«Нұр
Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ақтөбе
облысына сапары жалғасуда. Бүгін ол аймақтағы бірқатар шаруа қожалықтарының
жұмысымен танысты. Қазір өңірде егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруашылықтар
биыл ылғалдың мол екенін айтып, түсімнің жақсы боларынан үмітті.
Көкөніс егуді
кәсіп ететін «Мансұр» шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарлама арқылы 500 мың
теңге көлемінде субсидия алған. Бұл қаржыға жанар-жағармай мен сапалы тұқым
алыпты. Ал тауарлары жәрмеңкелерден жиі орын алатын «Өсербай» қожалығы да
мемлекет қолдауынан шет қалған емес. Шаруалар Жер кодексінің кейбір нормаларына
қатысты пікір білдірді. Олар, бірінші кезекте қараусыз жатқан құнарлы жерлер
нағыз шаруаларға берілсе, дейді.
Елтай
Өсербаев, Ақтөбе Облысы «Өсербай» шаруа қожалығының басшысы:
Жерді
3 жылға бере тұру қажет. Сосын ол адам жұмыс бастай ма, жоқ па - соны бақылау
керек. Егер 3 жылда ештеңе жасамаса, жер кері қайтарылсын. Мәселен, біздің
бұрын егін еккен жеріміз ескірді. Ал, қасымыздағы жерді ала алмаймыз, бос жатса
да. Осы жағы реттелу керек.
«Нұр
Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мал
шаруашылығы тіршілігімен де танысты. Ет
өңдейтін зауытта 4 мың бас ірі қара бар. Ашылғанына жарты жыл болған
кәсіпорынның құрылысына 2 миллиардтан астам қаражат жұмсалған. Оның 140 млны
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінсе, 1 млрд 580 млн теңге
«Казагроқаржы» мекемесінен. Алдағы 4 жыл ішінде бұл сома толығымен өтеледі
деген жоспар бар. Зауыт өз өнімдерімен тек елімізді ғана қамтамассыз етіп қоймай, көршілес Ресей мен Қытайдың нарығына
шығуды жоспарлап отыр.
Нұрлан
Сағыналин, Ақтөбе облысы «Ақтеп» ЖШС құрылтайшысы:
Қазақстанның
мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндігі бар. Көршілес Ресей мен Қытай сияқты
нарық бар бізде. Бұл екі ел жылына сырттан 3 млн тонна ет сатып алады. Осы
елдердің сауда сөресіне жету үшін, үкіметаралық келісімге қол жеткізу керек.
Мансұр ЕСҚОЖИН