Русский Сайттың толық нұсқасы

Қорғасын зауытының зардабы. Тұрғындардың қанынан ауыр металлдар табылған

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2018
  • 10882

Шымкенттегі әйгілі қорғасын зауытының қалдықтарын қала билігі сатқан. Жергілікті компанияға, 30 млн теңгеге. 2 млн тоннаға жуық үйілген қалдық ұзақ жылдар адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға залал келтіріп келген. Әлі де солай болып тұр. Себебі сатып алған фирма оны 5 жылдың ішінде шығарып бітетінін айтқан. Асықпай тасып жатыр. Ал зауыттың маңында тұратын жүздеген адамның қанынан ауыр металл табылған. Бұл фактіні билік айтпай келген. Айзада Төребекқызының материалы.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қап-қара болып үйіліп жатқан бұл төбешік шамамен жетпіс жылдан астам уақыттан бері жиналған қалдық. Бұрынғы қорғасын зауытына тиесілі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары зауыт салынғанда оның шлактары қауіпті болғандықтан қаладан тысқары, елдімекеннен әудем жерге тасталған болатын. Алайда қазір көріп тұрғанымыздай, бұл маңға мыңдаған тұрғын жайғасып үлгерген. Жергілікті халықтың айтуынша үп еткен жел тұрса болды, қара күйеге көміледі де қалады.     

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданының тұрғыны Ерман Жолдасовтың үйі үйіндіге ең жақын салынған баспаналардың бірі. 56 жастағы азаматтың мұнда тұрақтағанына аз болмаған. Айтуынша жылдар бойы тауға айналған шлактан кесел тапқан. Енді немерелерінің саулығына алаңдайды.  

Ерман ЖОЛДАСОВ, ҚҰРСАЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Негізі асматикпін ғой. 2-группа инвалидпін, содан деп ойлаймыз бәрібір. Себебі барлық химикат бар ғой бұның ішінде. Барлық нәрсе бар, тіпті уранның да отходы бар.Боран кездерде қатты ұшады, қап-қара болып қалаға қарап ұшады Шымкенттің ішіне қарай жел мына жақтан келсе. Ал жел бұ жақтан келсе былай қарап, халыққа қарап кетеді садикке, жақын ортада садик те бар, жас балалар. 

Иә, расында кішігірім тауға айналған үйіндіден Менделеев кестесіндегі біраз элемент табылады. Мұны осында зерттеу жүргізген ғылыми қызметкерлер анықтаған.  

Әлібек ТІЛЕУОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:  

Оның құрамында зиянды заттар, мысалы алатын болсақ, ауыр металлдар – қорғасын, мырыш, мыс және тағы басқа өте зиянды зат - мышьяк деген затымыз бар.

Денсаулыққа аса зиян екенін басқа да мамандар растайды. Осы маңда тұрақтағандар зауытта жұмыс істемей-ақ демікпеден бөлек анемия, аллергия, жүйке жүйесінің бұзылуы сынды бірқатар созылмалы сырқат жапсырған. Бәрі жылдар бойы ашық жатқан шлактың зардабы. Экологтар, санэпидемиологтар мен дәрігерлер дабыл қағуын қақты. Сең тек 2012 жылы ғана қозғалды. «Еңбек гигиенасы және кәсіптік сырқаттар ұлттық орталығының» бір топ маманы Шымкенттің зиянды аймақтарын зерттеді. Ересектермен қатар жас балаларды да тексергендер қалдықтардың адам ағзасына айтарлықтай сіңіп қалғанына көз жеткізген.  

Зұлқия НАМАЗБАЕВА, ЕҢБЕК ГИГИЕНАСЫ ЖӘНЕ КӘСІПТІК СЫРҚАТТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-БИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Біз тексерген 300-ден астам баланың 34 процентінің қан құрамында қорғасынның мөлшері артқанын анықтадық. Яғни адамдардың қорғасын сияқты уыттылығы жоғары элементті тасымалдаушы екенін дәлелдедік. Бірақ кейінгі жылдары қаржыландыру тоқтап қалды да бұл жұмыс аяқсыз қалды. 

