Русский Сайттың толық нұсқасы

Еnglish for jastar – ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2018
  • 4763

Ауыл мектептеріне ағылшын тілінде сөйлейтін адамдарды, оның ішінде шетел азаматтарын апарып, тіл сындыру шарасы туралы. "Жас Отан" жастар қанатының english for jastar жобасы. Бір мысал: олар еріктілермен бірігіп, АҚШ азаматын 2 айға Алматы облысына апарған. Қазір Кори Диккинсон мырза облыстың аудандарын аралап жүр. Әрине, оқушылар ағылшын тілінде былай айтқанда сайрап кетпес, дегенмен тіл үйренуге асық балаларға кәдімгідей жақты. Сонымен бірге ойын бүгежектемей жеткізетін Диккинсоннан басқа да нәрселер үйреніп қалар.«Тіл кеспек жоқ» дегенді біздің бабаларымыз ғана айта алған. Тарифтер туралы жаңа материал өтті – осындай балалар өздерін алдауға жол бермес. Ағылшын сабақтарына қатысқан Олжас Нұржақыптың репортажы.    

Ағылшын тілін үйренуге 10 жасында қызыққан Ескендір Бекежанов, қазір 9-шы сыныпта оқиды. Осы жылдар аралығында күнделікті мектеп бағдарламасын ғана үйреніп қоймай, ауызекі тілде еркін сөйлеу машығын да дамытып келеді. Ал мектебіне америкалық азаматтың келуі, оны ынтыландыра түскен.  

Ескендір БЕКЕЖАНОВ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Маған өте қызық болды. Бір-екі жыл бұрын мен ағылшын орта мектебінде афроамерика азаматымен сондай диалог өткізген болатынмын. Содан бері маған ағылшын тілі қызық болып келе жатыр. Сабақтарды оқыған кезде сол ағылшынды ерекше оқимын да. Бүгін сол ағаның қойған сұрақтарына белсенді жауап бердім деп ойлаймын.

 Ал Арай шетел азаматымен бірінші кездесіп тұр. 3-ші сыныптан ағылшын тілін үйренуді бастаған ол, бұл жолы баға алу үшін емес, осы уақытқа дейін тоқығанын тәжірибе жүзінде тексеруге тырысты. Бастысы «айтқан сөздерін жақсы түсіндім» деп қуанып қалды.

Арай АЙДЫНҚЫЗЫ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Әсерім өте керемет. Мен бірінші рет өзге елден келген азамтпен сөйлесіп тұрмын. Үшінші сыныпта басталғалы бері мен ағылшын тілін жақсы көремін. Ағылшын тілінде орта деңгейдемін. Және де ол кісімен жақсы тіл табыса алдым. Айтқан сөздерінің бәрін түсініп отырдым толықтай.

Биыл елімізде «English for jastar» жобасы бастау алған. Ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында. Ол үшін америкалықтар тартылды - тіл маманы болмаса да, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азаматтар 2 айлап ауылды жерлерді аралап жүр. Алматы облысы Көксу ауданы жастарымен кездескен Кори Диккинсон елге келген еріктілердің бірі. Мамандығы географ, карта сызушы. Ол балалардың тілге деген икемін, білімін жоғары бағалап отыр. Кори ДИККИНСОН, АҚШ АЗАМАТЫ, ЕРІКТІ: 

Бұл менің Қазақстанға, Орта Азияға алғашқы сапарым. «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы аясында мұндағы ауыл жастарымен кездесіп, білгеніммен бөлісіп, кемшіліктерін түзеп, үйрету мақсатында келдім. Әрине, балалардың деңгейі жақсы. Олармен тілдесу, сұрақ-жауап алмасу маған да, оларға да қызық болды. Ойын түрінде еркін әңгімелесу ауызекі тілде сөйлеу барьерін жоюға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан 2 ай ішінде өз мүмкіндігімді барынша пайдалануға тырысамын.

