Алматыда ота жасатқан әйелдің жамбас сүйегінің ішінде темір қалып қойған. Рентгендік кескіндемеде жілікке қадалған темір бұрғының басы екені анықталды. Айсәулет мұны ота жасаған мамандардың қателігі деп сотқа шағым түсірген. Ал, аурухана травмотлогтары оның адам денсаулығына еш зияны жоқ екенін айтып отыр. Десе де бұл-дәрігерлер қателігі ме деген сауалға Ришат Асқарбекұлы жауап іздеп көрді.
Айсәулет Айқын былтыр шілде айында №4 клиникалық ауруханаға жамбас ұршығына арнайы табақша қойдыратын операция жастады. Бала кезінен бір жамбасы кеміс болғандықтан, жоспарлы операциядан соң дәрігерлер оңалатынын айтады. Алайда, науқастың айтуынша, буын-буыны сырқырап, жағдайы нашарлай түскен.
Айсәулет АЙҚЫН, НАУҚАС:
Мен таң қалдым. Маған операция жамбасыма жасалса, неге менің тіземнің жоғарғы жағы саным ауырады деп ойладым. Бара бердім больницаға, бірақ ешкім мына дәріні іш, мына мазды жақ деп айтқан жоқ. Бірақ, мен бой бермедім, бірнеше рет рентген жасаттым. Соңғы түскенімде темірдің аяқ жағы көрініп қалыпты.
Рентгендік кескіндемеде жілікке қадалып тұрған темірдің бұрғының тісі екені анықталған. Өз көзіне сенбеген науқас адвокат жалдап, тәуелсіз сараптама жасатады. Сот-медициналық талдау болаттың операция кезінде сынып, сүйектің ішінде қалғанын дәлелдеп беріпті.
Тахир ҚАЛЫМНАЗАРОВ, ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ:
Операция кезінде медициналық сверлоның сүйектің ішінде қалғанын дәлелдеп бердік. Себебі көп деп тұрмын. Сверлоның сапасы әсер етуі мүмкін. Кейде врачтардың техникасы да болуы мүмкін.
Қалалық №4 клиникалық аурухананың дәрігерлері Айсәулет Айқынға ота жасалғанын растады. Ал, бұрғы пышағының сынып қалуы мың адамда бір кездесетін жәйт, оның адам ағзасына кері әсері болмайды деп есептейді.
Манарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, №4 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Арнаны жасағанда біз бұл жерді бұрғымен өту керек болды, бұрғымен өтіп келе жатқанда мына жерге қысылып қалып, басы сынып кетті, бұл науқасқа еш қауіпті емес. Менің жұмысым, келсін, қабылдаймын, түсіндіріп айтып беремін.
Айсәулет АЙҚЫН, НАУҚАС:
№4 больницаға келсем, бәрі мені өзімді кінәлады. Оларға барсам, шығарып жібереді. Қазір өзімді панасыз сезінемін. 60-70 жастағы апа емеспін қартайып тұрған, жаспын, ауырады, қақсайді, соған басым қатты ауырады.
Мұны дәрігерлердің қателігі деп түсінген науқас Түркісіб аудандық сотына талап арыз түсірген. Алғашқы сот процесінде травмотолог мамандар еш кінәлі емес екендерін айтты. Айсәулеттің адвокаты енді азаматтық тұрғыдағы шағымын қайтып алып, ертең қылмыстық ретпен прокуратураға арыз жазатындарын айтады.
Камшат ШІНТЕКОВА, АДВОКАТ:
Яғни, адамның аяғында дрельдің басының қалуының өзі медициналық дефект. Мұндай өрескел қателік болмау керек Адамның тағдырымен ойнауға болмайды деген ойға келіп, бір келісімге келіп, Айсәулетке көмек беріңіздер деп ұсыныстар айттық. Бірақ екінші тарап оған көнбей, келісімге келмегендіктен, істі бүгін біз қараусыз қалдыруды сұрадық. Ары қарай қылмыстық іс ашылғаны талап етіп, дәрігерлердің қателігін дәлелдеп шыққым келеді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Бізге аталған аурахана дәрігерлері Айсәулет Айқынды қайтадан қабылдап, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысатынын айтты. Істің немен тынарын енді құқық қорғау органдары анықтайды. Белгілісі - Айсәулет Айқынның аяғындағы бұрғының 4 сантиметр бөлшегін алып тастау мүмкін емес. Жілікті қайта шағып, операция жасауға мамандар жүрексініп отыр.
Р. Асқарбекұлы