Русский Сайттың толық нұсқасы

Электр жарығының ең қымбат тарифі-Тобыл өңірінде

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2018
  • 3886

Мұндай жайттар елімізде тап қазір науқанға айналды десек те болады. Монополистер басына қара бұлт үйірілді. Президент тапсырмасынан соң, прокурорлар да «Тіріле» кетті. Сөйтіп, жер-жерде тарифтер тексерісі қызып тұр. Қазір, тиын-тебендеп болса да тоқ пен жылу бағасы арзандап жатыр. Ал, артық пайда тапқандар қаражатты қайтаруға мәжбүр. Тап осындай жазалау шаралары Қостанай мен Ақтөбеде қалай болды? Аймақтағы әріптестеріміз осы мәселені анықтап көрді.  

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Электр жарығының ең қымбат тарифі-Тобыл өңірінде. Аймақ тұрғындары электр қуатының әр киловатына құн салығын қоспағанда 18 теңге төлейді. Бағаның шарықтауы қуат өндірушілер мен тасымалдаушыларға байланысты,- дейді халықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын басшылығы. «Қостанай энерго орталығы» бүгін арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, тариф төңірегіндегі проблемаларды талқыға салды.

«Қостанай энерго орталығы» екі жүз мыңнан астам абонентті жарықпен қамтамасыз етіп отырған аймақтағы жалғыз серіктестік. Кәсіпорын облыс орталығы мен 14 аудан тұрғындарына электр қуатын таратады. Қызметі үшін 3,6 пайыз үстеме қосады. Тарифтің шарықтауы қуат өндіруші мен тасымалдаушылардың бағасына байланысты. Астықты өлкеге тоқ алты компанияның желілері арқылы Екібастұз, Солтүстік Қазақстан, Керекуден жеткізіледі.  

Қайрат БИБОЛОВ, «ҚОСТАНАЙ ЭНЕРГО ОРТАЛЫҒЫ»ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің бағаның 42 пайызын-электр қуатын сатып алу, 54 пайызын аймақтық және аймақаралық желілері тасымалдаушының қызметі құрайды. Біздің үстеме небәрі 3,6 алты пайыз. Егер, өндіруші сату бағасын төмендетсе, тасымалдаушының тарифі азайып, жарықпен қамту кәсіпорыны да үстемені кемітер еді.

Аймақта апта сайын коммуналдық тарифтер жөнінде қоғамдық қабылдау ұйымдастырылуда. Алғашқы қабылдауға тоқсан адам қатысып, арыз-шағымдарын айтқан. Тобыл кентіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары есептегіш құралының жоқтығына байланысты еселеп, тариф төлеп жатқандарын айтқан.  

Руслан ГАСАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТМР, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Тобыл кентінде барлығы 12 үй бар. Төртеуінде есептегіш құралы бар, қалғандарында жоқ. Есептегіш құралдары бар адамдар кішкене тариф төмен. Ал, қалғандарында методика бойынша 30 пайызға көбірек төлейді. Енді біз сол мәселемен тексеру жасаймыз.

Заңғар САНАЙ ,ТІЛШІ: 

Мысалы, Қостанай жылу компаниясы есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар төлеген 21 миллион теңгені қайта есептеуге кіріскен. Ал, электр қуатын тарататын мекемелер орташа тарифті 6 пайызға, тұрғындарға арналған тарифті 2 пайызға төмендетіп отыр. Бұл мәселе Ақтөбеде қалай шешіліп жатыр? Әріптесім Бақыт Рахметова кезек күтіп тұр. Бақыт!

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Иә, Заңғар бізде де бірқатар заңсыздықтар анықталған. Нәтижесінде заңды тұлғалар үшін жарық пен жылу тарифы төмендетілді. Бүгіннің өзінде жеті бірдей мемлекеттік мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 700 мың теңгеден бастап төрт миллион теңгеге дейін айыппұл салынды.

Альбина АСҚАРОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:  

«Актобеэнергоснаб» ЖШС қызметіне жалпы сомасы 122,1 млн.теңге мөлшеріндегі үстеме пайда алу фактілері анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша, басқа тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу бағасы 1кВтс үшін 17,62 теңгеден 17,23 теңгеге дейін азайтылды.

Қазірдің өзінде қоғамдық қабылдауға монополистерге қатысты елуден астам арыз-шағым түскен. Тұрғындар арасында түбіртектердегі соманың қате жазылуы мен техникалық құжаттарға қатысты заңсыздықтарға қатысты шағым көп дейді мамандар.  

Нұрлан БОЛАТБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:   

«Қазтранс аймақ», «Ақбұлақ» су мен жабдықтау, кәріз жүйесі «Трансэнерго», «Энергосистема» секілді базалық табиғи монополистерге келіспеушілігін келіп айтып жатыр. Бар жерде өзіміз түсіндіріп жатырмыз. Қате кеткен жерде әрине шара қолданамыз.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Мұндай қоғамдық қабылдаулар енді апта сайын өтеді. Тұрғындардың мазалаған сұрақтар бойынша нақты жауап алуға мүмкіндігі бар.

З. Санай