Мектеп мұғалімдері осы күзде кәсіби біліктілігін көрсететін тест тапсырып жатыр. Таңғалатын түк те жоқ - нарықта жалған тест кітапшалары сатылған. Ұлттық тест орталығы ондай фальш дүниелерге сенбеуге шақырады. Мұғалімдердің деңгейін біліп отырған дұрыс. Жекеменшік ЖОО-нан 100 мың теңгеге диплом сатып алатын мұғалімдер болатынын педагог профессорлардың өздері айтады. Бірақ сынақты оқу жылы аясында өткізген дұрыс па? Олардың жүктемесі онсыз да көп. Сонымен бірге үш тілде сабақ беру мәселесі. Физика немесе химия пәнін қазақ тілінде беретін мұғалім Ohm's law мен chemical reaction –ды жақсы түсіндіре ала ма? Қалай болып жатыр өзі? Еркін Каринның материалы.
Оңалбай АЯШЕВ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:
Жақсы мектепке дейінгі тәрбие беретін балабақшалар ай сайын 60 мың теңге, жылына балабақшада жүрген балаға 720 мың теңге төлейді екен. Ал біз 100 мыңға мектепке мұғалім болып баратын, математика сабағын беретін оқытушыларды дайындаймыз. Бәленің бәрі жоғары оқу орындарында. Не деген пәле? Олар сапасыз мамандарды дайындайды. Бар жерге барсаңыз, кім жаман – мұғалім жаман. Ал неге ол сабақ бере алмайды, неге оның кәсіптік білімі сапасыз? Осыған біз үңілдік пе?
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
«Мұғалім неге жаман?» деген сұрақты ұстаздардың өзіне қойдық. Қазіргі қоғамның таяғы ең көп тиген кәсіп иелері осы мұғалімдер секілді. Бейнетқор жандар өздері туралы айтудан бірден бас тартты. Өйткені жүйенің жетістігін емес, жетіспейтін жерін жіпке тізу оңай емес. Сондықтан сұхбат беруге келіскен маманның бетін бүркеп, тіпті даусын өзгертуге тура келді.
Әлима, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:
Мұғалім жаман емес, оның жұмысы ауыр. 80 мың теңге жалақы алатын болса, оның 20 мыңы қағазға кетеді. Класта 25 бала оқушы болады. ол 25 балаға 25 папка арнаймыз. Оның ішіне қағазын толтырамыз. Әр мұғалім 5 сыныпқа беретін болса, 7 пачка қағаз кетеді екен. Ол дегенің мұғалімнің қалтасына түсетін ақша.
Қоғамның қолбаласына айналған мұғалім мәртебесін көтеру үшін мемлекет басшысы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен оқытушылардың жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Осылайша бұл істі әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы анықтауды ұсынды. Бірақ көктем мен күзде екі кезеңмен өткізілетін бұл сынақ сабақпен қатар келеді. Азаннан кешке дейін мектептің "отымен кіріп, күлімен шығатын" мұғалімдер әзірленуге уақыт жоқтығын айтады.
Әлима, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:
Егер мұғалім тесттен өтпей қалатын болса, мектептің көрсеткіші пайызбен өлшенгендіктен, мектептің көрсеткіші төмен болады. Мұғалімнің соңына басшылар түсуі мүмкін. Ол өтпей қалған себебі, мүмкін ол сұрақты түсінбеген болар.1 балл жетпей қалса да, мұғалім өтпей қалады.
Жаңа бастама бойынша білім-білігін сынаған оралдық 2829 мұғалімнің 78 пайызы тестті сәтті тапсырған. Ал «құлап қалған» 22 пайызы сынақтан қайта өтеді.
Зәуре ҒҰМАРОВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл тесттен өткен мұғалімдер аттестаттаудың екінші кезеңінде өздерінің жаңағы құжаттарын, жұмыстарын саралау кезеңінен өтетін болады. Сәйкесінше, 1-қаңтардан бастап өздерінің жалақыларына әрбірінің деңгейінің белгіленген үстемеақысы бар, 30-50 пайыз үстемеақыны алатын болады.
