Русский Сайттың толық нұсқасы

Әкімнің бірінші орынбасары мен хоккейші «келісімшарты». Банкирдің миллионер жұбайы

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2018
  • 2497

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевтің «115 мың еуро пара алды» деп қамауға алынғаны ше?.. Өзімен «келісімшарт» жасасқан кәсіпкерге қызметін 400 мың еуроға пұлдаған ол, алғашқы «траншын» алғаннан кейін әуежайда ұсталған. Қомақты тапсырыс алып беру ғой, баяғы. «Время» газетінің мәліметінше, пара берген бұрынғы хоккейші, қазір бизнесмен словакиялық Ян Хован. Ол Аманғалиевпен бірге ұсталған. Ян мырза біздің еліміздің де клубтарында ойнаған, спорттағы карьерасы аяқталғасын мұздататын қондырғылар шығаратын компанияның құрылтайшысы болады. Кәсіпорын мұз айдындарына қажетті техника құрастырумен да айналысқан. Словакиялық бизнесмен Ақтауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мұз сарайын салуды ойластырған. 

Келесі деталь – Әзербайжанның Халықаралық банкінің бұрынғы президенті Жахангир Гаджиевтің әйелі Замира Лондонда ұсталған, кепілдікке 500 мың фунт төлеп, үйіне шығыпты. Гаджиева Ұлыбританиядағы шыққан тегі күмән туғызатын ақшамен күрес туралы заң аясында ұсталған бірінші шетелдік. Би Би Си-дің хабарлауынша, қылмыспен күрес жөніндегі Ұлттық агенттік Гаджиевадан 400 мың фунт стерлинг немесе 523 мың доллар тұратын зергерлік бұйымдарды тәркілеген. Замира ханымның Лондондағы Harrods дүкенінде 21 млн жуық доллар жұмсағанын, 28,5 млн доллар тұратын жылжымайтын мүлік сатып алғанын да білетін Британия өкіметі Гаджиевадан жұмсап жүрген ақшасының қайдан шыққанын түсіндіруді талап етіп отыр. Оның күйеуі Жахангир 2001-2015 жылдары Әзербайжанның Халықаралық банкін басқарған. 2016 жылы «алаяқтық жасады, мемлекет қаржысын талан-таражға салды, мемлекет қазынасынан миллиардтаған доллар жымқырды» деп айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін банкротқа ұшыраған бұл банкке былтыр біздің бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 71,3 млрд теңге инвестиция салғаны белгілі болған. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев аталған банктің қағаздары Әзербайжанның мемлекеттік құнды қағаздарына айырбасталды, сондықтан біз қазір Әзербайжан мемлекетінің инвесторымыз, деген...