Жақында акцияларын сатуға шығаратын «Қазатомөндіріс» компаниясы мәмілені қараша айының ортасына дейін жасауы мүмкін. Брифингте басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов осындай болжамымен бөлісті. Бұған дейін компания Лондон және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қор биржасына құнды қағаздарын шығаратынын мәлімдеген еді. Президент елде Экономикалық әріптестік және даму ұйымының стандарттарын енгізуді тапсырды. Осыған сай 2015 жылы мемлекет қарамағындағы кәсіпорындарды бәсекеге қабілетті ортаға шығару бағдарламасы қабылданды. Жоспар бойынша «Қазатомөндіріс» акциялары IPO-ға биыл шығарылуы тиіс болатын. Акцияларды жариялы тұрде шығару IPO-ға шығару компанияға пайда әкеліп қана қоймай, ұзақ мерзімді акционерлердің тұрақты базасы жасақтап, капитал тарту ауқымын кеңейтпек.
Ғалымжан ПІРМАТОВ, «ҚАЗАТОМӨНДІРІС «ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Road show қазан айының 31-інде немесе сол аралықта басталатынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазір қандай да бір кепілдік беруге әлі ерте. Бірақ, барлығы біз ойлағандай болса, қарашаның ортасына дейін мәмілені аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, Қазақстан ірі уран өндіруші елдердің бірі. Биыл компания 21 мың 600 тонна уран өндіруді жоспарлап отыр. Ал, 300 мың тонна өнім өндіруге келісім жасалған.
Г. Меңдеева