Еске сала кетейін, қорғасын зауыты 1934 жылы ашылған. Ал 1941-45 жылдары майдан даласында дұшпанға атылған он оқтың жетеуі Шымкенттегі осы зауытта құйылғанын біреу білсе, біреу білмес. Одақ тұсында дүркіреген өндірістің қарқыны бертін келе - 2010 жылдары бәсеңдеп, ақыр соңында жабылып тынды. Ал тау болған үйінді сот шешімімен коммуналдық меншікке өткізілген. Бірақ онда да аулаққа әкетіле қоймады. Өйткені бірін бірі ауыстырған әкімдердің бірде бірі бұл істі тындырмады.  

Осы ретте Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары билікке бірқатар ұсыныс айтқан. Соның бір жолы - қалдықтардың қоршаған ортаға қауіпсіздігін азайту.

Әлібек ТІЛЕУОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚМУ БЕЙОРГАНИКАЛЫҚ ЗАТТАРДЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:   

Жақсы бір технология табылғанша осы залалын азайту үшін, болдырмау үшін оларды көміп тастау технологиясын ұсындық. Оның үстінен жақсы өсімдіктерді өсіріп тастап, жайқалтып тастауға болар еді. Ол тұрғыда да біраз жұмыстар жасалынды да, олар да қазір қалып тұр.  

Тағы бір тәсіл - хлорлау арқылы шлак құрамындағы түсті металлдарды бөліп алу. Бұл тәсіл арқылы пайда табуға да болады. Оның құрамында алтын, күміс, мырыш секілді металлдар бар. Ал қалған қалдық құрылыс материалына жарайды.  

2 млн тоннаға жуық қалдықтың құрамындағы мырыш -56,7 мың тонна. Қорғасын -11,34 мың тонна. Мыс- 18,9 мың, Күміс -18,9 тонна.  

Түсті металлдардың жалпы құны - 200 млн АҚШ долларын құрайды.

Алайда қыруар еңбек - қаншама зерттеу қаржылық қолдау болмағандықтан қағазда қалып қойыпты. Бірақ оған алаңдап отырған ешкім көрінбейді. Билік қалдықты шығарсақ болды деп шешкен тәрізді. Үйіндіні ақпан айында 30 млн теңгеге жергілікті компания сатып алыпты. Фирманың нақты нені көздегені құпия. Мердігер мекеме қалдықты 5 жыл ішінде тасып әкетуі тиіс.  

Нұрлан БЕКТҰРСЫНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Оның биылғы жылы 100 тонна, келесі жылдарда оны әрі қарай 2,5 -3 мың тоннадан шығаруы тиісті. Біз талап қойған едік, қалдықтарды шығарған кезде экологиялық заңға сәйкес, ол жабулы түрде шығарылуы керек. Себебі тұрғындарға зияны тимеуі керек. 

Мердігер мекеменің шлактарды ауыр жүк көліктерімен тасып жатқаны, биылғы меже 100 тонна екені айтылды. Бірақ қазіргі мөлшер оған жете қоймапты. Коммуналдық шаруашылық саласына жауаптылар қалдықтарды шығару мерзімінде орындалмаған жағдайда компанияға айыппұл салынатынын айтты. Көңілге медеу болатыны санэпидемиологтардың мәліметі.  

Әбдіғали КЕМЕЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

Қазіргі кезде қорғасын зауытының аймағында төрт арнаулы нүктелерден тоқсанына бір рет ауаның сапасы және топырақтың сапасы тексеріліп отырады. 2017-2018 жылғы тексерулер қорытындысы бойынша рұқсат етілмеген шектеулерден асқан жағдайлары анықталмады.  

Дегенмен қоғам денсаулығына жауаптылар арқаны кеңге салуға әлі де ерте екенін ескертеді. Себебі ауыр металлдар ешқайда жоқ болып кетпейді. Бес жыл аз уақыт емес. Ерман аға секілді дәрісіз өмір сүре алмайтындар, оның ішінде балалар көбеймесіне кім кепіл... 

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»