«Нұр Отан» партиясының бастамасымен елде 700 IT сынып ашылды. Бұл ақпаратты «НҰР ОТАН» партиясы саяси менеджмент академиясы директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет хабарлады. Партияның 1000 тегін IT-класс ашу жобасы 8-16 жас аралығындағы оқушыларға арналған. Мақсат түсінікті -оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру, қосымша секцияға баруға мүмкіндігі жоқтардың қалып қоймауын қадағалау. Сондай-ақ, химия-биология бағытында ғылыми зерттеулермен айналысуларына мүмкіндік бар. Ашылып жатқан IT сыныптар ағартушылықтың бір бағыты. Сонымен бірге жалындаған ұландардың мінезін қайрауға, талпынып-ұмтылуына ықпалдасатын орта да. Бақыт Рақметованың репортажы.
Азамат Қалдашев IT- сыныпта жарты жылдан бері оқиды. Аз уақыт ішінде ол түрлі бағдарламалардың тілін меңгеріп, ойындар мен анимациялық фильмдерді өзі де жасай бастаған. Азамат 10 ойынның сюжетін құрастырып, ойлап тапқан. Соның бірін Scratch бағдарламасы бойынша жақында өткен облыстық олимпиадада ұсынып, бірінші орынға ие болды.
Азамат ҚАЛДАШЕВ, №21 ОРТА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ 6- СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Бізге екі сағат ішінде ойын шығару керек болды. Мен зомби-апокалипсис тақырыбында ойын ұсындым. Бұл ойында зомби сиқыршымен күреседі, яғни жақсылық жамандықпен айқасады.
Бұл орталықта Азамат секілді сексенге жуық бала арман-қиялынан туған дүниелерді осындай ойындар мен анимациялық фильмдер арқылы жүзеге асыра алады. Оқушылардың қызығушылығы жоғары екені айтпаса да түсінікті.
Ерболат ДҰҒАЕВ, №21 ОРТА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
IT- сыныпта оқыған бала мықты маман болып шығатынына сенімдімін. Себебі программирование, 3D модельдеуді меңгерген бала болашақта мықты программист, инженер- технолог, жалғыз бұл ғана емес медицина саласында жұмыс жасайтын мықты маман болып шығатынына кәміл сенімдімін.
Бұл дәрістер болашақта қандай мамандық таңдаса да, балаларға үлкен көмек болатыны сөзсіз. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ашылған 25 IT- сыныпта мыңнан астам бала білім алып жатыр. IT мамандар балаларды 3D модельдеу, программалау, инженерлік сызба, робототехника салаларына баулиды. Балалар қарапайым алгоритмдерден бастап халықаралық деңгейдегі озық бағдарламаларды меңгереді.
Асылжан БҮРКІТАЛИН, «ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Күні кеше біз алғаш рет республикада «Скрейч Ақтөбе» модельдеу бойынша олимпиада өткіздік. Бұған барлық облыс мектептері қатысты. Жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық байқауға қатысуға жолдама алмақ.
Ал Батыс Қазақстан облысында ашылған 15 ІТ сыныпта, 1500 оқушы білім алып жатыр. Келесі жылы қосымша 50-ге жуық сынып ашу жоспарланған. Оқушылар әсіресе роботтар құрастыруға құмар.
Тоғжан ҚАЙЫРЖАНОВА, №44 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
Мұның детальдарымен жұмыс істеуіміз керек. Ал роботтың миын программалау өте қиынға соғады. Себебі ол жарықтың әсерінен, кейбір дорожкаға байланысты болады. Егер дорожкада кейбір кедергі болатын болса, ол робот кері бағдар береді. Ол жүрмей қалуы мүмкін. Әрбір датчик өзінің проводтарымен орналасуы керек. Егер бір жерден қате кететін болса, робот қайтадан құрастыруды қажет етеді.
Оқушыларға робот құрастырып, ерекшеленген әрине, ұнайды. Дегенмен бұл жай ойын емес, ойдың ұшқырлығы, ізденіс пен табандылық керек.
Бекболат БАЙХАН, РОБОТТЫ ТЕХНИКА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қызығушы балалар өте көп келеді. Бірақ тастап кеткен жағдайлар болды. Программалық жағынан, жазудан қиынсынатын балалар бар, программасын үйренуден. Кейбір балалар жарыстарға барғасын, нәтижеге жете алмай қалып жатса, орын ала алмай қалса, тастап кететін жағдайлар болады. Бірақ қай нәрсе де еңбекпен келеді.
Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар жобасы STEM академиясымен бірлесе іске асып отыр. Академия ұстаздардың білімін жетілдіріп, оқу- әдістемелік құралдар беріп отырады. Даярлықтар өткен оқытушылармен тікелей - онлайн байланыс орнатылған.
Мағжан ҚЫСТАУБАЕВ, STEM ҒЫЛЫМИ ДАМУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз онлайн-платформа арқылы барлығын бақылай аламыз. Балалар мен оқытушыларға логиндер мен профайлдер жасап, курстарға қай мектепте қанша бала жазылғанын біліп отырамыз.
Сауле БАҚТЫМБЕТ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ АКАДЕМИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жоба «Астана-хаб» IT – стартаптар халықаралық технопарк жобасымен интеграцияланады. Балалар сол технопарктің жобаларына қатысып, өз жұмыстарын көрсете алады. Сонымен бірге тағы бір жобамыз бар, ол «IT мамандарын дайындау» деп аталады. Яғни ай-ти сыныпта білім алған балалар нағыз маман дайындайтын келесі кезеңге оңай өтеді.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен елімізде жеті жүзден астам ІТ сыныптар жұмыс істеп тұр. 20 мыңнан астам бала технологиялар заманының мағынасын тереңірек ұғына бастады.
Бақыт Рахметова, Еркін Карин, Катерина Брынюк, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт»