Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде арбаға таңылған мүгедекті белгісіз біреу автобуста тастап кеткен

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2018
  • 3341

Павлодарда арбаға таңылған әйел адамды белгісіз біреу қоғамдық көлікте тастап кеткен. Автобуста жалғыз қалған әйелді полицейлер тұрақты мекен-жайы жоқ адамдарды қабылдайтын орталыққа тапсырды. Мәселенің анық-қанығын Әсемгүл Мұхитқызы білуге тырысты.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

10-шы бағыттағы автобус соңғы аялдамаға жеткен бетте, күтпеген оқиға болды. Қоғамдық көлікте адасып қалған мүгедек жан отырғаны анықталды. Арбаға таңылған әйелдің қасында ешкім болмаған.

Полицейлер оның 51 жастағы Галина Горанская екенін анықтады. 1-ші топтағы мүгедек. Қос аяғы жоқ, құлағы естімейді. Қазір ол тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған орталыққа орналасты. Мұнда қалай тап болғанын өзі түсіндіре алмады.

Галина ГОРАНСКАЯ:

Мен ұлыма баруым керек болған. Ол мені жұмыста тосты. Мені Дима апаруы керек еді. Автобуста қалай жалғыз қалғанымды түсінбей қалдым. Балалар кеше мені жоғалтып алды. Іздеп, алаңдап отырған болар. Қалай хабарласуды білмеймін. Нөмірлері жоқ менде.

Орталық өкілдері Галина Горанскаяны жақсы танитын болып шықты. Айтуларынша, осы жерде жиі паналайды. 2016 жылдан бері осында үш рет түсіпті. Соңғы рет орталық мамандары оның құжаттарын реттеп жібергенін айтады. Ал, бүгін қызына хабарласқан. Бірақ, телефоны сөндірулі көрінеді. Балалары анасын іздеп қалар деген үмітте.

Гүлістан ЖАЙЫҚБАЕВА, ТҰРАҚТЫ МЕКЕНЖАЙЫ ЖОҚ АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сәуірден бері бұл кісіні біз көрген жоқпыз. Негізі 4 баласы да осы Галинаның арқасында өмір сүріп жатыр. Соның тапқан табысын өздеріне жұмсайды. Және де бұл кісіге дұрыстап қарамайды. Көрдіңіздер шашы өскен, тырнақтары өскен.

Автобус паркіндегілер қоғамдық көлікке әйелді белгісіз бір ер адамның отырғызғанын айтты. Заттарын ұмытып кету жағдайы жиі кездеседі. Бірақ, адамды әдейі қалдырып кету бірінші рет болған.

Ернар ҚОҢЫРХАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АВТОПАРК ДИРЕКТОРЫ:

Жүргізуші Шешев Темірғали деген көмектесіп, есігін жауып жүре бергенде ана ер адам жоқ мен ары қарай бармаймын деп түсіп қалады. Содан біздің автобус өз бағытымен жұмысын атқарып, соңғы аялдамаға дейін барады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Орталық өкілдерінің айтуынша, Голина Горанскаяның балалары мүгедектік үшін берілетін жәрдемақыға көз тіккен. Мемлекет тағайындаған қаржы-55 мың теңге. Орталық өкілдері ұлдары мүгедек жанды кейде қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлейтінін де айтып қалды.

Ә. Мұхитқызы