Русский Сайттың толық нұсқасы

Қолжуғыштан жасалған тау бедері... Суретші Мелдібековтің көрмесі

  • AstanaTV
  • 10 қараша 2018
  • 3201

Суретші Ербосын Мелдібековтің Алматыда көрмесі өткен. Еңбектері ерекше саналатын художниктің қол жуғыштан жасаған инсталляциясы елең еткізді. Қолжуғышты төңкеріп, тау бедерлерін жасаған. Үстемдік еткен идеологияға сай атауын қайта-қайта өзгерткен шыңдар бар. Олжас Нұржақып жалғастырады.  

Қазақстандықтар әлі біле бермейтін Ербосын Мелдібековтың өнерін бүгінде бірқатар мемлекет мойындап қойған. Өйткені оның заман талабына сай туындыларын ұсына білуі, өткен дәуір көріністерін бүгінмен өздігінше байланыстыра алуы – ғажап дүние. Әсіресе құбылту, зілді кекесінмен әжуалау, әсірелеу арқылы бір қарағанда қарапайым көрінетін дүниелерге терең мағына береді.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

Мен көп сурет салмаймын. Ойлап табамын. Мысалы, біреудің істеген нәрсесін, біреудің дайын дүниесін алам да, соларға ойлап табамын. Концепция ойлап табамын. Мен уақытпен жұмыс істеймін.  

«Жас кезімде мүсіншілер жақсы ақша табатын. Соларға деген қызығушылық осы салаға алып келді» - деп ағынан жарылған ол, 1992-ші жылы Жүргенов атындағы оқу орнын аяқтағанында әлгі арманның бірден орындала қоймайтынына көзі жетеді. Талай байқауларға қатысады, бағы жанбайды. Бірақ оған суретшінің сағы сынған жоқ. Керісінше, іздене түсті. Нәтижесінде өнердің бір орында тұрмайтынын, заман ағымына сай дами түсетінін өз айналасына дәлелдеп отыр.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

Қазақстанның өзінің коды болу керек өнерде. Келген адам оған қызығу керек. Егер де бізге келіп музейге барса, онда «Московкий концептуализм», «Борис Михаилов екінші» болатын болса, олар қызық емес. Ал көшпенділермен, қазақтың историясымен байланысты, осы жердің Орталық Азияның темасымен байланысты қызық нәрсе болса олар қызығады. Олар есте қалады.  

Сан қырлы өнер адамына айнала білген азаматтың бүгінде қолмен салған дүниелері емес, керісінше дайын затты дамыта, өзгерте білген туындылары мойындатып отыр. Әсіресе қол жуғыштан жасалған инсталициялары бірнеше елдің галереясына қойылған. Қолжуғыштың түбін тауға айналдырған Ербосын, осы арқылы әр заманда үстемдік құрған биліктің идеологиясын ирониямен жеткіздім дейді.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

«Коммунизмнің» ең биік шыңы қай жерде? Орталық Азияда. Оның бұрынғы аттары болған «Мұзтау», тағы басқа қырғызша аттары болған. Сөйтті де олардың бәрін ауыстырды да «Пик Сталина», сосын «Пик Коммунизма» болды. Сөйтіп бір ғана шыңның өзі жеті рет ауысқан екен. Мен сосын ваннаны ұрып-ұрып таудың шыңдарын шығарамын. Сөйтем де біреусіне ат қоямын «Пик Коммунизм», «Пик Сталина», «Пик Сомани» деп. Бір тау ғой. Бірақ біреусінде шелек, біреусінде шара, біреусінде үлкен тағы бірдеңе. Сөйтіп ауысып отырады. Менікі ирония ғой, сол.  

Астарлы кекесінмен істелген тағы бір туынды - Ленин мүсіні. «Мутация» деп аталатын еңбек сәл мыжысаңыз бет формасы өзге саяси қайраткерге айналып шыға келеді. Одан бөлек суретші сандарға қатты көңіл бөледі. Міне, мынау сандар бейнеленген «бұзау» терісі. Біреуге бұл жай шимай болып көрінуі мүмкін. Ал өнер сүйер қауымға тұнып тұрған тарих.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

Әр рудың өзінің таңбасы болды. Оны көшпенділердің мәдениеті ретінде қолданып келген. Ал Сталин мен Гитлер статистика насилие ретінде қолдана бастады. Мысалы, Сталиннің кезінде түрмеге түскен адамды немесе біздің бір интелегенция өкілң болсын, жазықсыздан жазықсыз оның атын, бәрін өзгертеді де, оған номер қояды болды. Болды, оның аты жоқ, нөмірмен жүреді. Менде 40-50 шақты тері бар. Мен осы тері арқылы өнерімнің почеркін көрсеттім.  

Қабырғадағы тері зауытынан алынған жануардың жарамсыз терісі. Жаңа туылғанда салынған ен, өсе келе жайылып, көлемді санға айналған. «Таңба» деп аталатын суретші жұмысы биыл Сингапурде ұйымдастырылған суретшілер сайысында ақтық сынға өткен. Бас жүлдеге ілінбесе де, аталған елдің ұлттық музейіне қойылды деп марқаяды, Ербосын Мелдібеков.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

Сингапур мемлекеті музейінің жеке коллекциясы болып қалды. Көретін адам сол жерден көрсе болады. Өйткені музей менің жұмысымды сатып алды. Өте қуаныштымын. Әрине, біреулер бірінші, екінші орын алады, бірақ музей сатып алмауы мүмкін. Ал менің жұмысым музейдің жеке коллекциясында болады.  

Жаңашыл суретші Алматыда жақында қойылған мына арт мүсінді де жасаған. Балалар ойыншығы іспетті ағаш ат және арқасында қоладан құйылған бөксе бедері. «Ертоқымның пайда болуы» деп аталған жұмыс басында көпшіліктің күлкісін келтіргені рас. «Осы да арт жұмыс па?» деп сынап қарады. Автор бұл еңбек танымал суретші Рустам Хальфин мен философ Жанат Баймұхаметовті еске алып, құрмет көрсету мақсатында жасаған. Осы арқылы барлық дүниенің уақытша екенін көрсеткім келді, дейді.  

Ербосын МЕЛДІБЕКОВ, СУРЕТШІ: 

Мәңгілік... Мен айтамын тіпті памят те уақытша нәрсе. Мысалы, мен алдым да қара ағаштан жасадым. Уақытша материалдан жасадым. Естелікті де ирония ретінде. Әйтпесе бізде барлық жерде біреу атып жатыр, біреу өліп жатыр, кілең... Батырдың образын түсіріп жібердік.  

«Бәрі уақытша» деп уақытпен санасқан суретшінің басты ұстанымы - осы уақыттың үрдісіне үңіле білу. Қалтарыстан өнеріне қанат бітірер құрылым табу. Ирония мен сарказмді араластыра отырып. Әрине, сандарды сөйлетіп, қол жуғыш арқылы жасанды идеологияны әшкерелеген Ербосын мұнымен тоқтамақ емес. Әдебиеттен бөлінген әлемді ешкімге ұқсамай бейнелеу оның "ерттеп мінген тұлпары".  

Олжас Нұржақып, «Біздің уақыт»