Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәсіпкерлер салықтық амнистия экономикаға тың серпін береді деп есептейді

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2018
  • 3580

Алматылық кәсіпкерлер салыққа 20 млрд. теңге қарыз болып шықты. Салықтық амнистия мен шағын және орта бизнес үшін үстемеақылар мен айыппұлдарды алып тастау оларға қандай жеңілдіктер бермек? Кәсіпкерлер бұл уақытында жасалған қадам деп бағалап, үлкен үмітпен қарап отыр. Бұл әсіресе өндірістік салада еңбектеніп жүрген кәсіп өкілдеріне қолдау болады. Кейде бизнесмендер уақытында салық төлей алмай қиналады. Ал, мемлекеттік органдар бір теңге борышың болса да, кәсіпті тұншықтыруға дайын. Осыған орай экономика мамандары мен кәсіпкерлерді тыңдап қайтқан тілші тарқатады.  

Жас кәсіпкер Дулат Тастекеев өзінің алғашқы кәсібін осыдан үш жыл бұрын ашқан. Шағын қаржылық ұйым халыққа көлікті кепілге алып, несие берумен айналысады. Осы күндері бизнесмен аймақтардан 20-дан астам бөлімше ашып үлгерген. Кәсіп иесі салықты дер кезінде төлеуге асығатынын айтады. Десе де, қарызға кіріп кететін кездер болады. Ондайда фискальдық орган өкілдері бер теңге борышың қалса да есепшоттарды бұғаттауға әзір тұрады,-дейді кәсіпкер.  

Дулат ТАСТЕКЕЕВ, КӘСІПКЕР:  

Жалпы жиынтығы 300 млрд теңге салық төленбегенідіктен бұғатталып тұр деп жатыр. Мұны кәсіпкерлер төлеуге қауқары жоқ. Қауқары болса, төлеп қоюына болар еді. Бұл тарапта өсім мен айыппұлға жеңілдік беру бұл кәсіпкерлердің мемлекет алыдндағы қарызына жеңілдіктің 50 пайызына сайма сай келеді. Егер, ол жаңа жылдан жүзеге асса, кәсіпкерлер ортасына қайта оралады деп ойлаймын.

Негізгі салықтық қарыздардан тыс өсімақы мен айыппұлдарды кешіру сала мамандары арасында көп талқыланатын тақырып. Президент Жолдауда орта және шағын кәсіпкерлер үшін бастаманың маңызды екенін айтты.  

Қаржы министрлігінің мәліметінше, елде 90 мың кәсіпкер бюджетке 294 миллиард теңге салық есебінде қарыз. Оның ішінде 20 млрд. теңге алматылық кәсіп иелерінің мойнында тұр. Егер, Алматы бизнесмендері осы соманы жапса, өсімпұл мен айыппұл ретіндегі 14 млрд. теңген кешірілмек. Бұл келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге аса бастайды.  

Мұхтар ҚАЛМАТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БОРЫШКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫ:  

Негізгі қарыз қазір 21 млрд. теңеге жуықтады. Егер, осы берешектерді кәсіпкерлер биыл жыл соңына дейін толық өтесе, келесі жылдың басында олардың өсімақыларының бәрі жойылады. Ірі көлемде қарызы бар бизнесмендер де көп. Олардың алды 1 млрд. теңге, кейбірі 800,700, 600 млн. теңгеге дейін қордаланған салықтарын төлеуге асықпайды.

Танымал экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, салықтық амнистия осымен төртінші рет жарияланып отыр. Оны жиілете берудің өз кемшіліктері де бар. Салық төлеуге деген дестимулияция пайда болады. Яғни, ынталандыру болмайды.  

Меруерт МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ:  

Меніңше, бұл салықты төлеп отырған азаматтарға болсын, бизнесменге болсын ары қарай салықты төлеуге стимулын төмендетеді. Салықты уақытында төлеп отыру үшін салықты төмендету керек. Дер кезінде төлеп отыратындай.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Елімізде алғашқы салықтық амнистия 2001 жылы, одан кейін 2006-2007 жылдары, соңғысы 2014 жылы жүргізілген. Жолдауда мемлекет басшысы сондай-ақ, көлеңкелі экономикадағы қаражатты шығаруға қатысты нақты тапсырмаларда берді. Салалық министрліктер қазір бюджетке қомақты қаржат әкелетін нысандар үшін қолма-қол қаржы айналымын қысқартуға көшті.

Р. Асқарбекұлы