Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұрлы жол»: Құрық порты Еуропаға ашылған қақпа!

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2018
  • 3095

"Нұрлы жол" стратегиясы туралы материалдар легін жалғастырамыз. Бұл жолы Құрық порты туралы.  

Құрықтан шыққан паромдар құрлық іздеп Әзербайжанға, Грузияға жүйткіп жатады. Босфор бұғазын басып, Түркиядан асып Еуропаға жетеді. Бір жылда теңізбен 6 млн тонна жүк кетеді. Мұның бәрі экономикаға оң әсер етеді. 2015 жылы іске қосылған портта қазір үздіксіз қозғалыс, үзіліссіз жөнелтулер. Орын тепкен жері – Каспийдің шығыс жағалауы, Ақтау портының оңтүстігі. Ауа райы да, мекен-жайы да қолайлы.

Бауыржан ОРЫНБАСАРОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Өздеріңіз білетіндей, соңғы 5-6 жылдықта геосаяси жағдайға байланысты Оңтүстік Еуропа мен Түркия арасындағы автомобиль ағыны күрт өсті. Сол ағын Грузия, Әеірбайжан елдерін кесіп өтіп, пароммен Ақтауға жетіп жатты. Ақтау порты 50 жылдан уақыттан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ ол теміржол, автомобиль паромдық жүктерін тасымалдауға қауқарлы емес еді. Өткізу пунктында «ылғи» кептелістер, проблемалар туып жататын. Сондықтан географиялық тұрғыдан өте ыңғайлы жерде орналасқан Құрық портын салу туралы шешім қабылданды.    

Маңыздысы – Қазақстан енді теңіздерге тікелей шығады. Кемелер парсы шығанағына еркін барады. Жүк жөнелтуге жүзге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарында да қаншама адам бар. Инфрақұрылым жетілдірілген. Кедендік рәсімдеу ғимараты, тексеру пункті, уақытша сақтау қоймасы, сорттау станциясы, әкімшілік үй, бәрі бәрі жаңаша үлгіде. Сарапшылар қолдағы бар осы стратегиялық нысандарды орынды пайдалансақ наны да берекелі болмақ, дейді.  

Жұмабек САРАБЕКОВ, ЭКОНОМИСТ:  

Құрық портының ендігі міндеті – порттың потенциалын үздіксіз өсіріп отыру. Себебі жүк тасымалы айналымын үш есеге көтеруге мүмкіндік жетеді. Қабілеттімін деп отыру аз. Тұтынушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру керек. Тапсырыс берушілер дәл осы маршрутты таңдайтындай артықшылықтар жасау қажет. Қазір біз Европаға тауар жөнелтуде басқалардан уақыт жағынан ұтып тұрмыз. Дегемен де теңіз жолындағы бәсекелестік оңай шаруа емес.

Аспанмен, жермен жүрер жол қанша кең болғанымен, су өткелінің маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Ауқымды, арзан. Сонысымен тиімді. Әлемдегі ең ірі порттар Азияда болса, Құрық солардың қатарын толықтырды. Аумағы 67 гектар. Сыйымды. Жоба қуаты 2015 жылдан бері 7 млн тоннаға жетіп, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін үш есеге арттырып отыр.

Бауыржан ОРЫНБАСАРОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

2017 жылы паром пунктынан 1,5 млн тоннандан жоғары жүк тиелді. Оның ішінде Оңтүстік Европаға жөнелтілген мұнай өнімдері, Әзербайжан мен Түркияға барған қазақ астығы, Қытайдан шығып Кавказ мемлекеттеріне жеткен тауарлар, тағы. Биыл да ешқандай кедергі жоқ. Жүк көлемі 10 айдың ішінде ғана 1,4 миллион тоннаға жетті. Одан бөлек 60 мың автомобиль жіберілді.

Портта экспорт пен импортқа арналған екі желі жұмыс істеп тұр. Кедендік тексеру көп уақыт алмайды. Күніне бес паромға дейін жөнелтеді.

Айдос АЙШЫҚОВ, «ҚҰРЫҚ ПОРТЫ» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Бір паромды жіберуге шамамен 5-6 сағат қана жұмсаймыз. Себебі мемлекеттік органдармен: шекара, кеден қызметтерімен, ветеринарлық-санитарлық бекеттермен өзара байланыс орнатылған.

Қытай көршіміздің «Бір белдеу,бір жол» бағдарламасын жариялағанын жарты әлем біледі. Қазақстан сол жобаны қолдағандардың бірі. Себебі экономикалық тиімділігін тез түсіндік. Жібек жолының жалғасын теңізден де іздеген екі тарап сауданың көркін енді қыздырамыз деп отыр. Құрық порты іздегенге сұраған. Қытай мен Европаны біз жалғаймыз.

Жұмабек САРАБЕКОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы орталық Евразиядағы транзиттік дәлізді дамытуды көздейді. Қазақстан аса ірі экспорттаушы ел - Қытай мен тұтыну нарығы кең Еуропа арасындағы көпір рөлін атқарады. Міне, осы тұста «Құрық» портының маңызы айқын көрінеді.

Орта Азия елдерінің бәрі тұйық аймақта. Проблема сол еді, олқылықтың орны толды, енді береке - Ақтаудағы айлақта. Теңіз ашық, жол түзу, барам десең қай жаққа.

Абай Сейфулла «Біздің уақыт»