Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда көпір жөндеу жұмыстары басталса да, тұрғындар үйлерінен көшпейміз деп отыр

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2018
  • 2423

Оралда көпір жабылып, көлік қозғалысы тоқтады. Бірақ, өткел маңындағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшпеген. Осыған дейін хабарлағанымыздай, қаладағы көлік өткелі күрделі жөнделетіндіктен, жергілікті әкімдік көпір түбіндегі баспана иелеріне көшуді талап еткен. Әкімдік уақытша тұратын үйдің шығындарын да өз мойнына алған. Бірақ, тұрғындар мұнымен келіспей отыр. Айтуларынша, іргетасы жоқ ескі үйіміз ауыр техниканың әсерінен қирап қалады деп қорқады. Дегенмен, жөндеу жүргізілетін жерде судың ажыратылғанын айтқан тұрғындар енді газ бен электр жарығы да өшіріле ме деп алаңдаулы.  

Асылхан ҚАЗМУЛЛИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қала әкімімен келісе алмағасын, жағдайымызды түсіндірейік деп облыс әкіміне жазылғанбыз. Екі әкімнің жауабы екі түрлі. Біз соны түсінбедік. Бірақ, кеше облыс әкімі бізге айтты: трехсторонний договор береміз, егер келіссе қол қойыңыз деп. Бірақ, уақытша көшуге келісе алмаймыз. Екі жылдың ішінде мына жердің бәрін қазір уже қазып бастап жатыр. Жаңа келгенде үйде су жоқ, суды айырып тастаған. 

Гүлнұр КАЗИМОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Ең бірінші бізге тұрақты үй берсін, содан кейін бүкіл жұмыстарды бастай берсін. Біздердің үйіміз өте азып, тозығы жеткен үйлер. Олар құлайды, любой жұмысты көтере алмайды. Жерді соққанды, свай құйғанды, стойка қойғанды барлығын да көтере алмайды. Бірақ, біз сол кісілерге қанша күн болды, он күннен бері кездесіп жүрміз. Бірақ, ешқандай ақырғы шешім жоқ біздер жөнінде. 

Осыған дейін Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев көпір тұрғындардың қарсылығына қарамастан, бәрібір жөнделетінін мәлімдеген еді. Өйткені, салынғанына жарты ғасырға жуықтаған өткел апатты жағдайда. Нысанды екі есе үлкейтіп салуға 5 миллиард теңге жұмсалмақ.   

Е. Карин