Русский Сайттың толық нұсқасы

30 мың теңге жалақы... «Көкек ұясының үстімен ұшу». "7+1" спектаклі

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2018
  • 3614

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының артистері төрт жылдан бері жылусыз отыр. Негізі 1934 жылы қаланған қара шаңырақ 4 жыл бұрын жаңа ғимаратқа көшкен, ал құрылыс дұрыс жүргізілмеген – сахна мен зал жылусыз қалған.   

Бибігүл МАДАЛИЕВА, ТЕАТР АРТИСІ:

Қыстың күні біз жаураймыз. Біз жаздың кезіндегі спектакльдерді ойнаған кезде жазғы костюммен ойнап, жаурап, кішкентай ғана біздің жалақымыз емделуге де жетпей қалатын кездер болады. Қаншама көрермендеріміз келіп, жаурап, сол спектакльдің басынан аяғына дейін 1,5 сағатты спектакль бар, 2 сағаттық спектакль бар, соның аяғына дейін шыдамай шығып кетіп жатады.

Актерлардың көбісінің айлығы 30 мыңнан сәл асады...

"7+1". Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың қойылымы туралы. Кен Кизидің әйгілі «Көкек ұясының үстімен ұшу» романының желісі бойынша қойылған спектакльдің бас кейіпкері Макмерфи еркіндік сүйгіш, жаны нені қаласа, содан еш іркілмейтін көңілді жігіт. Оның жүрегінде мейірім мен әділеттілік ұялаған... Жындыханаға түскен Макмерфи ондағы барлық билік бас медбибі мисс Ретчедтің уысында екенін түсінеді. Ол жұртты «отырса опақ, тұрса сопақ» қылып ұстайтын әйел. Тіпті бас дәрігердің өзі мисс Редчедтің айтуымен жүреді. Мұндағы адамдар жүйке дертінен шалдыққандар болып саналғанымен, бірақ оларды шетінен тегіс жынды санау қате екенін Макмерфи білді. Ол емханада темірдей тәртіп орнатып, өзгелердің еркін өзіне тұтас бағындырып қойған мисс Редчедке қарсы ымырасыз күрес ашады...

Белгілі публицист Шархан Қазығұлдың фейсбуктегі «Қырандар төбеге қонбайды» деген рецензия-жазбасынан үзінді алдым.

...Мықты театр майда тақырыпқа бармайды. «7+1» спектаклі қоғамдық сананы оятатын шығарма ретінде сахнаға шығарылғаны театрдың беделін бұрынғыдан да арттыра түсті. Театрдың адамгершілікке тәрбиелеумен қатар енді қоғамдық ой қозғаушы, қоғамдық пікір қалыптастырушы функцияларына қарай қадам басқанына қуанбау мүмкін емес.

...Басты рольді сомдаған Нұркен Өтеуіл премьер-актер дәрежесіне көтерілген тұлға екенін тағы танытты. Персонаждың логикасына сай іс-қимыл үндестігіне қол жеткізе алған Нұркен актерге ең алдымен қажет мимика, сөз, қимыл, интонация, пластика, импровизация сияқты көптеген компонентерді игерудің апогейіне жеткенін аңғару қиын емес. ...Партнерлеріне ерекше ықпал жасай білетін Нұркен режиссердің ойнау кеңістігін ойлау кеңістігіне айналдыру жөніндегі ең басты тапсырмасын орындап шыққанына көрермен орнынан тұрып қол соқты.

...Жалпы спектакльге тартылған актерлердің барлығы да өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіне толықтай еніп, толыққанды аша білгенін аузымызды толтырып айтқымыз келеді.

Театрға – респект! Көрерменнің көңілінен шығуды бәрінен бұрын ойлайтын труппа ешқашан шыққан биігінен төмендемейді. Иә, қырандар төбеге қонбайды. Өздеріңіз көтерген осы планкадан түспеңіздер,- деген. 

"Көкек ұясының үстімен ұшу" романын оқыған Ақерке Бектас "7+1" барып көрді.

Қатып қалған қасаң қағида, ескі сүрлеу, енжар еркіндік һәм тәуелділік. Бұл дүниелер бойыңыздан табылып жатса, қоғамға сыймай қалуыңыз ғажап емес. «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр»,- дейді. Ал қоғамың қисық болса қалай түземек керек? Өлара шақтан шаршағандардың шерменде күйін кім түсінсін... 

 «Өздеріңізді сыпайы ұстаңыздар» деп қояды. Өзі сыпайы бола ала ма екен осы кісі?- дейді ашуға булығып.

Бұл америкалық жазушы Кен Кизидің «Көкек ұясының үстінен ұшу» романы желісінде сахналанған қойылым. «7+1». Қазақ тіліне аударған Әлімбек Оразбеков. Жарты ғасыр бұрын жарық көрген шығарма дерсіз... Алайда көрермен одан бүгінгі заманның келбетін табады.

Ержан НҰРЫМБЕТ, АКТЕР:

Өйткені біздің қоғам сондай ғой, өзіне ұқсамайтын адамдарды шығарып тастайды, түсініксіз нәрсені лақтырып тастайды. Ол сондайдан әбден теперіш көрген адам. Мұндағы образдардың бәрі сол қоғамға сыймай келген адамдар. Менің жасап жүрген образым ол өмірде өте жұмсақ адам. Ол ешкімге ұқсамайтын нәрселер жасайды. Бірақ сол үшін ол өмір бойы таяқ жейді.

