Ал, жоғары сапалы күріштің 60 пайызы шетелге экспортталса, қалғаны отандық нарыққа өтеді. Қызылордалық шаруалар депутаттарға осындай жағымды жаңалықты жеткізді. Ал, Павлодар өңіріне келген мәжілісмендер агроөнеркәсіп қарқынын байқады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімділікті арттырып, жаңа технологияға ден қойған.
Қызылорданың күріші, әсіресе, элиталық сорты ТМД-мен қатар Таяу Шығыс пен Еуропада сұранысқа ие. Биыл шауалар 5 мың гектар егін алқабынан 50 мың тонна күріш қамбаға құйған. «Абзал и К» компаниясы аймақтағы барлық шаруашылықты бағалы тұқыммен қамтиды. Тұз, минералды су, бал шығарып, жылыжайда қияр мен қызанақ өсіреді. Мәжілісмендер жұмыс барысын көріп, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының дамуына үлкен мән беріліп отырғанын айтты.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Елбасының Жолдауында ауыл шаруашылығын әрі қарай дамыту қамтылған. Осыған жылына 100 миллиард теңге қаражат бөлу қарастырылған. Қазіргі қаралып жатқан 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы қаражат көзі қарастырылып отыр.
Ал, Павлодар өңіріне келген депутаттар аймақта агроөнеркәсіптің қарқын алғанын атап өтті. Шаруалар мемлекеттік қолдау мен жаңа технологияның арқасында өнімділікті ұлғайтқан. «Аңдас» шаруа қожалығы көкөніс өсіреді. Биыл шаруашылық гектарынан 95 тонна картоп алған. Енді оны сақтау үшін, 20 мың тоннаға арналған қойма салынып жатыр.
Жанат ОМАРБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қойманы бұрынғы кездегі технологиямен салынып жатыр. Онда 5 пайыз шығын болады, тапқан өнімге. Сондықтан, соны тек инновациялық технологияны қолданып, сапасын көтеріп, сатқан кезде бағасын да сапасына сай келетіндей қылып жасаса.
Ақмола облысына барған депутаттар Покровка ауылының тұрғындарымен кездесті. 90 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен ауыл мектебінде болды. Мұнда партия жобалары аясында ашылған ІТ сынып пен робототехника кабинеті бар.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мектептің мұғалімдерінің еңбекақысы мәселесі, одан кейінгі жалпы мамандар даярлауға байланысты нақты-нақты шешімдер, оңтайлы сондай нұсқалар айтылды. Соның бәрі жүзеге асатын болса, мен ойлаймын бұл ең бірінші мынау сапаға, білім сапасына да біздің мамандардың сапасына да, өміріміздің сапасына да әсер ететіні ақиқат.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында депутаттар Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды. Бес әлеуметтік мәселені талқылады. Бұқараны алаңдатқан мәселелерді билікке жеткізуге уәде етті.
Ә. Мұхитқызы