Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Астанаға ресми сапар жасаған, ТМД премьер-министрлерінің отырысына қатысқан. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. «Біздің екіжақты қарым-қатынастар үлгілі, бізге соны сақтау керек», деген. Ресей премьерінің жауабы: «Қазақстан Ресейдің стратегиялық әріптесі және одақтасы. Біздің байланыстар ауқымы мен тереңдігі жағынан ерекшеленеді, бұл ең жоғары басшылықтан, үкіметтер мен бизнес-қауымдастық арасындағы қарым-қатынастардан көрінеді».
Д.Медведев Астана сапарының алдында Украинаға қарсы санкциялар тізілген қаулыға қол қойды. Бұл Украинаның Ресейге салған санкцияларына қарсы жауабы деп түсіндірілді. Ресей тізімінде 322 адам мен 68 кәсіпорын бар. Негізінен жетекші саясаткерлер. Мысалы, Украинада алдағы жылы өтетін президент сайлауына қатысатынын мәлімдеп үлгерген сол баяғы Юлия Тимошенко бар. «Еуроньюс» арнасының хабарлауынша, келесі аптаның соңында бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 100 жыл толуына орай Парижде өтетін шараларға Путин де, Порошенко да барады. Олардың кездесуі неғайбіл. Ал жүздескен күннің өзінде бір нәтиже беретіні күмәнді.
Ал Киевке барған Германия канцлері Ангела Меркель Минск келісімінің орындалмай отырғанын Мәскеуден көретіндерін білдірді. Берлин Ресейге қарсы санкциялық саясатты әрі қарай да қолдайды, деп. Меркель: Донецк пен Луганскіде өтетін сайлауға өте сыни қараймыз, олар Минск келісімдерінің мазмұнымен қабыспайды, деді. Осы, өздерін өзі бөліп, «дербес елміз» деп жүрген аймақтар басшылары мен парламентін сайламақшы. Ол жоспарды Мәскеу қолдайды.
Тоқталатын тағы маңызды деталь – Германия канцлері Ангела Меркель Христиан-демократиялық одақ жетекшісі қызметінен кететінін мәлімдеді. Ал себебін сол Украина сапарында түсіндірді. «Жас саяси лидерлер жауапкершілік алып, көзқарасын білдіріп, партияны келесі сайлауға дайындап үлгерулері керек», деген ол, украин студенттерімен кездесуінде.
Дегенмен 2021 жылғы сайлауға дейін Германия үкіметінің басшысы болып қала беретінін хабарлады. Еуропалық ақпарат құралдары Ангела дәуірінің аяқталып келе жатқанын жазады. Германияда мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін, деп. Соңғы уақытта Меркель жетекші ететін партия да, партияның одақтастары – социал-демократтар да Германия аймақтарында өтетін сайлауларда оңды дауыс жинай алмай жүр. Соңғысы - Гессен аймағында өткен сайлауда Христиан-демократиялық одақ бұрынғымен салыстырғанда 11% аз дауыс алған.
64 жастағы Ангела Меркель ХДО партиясына 2000 жылдан бері жетекші. 2005 жылдан бері Германия канцлері. Оның басшылығымен партиясы парламенттік сайлауларда төрт рет жеңіске жетті. Бірақ үкімет жасақтау үшін басқалармен ылғи коалициялық келісім жасауға мәжбүр болды. Сарапшылар Меркельдің жоғары рейтингісі 2015 жылғы миграциялық дағдарыстардан кейін төмендей бастағанына тоқталады. Германия Таяу Шығыстан қашқан миллионнан астам босқынды қабылдады. Бұл қарсыластары ғана емес, қарапайым сайлаушыларға да ұнай қойған жоқ. Әлеуметтік проблемалар, саяси экстремизм тереңдей бастады.
Ангела Меркель сияқты Германияда ұзақ жыл канцлер болған Конрад Аденауэр мен Гельмут Коль сәтті карьераларының соңында сәтсіздікке ұшырады деп, еске алады батыс ақпарат құралдары. Сайлаушылар ғана емес, партияларының ішінде де көңіл толмаушылық артқан.Ангела Меркель «канцлер болып тумағанымды үнемі есімде ұстадым және билікте абыройымды сақтай жүріп, биліктен де абыроймен кеткім келді», деген.
Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
Өзі басқарып отырған Христиан демократиялық одақтың басқа да мүшелері, жаңа буын өкілдерінің келе жатқаны, олар да бәлкім кейбір мәселелерді қойып отырған болар. Ішкі қысым, ішкі бәсекелестік бар деп ойлаймын. Жастар да шықсын, басқа да балама күштер ерік жігерін білдірсін дегеннен шыққан болу керек. Демокртаия тұрғысынан таңғаларлық ешнәрсе жоқ. Автократиялық мемлекет емес. Демократиялық мемлекет. Меркель батысшы болды. Кезінде Шредер Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болды. Сол үшін түрлі әңгіме туды. Бірақ кім келсе де, Германияда саяси сабақтастық сақталады.