Иә, тобырдан бас көтеріп шығып, ағысқа қарсы жүзем деген адам өмір бойы таяқ жейді. Тіпті, сау басына сақина тілеп, жынды болуға тәуекел етеді. 7+1. Жындыханадағы жетеуге бір сау адам қосылса, немесе ол өмірге өзгеше көзқараспен қараса не болмақ? Бас кейіпкер МакМерфи сүрлеуді бұза ала ма? Отпен ойнап, опық жеп қалмай ма?

- Сендердің жиналыстарың үнемі осылай өте ме? Құс ауласындағы қырғынға ұқсайды екен. Бір қора тауық араларындағы қансыраған тауықты көрсе, бәрі жабылып шоқи бастайды. Қанатына дейін, сүйегіне дейін. ..

Нұркен ӨТЕУІЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Сау бола тұра жындыханаға торыққан адамдар туралы айтады. Кей кезде жындылықты біз сау адамнан көріп жатамыз. "Шын бақ деген не?" - деп сұраған кезде, - "Еркіндік!" - деп жауап берген. Шынымен, бақытты адам еркін өмір сүреді, тәуелді болмайды. Ал біз «тәуелсізбіз, еркінбіз» деп жүріп, шынайылықтан шатасып, ақиқаттан адасып жататын кездеріміз болады.

Әлімбек ОРАЗБЕКОВ, РЕЖИССЕР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Қалыптасып қалған күн тәртібіне, әбден бұйығып қалған дүниеге жаңадан ауа, жаңа леп кіргізеді. Өмірге басқаша қарап, өздерімен өздері өлім үстінде жатып, жағдайы ауырлап келе жатқан адамдардың өмірге деген құштарлығы оянып, күресуге дейін барады.

Кен Кизидің романы желісінде 75-ші жылдары түсірілген фильмді де көрген боларсыз. Басты кейіпкер Патрик МакМерфиді атақты актер Джек Николсон сомдайды. Фильмді де, спектакльді де көрген соң, санаңның сонау бір түкпірінен бұлқыныс, мүмкін бір сілкініс сезімі саңылау таппай сандалып жүреді.Кейіпкерге ұқсап қатып қалған қалыпты қиратқың келгендей ышқынасың. Ал сенің бұл бақытты, бостандық іздеген болмысыңды бес минут сайын бұғаттап тұратын «медбике» бар.

- Билли, почему ты хотел на ней жениться?

- Я ее любил.

- Твоя мама сказала, что ты никогда не говорил об этом.

- Мисс Рейдчер, зачем вы давите на него? Почему бы нам не заняться чем-то другим?

- Смысл нашего собрания, мистер Чезвик, «терапия».

 

- Жауап бер, Билли! Біз күтіп отырмыз.

- Осының бәрі анамның сөзінен кейін басталды. Мен анамды көрсем күйзеліске ұшыраймын.

- Мисс Рейдчер, сіз неге Биллиге тиісе бересіз? Сіз неге оған қысым көрсетесіз? Сіз оны неге қинайсыз?

- Мистер Чезвик, біздің мақсатымыз «емдеу топтық терапиясы»! Осыны жадыңызда мықтап түйіп алыңыз!

Жанат ОСПАНОВ, АКТЕР:

Билли Бибитке кез келген уақытта шығып кетуге болады мына жақтан қоғамға, өмірге. Бірақ ол шықпайды. Өйткені оған сол жындыханада сол кейіпкерлермен өмір сүрген ыңғайлы. Оны түсінеді. Ал қоғамға шықса, оны ешкім түсінбейді, қабылдамайды.

Ержан НҰРЫМБЕТ, АКТЕР:

Қоғам кез келген нәрсені жұтып қояды. Өзгеше нәрсені, өзіне ұқсамайтын нәрсені жұтып қояды. Әйтпесе лақтырып тастайды. Қоғам солай, қазір де солай!

Рас, бұл жүйе ішіңде, сыртыңда, айналаңда бар. Тіпті кез-келген кейіпте төніп тұрады. Топтан шығармай, қақпайлап кіргізіп, қалыпқа салады. Қойылым идеясының кереметі де осы тұс. «Дертіңді емдейді» деген дәрігер әзәзіл ме дерсің...

Алтынай НӨГЕРБЕК, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Қашан да демократияға құштармыз. Ойымызды ашық жеткізгіміз келеді. Бірақ ерікті болу қазіргі заманда, болмаса бұрынғы заманда оңаймен келмеген. Еріктілік, сананың еркіндігі және өз әрекетіңнің еркіндігі бұл сөздерде үлкен маңына, ұғым бар. Еріктілік тек дарақылық деп қабылдап жатамыз. Алайда, ол олай емес.

Осылайша олар жетекке жүргізген жетеудің жанына сегізіншіні қоспаққа жанталасты. Алайда, МакМерфидің өр рухы жетеуді бұғаудан арашалап қалған жоқ. Өмірге өзгеше қарайтын ол өзінің батыл, бірбеткей болмысын жоғалтып алды...

Спектакльден өзгергің келмейтін өзіңді көресің. Өзгеру үшін өлуге бар өзгені көресің. Өзіңді мазалаған мәселемен бетпе-бет келесің. Сірә, көрермен осыны ұққандай. Қошеметтен білінді.

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»