Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау облысында электр қуатының бағасын 7 % төмендету жоспарланған

  • AstanaTV
  • 14 қараша 2018
  • 3104

Маңғыстау облысында электр қуатының бағасын 7% төмендету жоспарланып отыр. Бұл үшін өңірдегі мемлекеттік және электр қуатын тарату компаниялары ірілендіреді. Осылайша ортақ аймақтық электр тораптары компаниясына біріктіріледі. Жаңа бастама жөнінде келесі материалда.  

Бүгінде өңірдегі жылу мен жарықты және суды аймақтағы жалғыз кәсіпорын өндіреді. Қазір маңғыстаулықтар үшін электр қуатын арзандату жолдары көптен бері көтеріліп жүр. Алайда, газ бағасы қымбат болғандықтан жергілікті «Маэк-Казатомпром» серіктестігіне бағаны арзандату оңай болмады.  

Қыдырбай ҚАСЫМБЕКОВ, «МАЭК-КАЗАТОМПРОМ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бұл мәселе 1 шілдеден бастап өз шешімін тапты. Бірақ, әзірге мардымсыз-3,5% ғана төмендеді. Дегенмен, мұның өзі де үлкен жетістік. Сондықтан, тарифті ұстап қалумен қатар, аз да болса төмендеткенімізге ризамыз.

Биыл Маңғыстау облысында электр қуатының бағасы біртіндеп 17 пайызға төмендеген. Бұл жұмыстар ақпан, шілде және қыркүйек айларында кезең-кезеңімен жүзеге асырылыпты. Осылайша, Ақтауда әр киловаттың ақысы - 17 теңге 48 тиын. Енді энергетиктер тарифті келер жылы тағы 7 пайызға төмендетпек. Бұл үшін мемлекеттік және электр қуатын тасымалдаушы компаниялар бір кәсіпорынға біріктіріліп, ірілендіріледі. 

Нұрлан ОРЫНБАСАРОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Ақтау қаласына іргелес елді мекендерде тариф төмендетілді. Премьер-министр Сағынтаевтың Маңғыстау облысына сапары кезінде газдың бағасын төмендету жөнінде мәселе қойылған болатын. Газдың бағасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап төмендетілді 19,8 теңгеден 19,2 теңгеге. Соның нәтижесінде «Маэк-казатомпром» ЖШС жеке тұлғаларға тарифті 1,6 теңгеге түсірді.

Тағы бір жағымды жаңалық, 75 пайызға тозған энергокомбинат аумағында қуаттылығы 250 киловаттық бу-газы қондырғысы салынады. Бүгінде жергілікті әкімдік осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап қойған. Ендігі мәселе-құрылысқа қажетті 63 миллиард теңгені табу. Бірақ, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешілмек. Осылай деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір шенеуніктеріне азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қатар, білім беру және құрылыс материалдарының бағасын ұстап тұруды тапсырды. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін бірлескен шаралар жоспарын дайындауды ұсынды. 

Е. Карин