Русский Сайттың толық нұсқасы

Қорғаның болардың ісі... ІІМ реформалау туралы

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2018
  • 3148

Полицейлер мен азаматтардың қарым-қатынасы көнерген және біздің уақыттың талабына сәйкес емес. Ішкі істер органдарының қызметі қоғамның үмітін ақтап отырған жоқ. Адамдар наразы да. Себебі өздерін қауіпсіз сезінбейді. Ал онсыз қазақстандықтардың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан полицияны реформалауға жылдам кірісу керек.Президенттің апта басында осы салаға байланысты жиында айтқаны. 

Барлығын жоққа шығарайын деп отырған ешкім жоқ. Дербес ел болғалы 779 полицей опат болып, 2 жарым мыңы жарақаттанған. Осы мәліметтің өзі-ақ жанкештілік пен адалдықтың, парыз ұғымының бар екеніне дәлел. Қоғам оны бағалайды. Бағалайды дейміз-ау, өз міндетін орындап жатса да, «міне, мына жерде адамдарға көмектесіпті» деп әспеттеп, аспанға көтеріп жатады. Жылы сөзін аямайды. Бірақ... Бірақ «полиция» десе дір ету қалу рефлексі жойылмады.

Алім Ұлы Жақайым - Фейсбук әлеуметтік желідегі парақшасынан: 

Бүгін мен бір мекеменің алдына тоқтап, бір зат алып, қайтадан көлігіме отырып, шамамен 200 метрдей жүрдім. Алдымда жол патрульдік көлік тұр және қасында қызметкерлері, іле шала бар екпінімен мені тоқтатты. Мен өзімді құдды бір аса ауыр қылмыскер ретінде сезіндім. «Ойпырмай, не болып қалды? Белдігім тағылған, ...жол ережесін бұзбаған сияқты едім ғой», деп қоямын. Тоқтадым, түстім. Не болып қалды? - деп сұрап едім, жарық шамыңыз жанбай тұр, деді.Құжатымды алды да, әй-шәй жоқ, қалтасына салып алып өз көлігіне бет алды... Жол патрульдік қызметкерлері өздерін бір құбыжық қылып көрсеткенді қойса деймін. Қарапайым халық болсын, көлік жүргізушісі болсын, жол патрульдік полиция қызметкерлерін көрген кезде жан алғыш әзірейілді көргендей болады, қашып... 

Қарапайым ғана мысал келтіріп отырмыз. Бірақ мәселенің мәнісі неде екеніне айқын дәлел. Материал дайындау барысында оралдық 78 жастағы Сергей Шуков жабық тұрған дәмхананың терезесін қаққаны үшін полицейлердің тепкінің астына алғанынын, қызылордадық Татьяна Горлова жүргіншілерге арналған жерден өтіп бара жатқанында көлік қағып, жарты жыл емделгенінін, алайда көлік иесіне қатысты іс қозғалмағанын айтты. Татьяна сұхбаттың соңында «полиция-қорғаның» дегеннің біздің полицияға мүлдем қатысы жоқ, деді. Негізі бұлар да қарапайым мысалдар. Азаптап, жала жауып, жазықсыз адамдардың сотталып кетуіне апаратын әрекеттері сұмдық енді. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.      

Көпшілік полиция атауын «әділеттілік» ұғымымен қатар қоя алмайды. Оған себеп көп. Тіпті «кінәсіз адамға полициядан қорқатын ештеме жоқ» дегенге күледі. Алайда адамдардың өздері де заң бекіткен шеңберден аспайтын моп-момақан ба? Ондай емес, әрине. Бірақ тәртіпті бірінші кезекте тәртіп сақшысы сақтауы тиіс.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ішкі істер органдарының қазіргі жағдайы қоғамдағы сұранысқа толық жауап бермейді. Полицейлер мен азаматтардың қарым қатынасындағы стандартты жүйе ескірген. Ішкі істер органдарының қызметі қоғам үмітін ақтамай отыр. Халық өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Бұлай болса қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарта алмаймыз. Сондықтан біз дереу полицияны реформалауға кірісуіміз керек. 

Полицейлердің халық алдындағы бүгінгі образы «құтқарушы» емес, «қамаушыға» көбірек келеді. Адамилық танытуға болатын сәттерде хаттама толтырғыш. Белгіленген өкілеттігінен аспаса мейлі, бірақ олар қарапайым адамдардың "көкесін танытуға" құштар. Оралдық зейнеткер, 78 жастағы Сергей Шуковты полицейлер көкала қойдай етіп сабаған. Қария досымен бірге балық аулауға барғанын айтады. Шөлдегесін, жол бойындағы кафеден су ішпек болады. Өзінің айтуынша, жабық тұрған дәмхананың терезесін қағып тұрғанда іштен қожайыны шығып, бірден полиция шақырған. Келген полицейлер істің мән-жайын анықтамастан, зейнеткерге жұдырығын ала жүгірген. Соққыдан есін енді жиған қария қазір емхана табалдырығын тоздырып жүр. 

Сергей ШУКОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Полиция көлігімен келген жігіт шапалақпен жағымнан тартып жіберді. Қасындағы полицейге «көмектесіңізші» деуім мұң екен, жабылып теуіп тастады. Тіпті «өлтіріп, көміп тастаймыз» деп қорқытты. Қайсысының ұрғаны есімде жоқ, есімнен танып қалдым. Одан қолыма кісен салып, аудан әкімдігінің бір бөлмесіне қамады да, таң атқасын «аман қалғаныңа шүкірлік ет», - деп жібере салды. Жолай көлік ұстап, қалаға әрең жеттім. Қармағым жайына қалды, қармағы құрсыншы, өзім өліп қала жаздадым ғой. Сол оқиғадан кейін бір жақ құлағым естімей қалды. 

