОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: 

Үлкен зәулім үйлер салынды, үлкен ғимараттар салынып жатыр. Жуырда теннис корты, спорт сарайы, оқушылар сарайы іске қосылды. Форум біткеннен кейін болашақта тоқтап қалмас деп ойлаймын. Әлі де салынуға тиіс. Біздің қаламызға қазақ театры, қазақ мектептері керек. Солар салынса, біз өте қуанар едік.

Шараны өткізуге 300 ерікті атсалыспақ. Қазір олар сынақтан өтіп жатыр. Өңіраралық ынтымақтастық форумы 9 қарашада өтеді. 

А.Құрманкин