Еліміздің батысындағы Қазақ-Ресей шекарасынан жүк көліктері екі күннен бері өте алмай тұр. Шекарада бірнеше күн уақытын жоғалтқан жүргізушілер тексеру ісіне өзгеріс енгеніне наразы. Ал, жауапты сала өкілдері шекарадағы іркілісті жыл сайын қайталанатын үйреншікті құбылыс деп отыр. Тілшіміз жалғастырады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Біз қазір шекараның Қазақстан жақ бетінде тұрмыз. Кезегін күткен жүк көліктері бірнеше шақырым аумақты алып жатыр. Ал, көлік иелері бұл кептелістің әлі қанша уақытқа созыларын білмей отыр.
Шымкенттен жүзім тиеп шыққан Раушанбек Мәскеуге ертең жетуі тиіс еді. Бірақ шекарадағы кептелістің кесірінен бір күнге кешікті. Енді тауарым бүлініп, жүзім ағып кете ме деп уайымдап отыр.
Раушанбек ЖҰМАҚАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
Біраз уақыт болды тұрғаныма. Түнгі екіден осы уақытқа дейін 12 сағаттан асып кетті-ау шамасы. Бізге, әрине, қолайсыз. Клиентке тезірек жеткізу керек жүзімді. Скоропорт қой ол.
Уайымға батқан жүргізушілер мұны шекарадағы тексерістерге енгізілген өзгергеністен көреді. Яғни, 22 қазаннан бастап жүк көліктерінің құжаттарын мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тексеріс бастаған көрінеді. Айтуларынша, ішкі нарықты қорғауды көздеген орган қосымша құн салығын төлемей, тауар таситындарды әшкерелемек. Бірақ, мамандар бұл кептеліске не себеп болғанын айта алмады.
Бейбіт АЙТЖАНОВ, БҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ ЭКСПОРТТЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Кептеліске не себеп болғанын айта алмаймын. Өйткені, Қазақстан ғана емес, Ресей жағынан да көліктер өте алмай жатыр. Бұған Мемлекеттік кірістер департаментінің кінәсі жоқ. Өйткені, қызметкерлеріміз әрбір жүк көлігін тексеруге 1-1,5 минут қана жұмсайды.
Жүк көліктерінің ел шетінде кідіргенін шекарашылар да мойындайды. Олардың сөзінше, бұл-жыл сайын қайталанатын маусымдық құбылыс. Әрі өткен аптамен салыстырғанда шекарадан өткен көлік саны 500-ге азайған. Сондықтан, шекара бекетін сегіз жолақты етіп ұлғайтса, кептеліс болмасына сенімді. Ал, арнайы мониторингтік топ өкілдері жаңа қаулы қабылданғанда сыбайлас жемқорлық қаупі ескерілмегенін айтады.
Алдан МЕНКЕЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРНАЙЫ МОНИТОРИНГ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл қосымша тексеру сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Өйткені, шекарашылар мен тексерушілер өзара келісіп, жүкті еш жерде көрсетпеуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін шекарашылар осыған дейін қолданып келген жүйеге қосымша дерек енгізсе жеткілікті. Сонда салықшылардың да қажеті болмас еді.
Енді арнайы мониторингтік топ өкілдері бұл мәселені республика деңгейінде көтермек ниетте. Өйткені, бұл жағдай ел аумағындағы шекара бекеттерінде қалыптасып отыр.
Е. Карин