Русский Сайттың толық нұсқасы

337 мың теңге зейнетақы алу үшін қай жерде жұмыс істеу керек?..

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2018
  • 3225

Тенгриньюс порталы «Финпотребсоюз» деген ұйымның басшысы Айдар Әлібаевтен «337 мың теңге зейнетақы алу үшін қай жерде жұмыс істеу керек және қанша жалақы алу керек?» - деп сұрапты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметі бойынша, елімізде ең жоғары зейнетақы көлемі 337 мың теңге. Сарапшының есебінше, 20 жыл үздіксіз парламент депутаты болып немесе мұнай-газ, қаржы салаларында, күштік құрылымдарда орта және жоғары звеноларда қызмет атқарсаңыз, шалқардың шенеунігі айтпақшы, бәрі «чики-чики» болады екен. Бірақ Әлібаев ондай қор жинай алатындар 2-3 процент ғана екеніне тоқталған. Мысалы, депутат 1 млн теңге жалақы алады, 100 мыңын зейнетақы қорына аударады, 20 жылда 24 млн теңге жиналады, + инвестициялық табыс бар - зейнетке шыққанында 30-32 млн теңге қоры болады. Жұмыс істейтіндердің басым бөлігінде зейнетақы қоры қомақты емес. Айдар Әлібаевтың есебі бойынша, 700 мың теңгеден 1 млнға дейін ғана. Ал біз сөзге тартқан экономист Мақсат Халық мына мәселеге тоқталды.    

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Зейнетақы қорындағы қаражат әрбір адамның өз қаражаты болғандықтан оның басқаруына, бақылауына алуына мүмкіндік жасалу керек. Өкінішке қарай, біз ол жақтағы қаражатты басқара алмаймыз. Біз аудардық, бітті. Ар жағын зейнетақы қорын басқарып отырған азаматтар, Ұлттық банктегі азаматтарға «өздеріңіз біліңіздер» деп қоямыз. Олар өздері инвестициясын жасайды, қаражатты айналымға шығарады, сөйтіп сізге «инвестициялық осынша табыс түсті» деп ақпарат келіп отырады, сол ғана. Бұл аз, менің ойымша. Белгілі бір дәрежеде егер сіздің қаржылық біліктілігіңіз болса, инвестициялық салым жасау және оны арттыра алу қабілетіңіз болса, ондай азаматтарға еркіндік беру керек сияқты. Сіз өз қаражатыңызды өзіңіз басқарыңыз енді деп...

Сонда әрбір азаматта қызығушылық пайда болады. Менде ана жақта қосымша қаражат жатыр. Соны ұлғайтсам болады екен ғой. Соның жартысын ұлғайтсам, оның жартысын бөліп қажылыққа барып келсем болады екен ғой деген сияқты мотивация болса, әр азамат қызығып ойланады, зейнетақы қорындағы жатқан қаражатқа. Қарапайым ғана Малайзияның өзінде қажылыққа барам десе, соған бөлінеді екен. Толық емес, әрине, бірақ барып келу, жолы бәріне. Ең қиыны зейнетке шыққанға дейін ештеңе істей алмайсыз. Менің ойымша ол ынталы болу керек, Қызықтыру керек, азаматтарды. Сіз оны ұлғайта аласыз. Сіз оны өзіңіз құнды қағаздарға салып қоясыз. Осындай мүмкіндіктерді берсе, өзі табыс табуға атсалысатын болады. Сонда үкіметті кінәлап шықпайды.