Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда аяқ астынан ажал құшқан каскадердің өліміне не себеп болған?!

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2018
  • 3267

Алматыдағы танымал цирк әртісінің өлу себебін сан-саққа жүгірткен әлеуметтік желі қолданушылары жауапқа тартылуы мүмкін. Бүгін марқұм Қасым Жұмағожиннің туыстары мен әріптестері осындай мәлімдеме жасады. Өткен сенбіде қаладағы түңгі клубтардың бірінде шоу-бағдарлама кезінде қайтыс болған каскадердің өліміне қатысты полиция бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындады. Алдын ала болжам бойынша гимнастика шебері инфаркттен қайтыс болуы мүмкін. Марқұм бүгін жер қойнына берілді. Мәселенің мән-жайы келесі бейнетамериалда.  

Ришат АСҚАРБЕҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде ажал құшқан цирк әртісінің өліміне қатысты алып-қашпа әңгіме басылмай тұр. Әсіресе, әлеуметтік желілерде бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп жатқандар жетеді.

Ойын-сауық клубында түсірілген мына кадрлер қазір ғаламторды шарлап кетті. Инстаграмда пайда болған бейнежазбада беті қан-қан, ақ киімдегі адамның сұлбасы жіпке асылып тұр. Куәгерлердің айтуынша, бұл сенбі күні қайтыс болған каскадер Қасым Жұмағожиннің өзі. Мұны цирк әртісінің әріптестері де растады.   

Евгения ЛИ, «NOMAD STUNTS» ТОБЫНЫҢ PR МЕНЕДЖЕРІ: 

Бәзбіреулер жазып жатқандай, фотода немесе видеода көрсетілген арқан оның мойнына байланып тұрған жоқ. Ол костюмнің бір бөлшегі ғана. Оны киімінен арнайы ілгек ұстап тұрады. Қасым денсаулығына ешқашан шағымданбаған. Бірақ, каскадер болу стресс пен жүрекке қатты салмақ салатын кәсіптің түрі екенін ескерген жөн.

Қасымның әріптестері әртіс биіктіктен жерге түсірілген сәтте де тірі болғанын айтып отыр. Ол өзін жайсыз сезінген соң, ойын-сауық кешіне жиналғандар жедел жәрдем қызметін шақырған. Бірақ, дәрігерлер кәсіби цирк әртісінің сол жерде қайтыс болғанын анықтапты.  

Қасым Жұмағожин-тәжірибелі каскадер. Ол «Nomad Stunts» тобының құрамында Қазақстаннан тыс Голливуд кинолары мен Ресей туындыларында кәсіби трюктер орындаушлығымен танымал. Гимнастикадан спорт шебері 3 қарашада «Хеллоуин» мерекесіне орай шоу-бағдарламаға шақырту алғаны белгілі болды. Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша каскадер кешке жалданбалы түрде келсе, клуб әкімшілігі жауапқа тартылмауы мүмкін.  

  Сергей УТКИН, ЗАҢГЕР: 

Меніңше, клуб пен бұл әртістің арасында жазбаша келісім-шарт болғанына назар аудару керек. Егер, ол жеке өзі жалданып қызмет көрсетсе, клуб үшін жауапкершілік аз болады. Ал, еңбек келісім-шартымен жұмыс істеп жүрсе, бұл өлімге орай ойын-сауық кешенін толықтай жауапқа тартуға болады. Себебі, мұндай жұмысқа тартылғандардың өмірі сақтандырылуы керек.

Десе де, Алматы қалалық полиция департаменті бұл іс бойынша тергеудің жан-жақты жүріп жатқанын мәлімдеді. Кешенді сот-медициналық сараптама қортындысынан соң өлімнің нақты себебі анықталмақ.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Ал, марқұмның жары бүгін арнайы үндеу жариялады. Ол әртісті «Асылып өлді», «Біреу қылқындырды» немесе «Сақтандыру құралдары істемеген» деп дақпырт таратқандарды сотқа беретінін мәлімдеді. Оның ойынша, Қасым Жанғожин жүрек талмасынан қайтыс болған.

Р. Асқарбекұлы