Русский Сайттың толық нұсқасы

Палестина мен Израиль... 725 мың араб, 10 мың еврей...

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2018
  • 9862

Осы күзде Палестина мен Израиль өшпенділіктің кезекті фазасына өткен. Ылғи солай ғой, бірақ 2014 жылдан бері бұлай ушықпаған еді. Осы аптада оқ атуды тоқтату туралы келісімге келді. Израильдің қорғаныс министрі Авигдор Либерман отставкаға кетті. Ол өз елі мен Палестинаның келісімге келуіне қарсы. «Бұл келісім және ХАМАС –н келіссөзді бастау террордың алдында тізе бүгу», деген Либерманның «Біздің үй Израиль» партиясы Нетаньяхудің коалициялық үкіметінің құрамынан шығады. Израиль билігі палестиналықтармен, дәлірегі ХАМАС ұйымымен келіскені рас. Египеттің ара-ағайындығымен. Биньямин Нетаньяху «біздің жауларымыз оқ атуды тоқтатуды жалынып сұрады», деген.   

ХАМАС ұйымы Газа секторына 2007 жылдан бері иелік етеді. Бұл аймақ Палестина ұлттық әкімдігінің құрамынан шығып қалған. Яғни ХАМАС Палестина ұлттық әкімдігімен де дүрдараз.

Арабтар осы қасиетті мекенде өмірі аяқталмайтын соғыс жүреді, Палестина жері тарылып, Иерусалимде жүріп-тұру қиын болады, дегенді ойлаған да жоқ. 70-ақ жыл бұрын. 1947 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаны екіге бөліп, екі мемлекет құру туралы қарар қабылдағаны мәлім. 1948 жылы британ мандаты аяқталып, екі тәуелсіз мемлекет өмір сүріп бастауы, Иерусалим халықаралық бақылаудағы аумақ болып саналуы тиіс етін. БҰҰ Палестина жөніндегі арнайы комиссиясы сол кезде Палестинада 1,2 млн араб, 600 мың еврей бар деп есептеген. Қай жерде кім көбірек тұрса, жер де соларға беріледі деген. Яғни арабтар басым аумақ Палестина мемлекетінің жері, еврейлер көп тұратын аудан Израиль мемлекетінің жері болуы керек етін. Алайда теңдік принципі әу бастан бұзылған –жалпы алғанда, Палестинаның 55 процентін еврейлерге беру жоспарланған. Би Би Си порталының жазуына қарағанда, 600 мың еврей тұратын жерлерде 400 мың араб өмір сүрген. 90 мың көшпенді бедуиндер болған. Ал Араб мемлекетінде 725 мың арабқа 10 мың ғана еврейден келген... Иерусалимге келсек, онда тепе-тең - 100 мыңнан орналастыру көзделген еді. Палестина жеріндегі қазіргі ахуал халықаралық құқықтың біреуге заң, енді біреуге жай қағаз екенін көрсетеді. Және екіншілердің солай қарауына жағдай жасалады...