Русский Сайттың толық нұсқасы

«Онда тыныстағанымыз үшін ақша төлейік!». Астанаға кіру ақылы болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2018
  • 3188

Астана шенеуніктерінің мынадай жоспары бар - қалаға кіруді ақылы қылу. Төлем таңғы және кешкі қарбалас уақытта жасалмақ. Кептелісті азайту үшін, дейді. Негізі, бұл бастаманың көтерілгеніне екі жыл өтті. Әлі де талқыланып жатыр. Бірақ қоғамнан қолдау табуы екіталай. Бірінші кезекте Астананың бауырында жатқан елді-мекендердің тұрғындарынан. «Өз елімізде тұрып, ауаны сатып алу ғана қалды» дейді, қала маңының жұрты. Расында, олар ауылда тұрғаны үшін кінәлі ме? Ауылда жұмыс жоқ. Оқу да қалада. Не істеулері керек? Сарыарқа төсінде, алты ай қыста қоғамдық көлікпен қатынау мүмкін бе? Автобусты күту уақыты аз, автобустардың техникалық жағдайы супер ме? Шенеуніктер әлемдік тәжірибе барын айтады. Алайда мысал ретінде келтіретін Норвегияда керісінше, адам саны артпаса да, қалаларға кіретін көлік саны артқан. Ал Сингапурда артық сүйем жер жоқ және халқы бай. Ақылы жол оларға шынымен керек және жұрт қиналмайды. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.

Бас қаланың бас проблемасына айналған мәселелердің бірі – көлік кептелісі. Астаналық атқамінерлер бұл проблеманы шешу үшін машинадан түсуді ұсынып отыр. Түспеген жағдайда артық ақша төлеуіміз керек. Ақылы жол әзірге алты бағытқа енгізілмек. Олар: Қорғалжын, Қосшы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Көкшетау бағыты.  

Бейбіт ЕСЖАНОВ, «АСТАНА LRT» ЖШС БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Таңғы сағат 7 мен 9 және кешкі сағат 17.30 бен 20.00 аралығы ақылы болады деп жоспарлап отырмыз. Бұған себеп - қалаға күнделікті 82 мыңнан аса көлік кіреді. Оның шамамен 17 пайызы – 13 500 көлік таңғы қарбалас уақытта. Біздің болжауымызша ақылы төлем енгізілсе, халық қоғамдық көлікке ауысады. Әлемдік тәжирибеге сүйенсек, Лондон секілді ірі қалалар кептеліс мәселесін осылай шешкен.

Ал қарапайым көпшлікке бұл әрине, тиімді емес. Қала маңындағы елді-мекендерде тұратындардың басым бөлігі қалада жұмыс істейді. Көшейін десе қаражат жеткіліксіз. Баланы мектепке апару мәселесі тағы бар. 

Қосшы тұрғыны:   

Мен осы «Лесная полянада» тұрамын. Өзім қалада жұмыс істеймін. Балам қаланың арғы басында оқиды, өзім мына басында жұмыс істеймін. Автобуспен таңғы сағат 7-де қаншалықты ерте шықсам да, не жұмысқа, не баламды сабағына апарып үлгере алмаймын. Және маған өзімнің жеке көлігімді қолданғаным ыңғайлы. Өзім қарапайым жұмыскер болғандықтан, кіріп-шыққан сайын ақша төлеген қолайсыз. Ал автобустар қыста жиі-жиі бұзылады, оны күтіп тұрып қалатын уақыттар да жиі кездеседі.

Қосшы тұрғыны:  

Балаларымның барлығы қалада жұмыс істейді. Маған жолдың ақылы болғаны ұнамайды, мысалы. Ақылы қылып не керек? Қаладан былай жүргеніміздің өзі де ақша талап етеді. Бізде оған расында да қаражат жоқ. Мұнда ылғи зейнеткерлер тұрады. Сондықтан оны ақылы қылу керек жоқ деп ойлаймын.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Ең алғаш ақылы кіру жобасы Сингапурде қолданылған. Оған себеп мемлекеттің аумағының тарлығы. Дегенмен қалаға қатынайтын халқы ақылы кіру жүйесіне аса бас ауыртпайды. Себебі тұрғындарының орташа айлық табысы айына 4 мың долларды құрайды. Осылайша әлемдегі экономикасы мықты елдердің тәжірибесін алып, біздің елге енгізу қаншалықты ақталмақ?!   