Бұл - ағылшын тіліндегі биология пәні. Қойылған сұрақ та, берілген жауап та сол тілде. Кезінде көпшілік қарсы болған бұл бастаманы енгізу үшін оралдық 400 мұғалім екі жыл бойы тіл сындырған. Кейін тілді меңгеру деңгейіне қарай бірнеше топқа жіктеліпті. Яғни дарынды балаларға арналған білім ошақтарында химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшынша оқыту бағдарламаға енгізілген. Ал орта мектептерде әзірге факультатив түрінде. Алғашқы лектегі Абылайхан қазір ағылшын тілінде сабақ береді. Оқушыларды үйіріп әкету басында қиын болғанымен, қазір кәдімгідей төселіп қалған. Өйткені тілдің тиімді тұстары көп дейді.
Абылайхан ХАБДОЛЛА, СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №11 ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІНІҢ БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Халықаралық олимпиадаларға Қазақстан атынан қатысатын оқушылардың көп бөлігі ағылшын тілінде материалды меңгерген оқушылар. Біздің оқып жүрген орыс немесе қазақ тіліндегі оқулықтар сол ағылшын тілінен аударылған. Оны кітаптың ішіндегі мысалдарды оңай меңгертуге болады оқушыларға. Түрлі анимациялар көп. Қазақ немесе орыс тілдерінде оны таба алмаймыз. Ал ағылшын тілінде ақпарат көп болғасын, ол жеңілірек жеткізу.
Мектептегі әр сыныптың үздіктерден іріктелген өз «Форбсы» бар. Осы озаттар қатарындағы Жанботаның арманы - дәрігер болу. Ал ол үшін дәрігерлердің әліппесі - көне латын тілінен бастап, ағылшынша берілген талай ақпаратты түпнұсқасынан игеруге тура келеді. Жер бетіндегі 1,5 миллиард адамның осы тілде сөйлейтінін ескерген қыздар бәсекеге қабілеттілігін қазірден шыңдап жатыр.
Жанбота ТҰРҒЫНБАЙҚЫЗЫ, СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №11 ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІНІҢ 9 «Б» СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Мысалы, биология пәнін ағылшынша оқыған қазақ тілінде қарағанда оңайырақ келеді маған. Өйткені информацияны адамға түсіну оңай, терминдермен беріліп, әрі құлаққа да жағымды естіледі. Қазақша жазылған кітаптарда керек емес сөздер то-о-олып тұрады ғой. Соны сен оқисың. 10 бет, 13 бет болады. Ал сол параграф ағылшын тілінде 4-5 бет.
Рамина НҰРҒАЛИЕВА, СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №11 ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІНІҢ 9 «Б» СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Тереңдетілген материалдардың көбі ағылшын тілінде болады. Сол үшін көбіне материалдарды біз ағылшынша, ағылшыншадан жеңілдетілген түрі орысшада болады. Қазақшадан материалдар олимпиадада көп келмейді. Менің қазіргі деңгейім Абылайхан ағайдың деңгейінен сәл жоғары. Яғни 10 сыныпта мен дайын мұғаліммін деп айтуға болады. Яғни, мұғалімдердің білетін нәрселерін мен 8, 9 сыныптарда біліп аламын.
Оқушылар ағылшын тілінде өтетін сабақтың басты үш жетістігін санап берді: ақпарат толық беріледі, жеңіл қабылданады және әлем ғылым-ілімі ағылшын тілінде. Өйткені ғаламтордағы мәліметтердің 80 пайызы - ағылшынша, ал қазақша дерек жоқтың қасы.
Ерке БӘЙДІБЕКОВА, ОҚМПУ БАСТАУЫШТА ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
Үлкен проблема – оқулық дайындау. Ағылшын тілінде жазатын адам болуы мүмкін, бірақ ол математик болмауы мүмкін. Ағылшын тілінде жазатын маман болуы мүмкін, ол бірақ информатик болмауы мүмкін. Сондықтан пәннің өзінің теориялық негіздерін білетін және ағылшын тілін білетін адам керек мына жерде.
Ал қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы ше? Уақыт аралатып ақпарат құралдарында жарияланып жататын деректер "қазақша білім алу мүмкін емес" дейтіндерді одан сайын құтыртып, қалғанымызды ызаландырады. Сонымен бірге "балаға шет тілін үйрету бастауыштан емес, 6 немесе 7 сыныптан басталуы керек" деген пікір жай айтылмайды. Өйткені бала 12 жасына дейін қай тілде ойлап, сөйлесе, ол тілді өмір бойы ұмытпайды. Демек алаңдайтын дүние бар.
Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»