Ал Татьяна Горлова есімді Қызылорда қаласының тұрғыны полициядан әділдік іздеуің қажеті жоқ, дейді. Осыдан екі жыл бұрын жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқанында оны көлік қағып кеткен. Айыпты зардап шеккен әйелге көмектеспек түгілі, сол жерден қашып кеткен. 

Татьяна ГОРЛОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жол полициясына барған күйеуіме "ол кісінің жағдайы жақсы, үйіңізде ғой" депті. Мен болсам ауыр халде ауруханада жатырмын. Жыны келген күйеуім полиция қызметкерін ертіп ауруханаға келген. Олар сонда менен түсініктеме жаздыртып алмақ болған, орныма анам арыз жазып беріп, қабылдауды сұрағанда, қажеті жоқ деп жауап қайтарған. Мен жарты жыл төсек тартып жаттым. Сосын білгеніміздей, мені қағып кеткен Бекетова Сәуленің ағасы жол полициясында қызмет етеді екен.Қылмыстық іс қозғалмады, бәрін жауап тастады. Енді маған бірнәрсе бола қойса, мен, әрине, полицияға шағымданбаймын. Әділдік жоқ, бәрі саудаға түсіп кеткен.   

Рас, соңғы 3 жылда еліміздегі қылмыс саны 17.5%-ға төмендеген. Бұрынғыдай емес, шамсыз көшеде қамсыз жүруге мүмкіндік бар. Оның барлығы «полицей» атына сай қызметкерлердің арқасы. Ал елдің амандығы үшін ажалдан қорықпаған сақшылар ешқашан ұмытылмайды. Мысалы, өзінің өлетінін біле тұра терроршымен алысқан тараздық полицей Ғазиз Байтасов!  

Гүлжамал ТӘЖИЕВА, «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» ҒАЗИЗ БАЙТАСОВТЫҢ ЖҰБАЙЫ: 

Ол өз жұмысына өте адал, ұқыпты болды. Оған ең бірінші орында жұмыс болатын. Үйге қонақ шақыратын болсақ, тойға баратын болсақ: «Мен жұмыстан босай алмай жатырмын, сен бара бер. Жұмыстан босасам ғана барамын»,- дейтін. Еңбек демалысының өзін Ғазиз уақытылы ала алмайтын. Мен оған еңбек демалысына шықсаңшы десем: «Мен зейнеткерлікке шыққанда еңбек демалысына шығамын,ал әзірге жұмыс істеймін», - деп жауап беретін...

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Халықтың полиция қызметінің ұңғыл-шұңғылын жеткілікті білмеуі, олар жайлы қате пікірдің қалыптасуына ықпалдасатыны рас. Араларына былқ етпейтін «көпір» орнатуға не жұртшылық, не полицейлердің өздері құлшынбайды. Ал сіз, өзіңіздің учаскелік полиция қызметкеріңізді танисыз ба? 

 - Жоқ, ол кісінің түрін де көрмегенбіз.

- Подъезде суреті тұратын. Тірідей оны көрмеппін.

- Жоқ.

- Оның барын тек қылмыс болғанда көреміз. Жыл өтпей басқасы келеді. Жиі ауысады.

- Оның бар екенін бірдеңе бүлдіргенде білеміз.

- Анда санда көреміз.

- Сөйлесуден бұрын бір жерге асығып жүреді.

- Танымаймын.

- Иә, танимын, жақсы кісі.

Шетелдік фильмдерде полицейлер көбіне «қаһармандар» рөлінде ойнайды. Қандай жағдай болмасын, қасыңнан табылады. Сен үшін жанын қиюға дайын. Ал біздің елде осы күнге дейін полиция қызметкерлерінің адал қызметі мен батыл әрекеттері жайында түсірілген сапалы фильм жоқтың қасы. Бұл да маңызды дүние.

Рүстем ҚАЙДАРОВ, ІІМ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚЫЗМЕТКЕРІ, ГЕНЕРАЛ-МАЙОР:

Қазір жеке құрамды жинап, кім несие төлеп жүр деп сұрасаң, жартысынан көбі қолын көтереді. Неге десеңіз, полицияның еңбек ақысы аз, үйі жоқ тұратын. Капитанға келгенше 100 мың теңге алады. Қазіргі заманда ол ақша ма?! Отбасыны бағу, пәтерді төлеу бар. Жергілікті полиция бар, соған жергілікті әкімдер әлеуметтік жағдайларын шеше алмайтындығы заңда жазылмаған. Заң бойынша олар тек еңбек ақысын төлеу керек. Сосын техникамен қамтамасыз ету. Ал олар болса машина берді деп қуанады. Ал сол машинаның ішіндегі адамның жалақысы қанша, ол қалай тұрып жатыр, қандай әлеуметтік жағдай жасалып жатыр, міне, соған заң дұрыс қарамаған. Сондықтан мен ойлаймын, сол заңға өзгеріс кіргізу керек. Оның баспанасы болса, әйелі жұмысқа орналасса, баласы мектепке барса, учаскесіндегі дәрігерлер дұрыс қарайтын болса, сонда полицияға жұмысқа келеді.

Жылдар адамды, адамдар заманды өзгертетіні хақ. Күні кеше бостандық пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен ереже, ертең ескіретін уақытта өмір сүреміз. Ал міндетті мемлекеттік қызмет уақыт талабына сай көрсетілмесе, халықты қиналтып ғана қоймайды, мемлекеттің өзінің дамуын тежейді. Бұл полицияға да қатысты. Тікелей қатысты.

Әлішер Өмірзақ "Біздің уақыт".