Маркус ХОЛМЕМО, НОРВЕГИЯ ТҰРҒЫНЫ:

Норвегияның бірнеше қаласына көлікпен кіру ақылы. Қарапайым халық көп жүретін жолдарда ақылы жолдардан бөлек, қосымша тегін жолдар да қарастырылған. Дегенмен халық бұл шешімге разы емес. Осыған дейін де бірнеше мәрте көлік жүргізушілері наразылық білдіріп, ақыры билік бірнеше ақылы пунктерді алып тастаған болатын. Негізі, бұл жүйе қай мемлекеттің болмасын халқының қалтасына батады. Сондықтан мұндай шешімді қабылдау үшін халықпен санаса отырып ортақ шешімге келген дұрыс деп ойлаймын.  

1 қазаннан бастап Норвегияның мұнайлы астанасы Ставангер қаласының айналасында жаңадан 38 төлем жинау апараттары жұмыс істей бастауы тиіс болған. Бірақ 1 қазанға қараған түні бес төлем пунктінде біреулер камералар мен транспондерлердің есептегіштері ілінген бағаналарды ашып, барлық кабельдерді қиып тастаған. Ал біздің елде наразы жұртқа нанымды аргумент келтіріліп жатыр ма?   

Осло қаласына ақылы кіру жүйесі іске асырылғаннан кейінгі нәтиже қалай болды? Тұрғындар өз көліктерін тастап, жолаушылар көлігіне отырды ма? Ол үшін статистикалық мәліметтер жүктелген графикаға назар аударсақ: 2012 жылы 242 мыңнан асса, былтыр 247 мыңға жеткен. Мемлекетте адам саны көбеймесе де өзінің көлігімен қатынайтындардың саны артып отыр. Яғни, кептелісті қалаға кірер бағытты ақылы қылу арқылы шешу мүмкін еместігін дәлелдейді.  

Үлгі қылған Сингапурда жер көлемі аз болғасын сөйткен және халықтың тұрмысы жақсы. Алайда ауқатты Норвегияда тиімділік онша байқалмады және жағдайы жақсы болса да, тұрғындары наразы. Ал біздің шенеуніктердің есептері дәл болып шыға ма?  

Денис ДЖИВАГО, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Қалаға ақылы кіру - адамның еркін жүріп-тұру құқығын шектеу болып табылады. Оған көз жеткізу үшін азаматтық құқықтар туралы пактіге жүгінудің де қажеті жоқ. Конституциямызда ашсақ, сонда көрсетілген - адамның жүріп-тұру еркіндігі тек сот шешімімен ғана шектеледі. Жалпы әкімшіліктің бұл идеясы қай жағынан алып қарасақ та ақталмайды. Лондон, Сингапур секілді қалалардың экономикасы біздің елдегіден жоғары. Ал қала сыртында тұратындардың одан басқа да проблемалары жетерлік. Соларды шешудің орнына олардан тағы ақша алғалы отыр. Қала тұрғындары қала ішінде тегін қозғала алады. Ал қала сыртындағылар онда кіру үшін ақша төлеуі керек. Бұлай болатын болса қоғамда бөліп, алалау күшейеді.   

Сонымен бірге Астана бауырында жатқан ауылдың тұрғыны айтпақшы, Сарыарқаның аязды-боранды қысында қалаға қоғамдық көлікпен қатынау оңай ма? Байтақ жеріміздің жолдарын кеңейтіп, жаңа жолдар салса болмай ма? Әлеуметтің тіршілігін қолайлы ететін аса маңызды шаруаларға бюджет қаржысының жетпей қалатыны жаман...

Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт»