Ал, Ақтөбеде ата-аналар мемлекеттік балабақшаның жеке меншікке өтуіне қарсы. «Дидар» және «Кәусар бұлақ» бақшалары қандай да бір жөндеуге зәру емес. Дегенмен, жергілікті шенділер ата- аналарға осындай уәж айтып, қос мекемені жекеменшікке беруге мәжбүрлеп жатыр. Ашуға булыққан ата-аналар бүгін қалалық әкімдікке баса-көктеп кірді. Оларға әкімнің орынбасары басу айтуға тырысты. Бахыт Рахметова тарқатады.
«Жекеге өткен соң ол не болады? Баланың тамағы қандай болады? Ертең ауырып қалса ше, ия педукулёз болады. СЭС келмейді, тексермейді!».
Қалалық әкімдік алдына жиналған ата-аналар осылай деп айқай шығарды. Бөбектері баратын балабақша жекенің қолына өтсе, тиісті тәлім- тәрбие мен бақылау болмайды,-дейді.
Және жекеменшік балабақшада жас мамандар жұмыс істейді деп алаңдайды. Мемлекеттік мекемеде екі тәрбиеші бір күтуші болса, жекеде бір тәрбиеші екі адамның міндетін атқаратын көрінеді.
Меруерт СҰЛТАНОВА, АТА-АНА:
Баламызды қарауы төмен болады. Ешкім жауап бермейді. Потому что талай садик көріп жатырмыз. Камераға түсіріп, талай тәрбиешілер ұрып-соғып онашада не істеп жатырғанын біз қайдан білеміз?
Ашуға булыққан ата-аналар шенеуліктерге сөз бермеді. Жиналғандар жағдайды пайдаланып, жекеменшік балабақшалардағы былықтарды жайып салды.
Шенділер қауіптенуге негіз жоқ дейді. Мектепке дейінгі мекемелер сенімгерлік басқаруға беріледі. Яғни, әкімдік бәрін қадағалайды.
Гулбаршын АЙДАРХАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Балабақшалар қазіргі кезде олар әкімшілікте тұрған балабақшалар бес жылға беріледі ғой да. Бес жылға берілген. Күрделі ремонт жасалды. 300 млн әр кәсіпкер жұмысын жасады. Енді осы келіп отырған ата-аналардың ұсыныстарын қарастырамыз.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Қазір Ақтөбе қаласында 44 мемлекеттік балабақша бар. Тоғыз балабақша жекеменшікке өткен. Қазір он балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру қаралып жатыр. Дегенмен, бүгін бас көтерген ата-аналар арыз-шағымдарын қағазға түсіріп, әкімге тапсырмақ.
Б. Рахметова