Ауыл шаруашылығында антибиотиктерді шектен тыс пайдалану микробқа қарсы препараттардың әсер етпеуіне апаруы мүмкін. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Олег Честнов Астанада өткен жиында айтты. Сарапшының есебінше, әлемдегі 7 млрд адамға осындай қауіп төніп тұр. Болашақта балаларды бронхит, өкпенің қабынуы - пневмония, басқа да аурулардан қорғай алмауымыз мүмкін. Иә, антибиотиктердің арқасында адамзат инфекциялық ауруларды жеңе бастады. Алайда антибиотиктерді шектен тыс пайдалану, әсіресе мал шаруашылығында – оған «былқ етпейтін» микроорганимдер штампын тудырады. Әлеуметтік жағдайы онша емес кісілердің ондаған жылдар сақталатын тауық етін алатынын ойлайсың. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Аурудың алды байқалса ауруханадан бұрын дәріханаға жүгіреміз. Өзіміз қажетті деп тапқан антибиотиктерді алып, емделуге асықпыз. Ем болып қонса, қуанып, бұл әрекетімізді әдетке айналдырдық. Қалауымызша қолданып келген антибиотиктер ағзадағы пайдалы бактерияларды да өлтіретінін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
Айнұр АЙЫПХАНОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ДАМЫТУ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Әрбір адам кез-келген антибиотикті дәріханадан кедергісіз, ешқандай қағаз көрсетпей-ақ сатып ала алады. Оны курсы дейді, 5 күн немесе 7 күн ішу керек. Оны аяғына дейін ішпей, екі-ақ күн ішеді де, сәл жақсарғасын тастап кетеді. Сондай жағдайда микробтар, микроағзалар сондай дәрілерге төзімді болады. Келесі жолы да сол аурумен ауырғанда, ол дәрі әсер етпейді. Еуропа елдерінің зерттеулеріне қарағанда 2050-ші жылдары адамдар қарапайым соқыршектен қайтыс болуы мүмкін. Ол операцияға байланысты емес, одан кейін болған инфекциядан. Себебі микробтар дәріге төзімді болып, антибиотиктер әсер етпей қалады.
Антибиотиктердің кең етек жайғаны соншалық, фармацевтикадан бөлек, күнделікті қолданыстағы өнімдерде де кездеседі. Мәселен: ет пен жұмыртқада. Ауыл шаруашылығы бизнесінде пайданы ғана ойлайтын кәсіпкерлер малдың тездетіп ет жинауы үшін арнайы антибиотиктерді жем-шөбіне қосып береді. Соның арқасында басылып шыққанына 45 күн ғана болған балапан, дүкен сөрелерінен табылады. Құрамына антибиотигі бар өнімді жиі пайдалану ағзаны бөгде заттардан тазартатын бүйрек пен бауыр үшін өте зиян, иммунитетті де әлсіретеді.
Олег ЧЕСТНОВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Егер тауыққа антибиотиктерді берсе, ол бес есе жылдам өседі, себебі өсу гормонын босатуға мүмкіндік беретін тұтас механизм іске қосылады. Көптеген өндірушілер ақша үшін осындай қулыққа барады. Ал бұдан өздеріне келетін қауіп туралы адамдар білуі тиіс. Біз қазір пайданы ғана ойлайтын әлемде өмір сүреміз, дегенмен адам денсауығы маңызды ма, не ақша маңызды ма, таңдауымыз қажет. Бұл тіпті ұлттық қауіпсіздікке қатер. Сондықтан біз, медициналық-санитариялық қоғам, антибиотиктерді шамадан тыс, бақылаусыз пайдаланумен күресте ветеринарлармен бірігеміз. Менің ұсынысым: конвенция құру керек!
Ұлыбритания 1971 жылы адам емдеуде қолданылатын препараттарды жемге қосып беретін антибиотиктер ретінде қолдануға тыйым салған алғашқы елдердің бірі болды. 2006 жылы Еуроодақ адам пайдаланатын антибиотиктерді мал шаруашылығында пайдаланбау жайында шешім шығарды.Ал біздің елде мал емдеу үшін ғана емес, пайда үшін де әлі күнге дейін қолданылып келеді.
Руслан ЖАМПОЗОВ, «АСТАНА» ОҚЫТУ-КЛИНИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕР-РЕАБИЛИТОЛОГЫ:
Біз бүгінде антибиотиктер арқылы: пневмония, менингит, ангина, жедел бронхит, дизентерия, жүректің ауыр қабыну аурулары — эндокардит, миокардит және т. б. өмірге қауіпті ауруларды емдеп келеміз. Ал мал шарушылығында да осы ауруларды емдейтін антибиотиктердің басым көпшілігі қолданылады.
Адам ағзасындағы зиянды микроб - вирустардың антибиотиктерге төзімді болғаны фармакомпанияларға жақсы. Себебі ауруға дәрменсіз антибиотиктердің орнына күштісін жасап, процесті үздіксіз етеді. Және жаңасы бұрынғысына қарағанда қымбат болады. Тиісінше, көретін пайдасы да еселене түседі.
Сонымен, антибиотиксіз жазылмайтын күйге түскен адамдар антибиотикпен емделетін мал етімен қоректенеді. Қорқыныштысы, дәрі егілген мал белгіленген уақыттан кейін сойылып жатыр ма, оны ешкім білмейді.
Бейсенбай АХМЕТОВ, МАЛ ДӘРІГЕРІ:
Антибиотиксіз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Өйткені малдардың температурасы болады, өөзгеруі болады, өнуі болады, өсуі болады. Барлығы сол антибиотиктерге байланысты. Антибиотиктер құрып кетсе, мал шаруашылығының өсуі мүмкін емес. Оны еккеннен кейін ережеге сай 28 күн өткеннен кейін оны жеуге болады. Оның зияны жоқ. Егер уақытынан бұрын жесең, онда адам денсаулығына зиян.
Антибиотиктер адамзатты құтқарып қалғаны рас. Антибиотик табылғанша, оба сияқты неше түрлі індет тарап, адамдар миллиондап қырылғаны белгілі. Мысалы, 14 ғасырда сол обадан 34 млн адам көз жұмған. Енді бірақ антибиотиктерге орай проблема да шыға бастады. Мысалы, жан-жануардан жұғатын гриппті емдеу өте қиын екенін соңғы он жылда білдік. Біздегі құс өсіретіндерге антибиотик пайдалануға тыйым салу үшін уақыт керек екені түсінікті. Ал өзіміздің өзімізге антибиотик тағайындайтынымызды тыюға уақыт керек емес.
Әлішер Өмірзақ "Біздің уақыт"