Русский Сайттың толық нұсқасы

Бірыңғай экспорт агенттігін құру бастамасы көтерілді

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2016
  • 2652

Отандық тауар өндірушілерге Еуразиялық экономикалық нарықта оңай емес. Мұндай ойымен Мәжілісте өткен Үкімет сағатында төменгі палата депутаты Мәулен Әшімбаев бөлісті. Оның айтуынша, Ресей территориясында алдын ала хабарлау пункттері бар. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаушы қазақстандық кәсіпкерлер ол бекеттерден өтуге міндетті. Ал ол іс оңайлықпен бітпейтін көрінеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біздің тауар өндірушілерде ол пункттердің жұмыс кестесі жоқ. Тексерісті қай кезде жүргізеді, қандай рұқсат құжаттар болу керек екенінен де хабарсыз. Ал ол бекеттер бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан. Сондықтан біздің кәсіпкерлерді қыруар шығынға батырып, теңдей дәреже бермейді. 

Мәулен Әшімбаев бірыңғай экспорт агенттігін құру бастамасын да көтерді.  Халық қалаулысының мәліметінше, елде экспортты дамытудың ортақ стратегиясы жоқ. «Қазнекс», «Қазэкспортгарант», «ҚазАгро», Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл  шаруашылығы министрлігі және әкімдіктер бір-бірінің осы саладағы қызметін қайталап отырса керек. Депутат Ұлттық банк мәліметіне сүйеніп, 2012-15 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың төмендегенін айтты. Ал Үкімет сағатында баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, керісінше, өткен жарты жылдықта шетелдік инвестициялар көлемі былтырғымен салыстырғанда 5 есе артып, 5,7 млрд долларды құрағанын хабарлады. Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар саны 2014 жылмен салыстырғанда 25 пайызға өскен.

Айгүл ӘДЕПБАЙ