Әрине, америка азаматымен көзбе-көз сөйлесу оқушыларға ерекше әсер бергені рас. Өйткені шетелдік азамат қазақ тілін де, орыс тілін де түсінбейді. Оқушылар өз ойларын тек ағылшын тілінде жеткізуге тырысты. Қателіктеріне сын емес, түзету естіді.

Алтынай ЕСБОЛҚЫЗЫ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Әсерім өте керемет болды. Еркін сөйлестік деп ойлаймын. Себебі сұрақ та қойдық, ойын да ойнап миымызды дамыттық деп ойлаймын.

Облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты мен еріктілер тобының бірлесе ұйымдастырған жобасы аясында Кори Диккинсон өңірдегі 6 ауданда ағылшын тілін ақысыз үйретеді. Бір кереметі, орталықтан жырақта болса да ауыл оқушыларының дайындығы, дағдысы тәнті етті. Балпық би ауылында тек ағылшын тілі пәні ғана емес, физиканы да осы тілде оқыту пилоттық жобасы іске қосылған екен.  

Арнайы таңдалған 9-шы сынып оқушылары физика пәнін қарапайым ескі әдіспен емес, ойын, пікір алысу сияқты методикамен оқиды. 5-ші сыныптан шет тілін оқып бастаған Сағыныш: «Өзге пәнді де осы тілде үйренген тіпті қызық. Латын графикасымен жазылған формула, жаттығу орындау оңай болғанымен, оны тақтаға шығып ағылшын тілінде түсіндіру әзірге қиын болып тұр», дейді.

Сағыныш ДАМЫЛЖАН, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Біз физиканы білгендіктен оны ағылшынша өту біздің қызығушылығымызды арттыра түседі. Мен осындай жобаның болғанына өте қуаныштымын. Себебі бұл жоба біздің ағылшын тілін жетік меңгеруімізге септігін тигізеді.

Физиканы ағылшын тілінде үйрету үшін бір жыл арнайы білім жетілдіру орталықтарында шыңдалған Әлібек пилоттық жобаның ауыр жүгін абыроймен алып шығуға мүдделі. Себебі ол мұғалімдер династиясының өкілі.

Әлібек КӨКЕНОВ, ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Бұрынғы линейный система дейді ғойғ совет одағындағы, ол сиситема бұл жерге жарамайды. Қазіргі жастар қызығушылығын арттырғысы келеді. Үйренгісі келеді, талпынғысы келеді. Бастапқы кезде 25 пайызды көрсетті, балаларым. Келесі тоқсанда 47 пайызды көрсетті. 50 пайыздың ішінен 47 пайызы ағылшын тілінен сөйлеуді көрсетті...Анам-әкем, анамның, әкемнің және өзімнің ата-бабаларымның бәрі мұғалім болған. Сол себептен мұғалімдер династиясын ары жалғастыруға бет бұрдым.

Кори ДИККИНСОН, АҚШ АЗАМАТЫ, ЕРІКТІ:

Қазақстан жайлы Шыңғыс ханмен байланыстыратын мәліметтерді оқығаным болмаса, нақты білмейтінмін. Бірақ осы сапар аясында мен мәдениетіне, қонақжайлылығына, тағамына қатты ғашық болдым. Табиғаты, адамдары шынында ерекше екен. Америкада ғылыми жұмыстармен, карта сызумен айналысқандықтан, мұнда ұстаз қызметін атқару мен үшін қызық болғаны рас. Ертең еліме оралғанымда айналама Қазақстан жайлы жақсылап айтып беремін. Тағы келуге тырысамын.

Жырақтағы елді-мекендерде қаладағыдай қосымша сабақтар мен үйірмелер, арнайы курстар жоқтың қасы. Кори Дикконсонмен тілдесуге асыққан жастардың тіл үйренуге қатты қызығатындарын біз түсірілім барысында көзбен көрдік. Оларда ынта да, ұмтылыс та бар. Олар да бұйығы болғысы келмейді.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»