Русский Сайттың толық нұсқасы

Баланы агрессивті, тілазар ететін мультсериал...

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2018
  • 5188

Британдық «Times» басылымы ресейлік «Маша мен аю» мультсериалын пропаганда деп таныды. Онда басылған материалда Helsingin Sanomat деген финн газетінің тұжырымы келтірілген. Ал ол газет Таллинн университетіне қарасты коммуникация институтында сабақ беретін Приит Хыбемягиден сұхбат алған. Оқытушының пайымынша, сериал жасаушылар аю арқылы Ресейді бейнелеуге тырысқан. Сөйтіп әлем балаларының санасына Ресейдің жағымды образын қалыптастыруды мақсат тұтқан. Бұл енді үлкен саясаттың қилы иірімдері. Дегенмен аталған анимациялық сериалдың агрессивті екенін, көретін балаларды кішкентай кейіпкері сияқты «шыр көбелек айналдырып» қоятынын тәжірибелі педагогтар баяғыдан айтады. Қазіргі уақытта балалардың шым-шытырық фильмдерді жақсы көретіні рас. Бірақ мұның зардабы болатыны да анық. Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.  

Қатар өсіп келе жатқан Нұрлыбек пен Нұрай танымал «Маша мен Аю» мульфильмін тек смартфон арқылы көреді. Күніне бір сағат қана. Анасының сөзінше, осының өзі жеткілікті.

Гүлден ТӨЛЕГЕН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Үлкен ұлым, өзі қазақша сөйлейтін бала алты жастағы, орысша сөйлемейтін де, соңғы уақытта ас үйге келгенде кей кездері сол қыздың мәнеріне келтіріп, сол кейіпкердің кәдімгі Маша құсап сөйлейтін болды. Мысалға, бұрын «анашым, каша берші» деп айтса, бір күні айтады «кашу не хочу» деп, сол қыздың мәнерімен кәдімгі қыз құсап сөйлеп тұр да.

Үш баланың анасы Гүлден ұлының бұл қылығына таңғалған. Мәселе балғынның айтқанды қаз-қалпында қайталауы емес, сол туындының адам санасына бірден әсер еткені. Бүгін сөзін сөйлесе, бара-бара не болады?- деген алаң бұл. Эксперимент ретінде тағы бірнеше күн Маша мен Аюды көрсеткен. Бекер қауіптенбепті. 

Гүлден ТӨЛЕГЕН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Кейде тентектігін қайталап, сол құсап жылап, өзінің алғысы келгенін алу үшін соның қылықтарын қайталай бастады. Мұның бәрі маған жат көрінді. Енді қарап отырсам сол Маша кейіпкерінің мінез-құлқын өздеріне кәдімгідей бойларына сіңіріп алған сияқты.

Бала кәдімгі сорғыш сияқты. Айналадағы дүниенің бәрін бірден қабылдап, бойына сіңіреді. Көргенін жасайды, естігенін айтады. Осылайша өсіп, үйренеді. Сондықтан дәл осы шақ адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады,-дейді тәжірибелі психолог.  

Ардақ ҒАЛЫМЖАНОВА, ПСИХОЛОГ: 

Мен өзім 17 жыл жұмыс істеймін психологияда. Бірақ басында осындай гиперқозғалысты, агрессивті, истерика деген көп болмайтын. Қазір енді менің балам неге көп жылайды, менің балам балабақшаға барғысы келмейді, түнде ұйықтай алмайды. Тағы басқа көп ойлар тудырады. Мен ойлаймын осындай Маша-Медведь, тағы көп шетелдік мультфильмдері баланың психикасын орнынан қозғайды.

Ересек тобының тәрбиешісі Ләйлә Бүкірова бүлдіршіндер арасында түрлі кейіпкерге еліктеу тенденциясының артқанын айтады. Бірі Понише секірсе, екіншісі Өрмекші адам болып өрмелеуге дайын. Тіпті, атыс-шабысты мультикті жиі көретін бала қару-жарағын асынып, қатарластарымен «соғыс» ойнауға құмар. 

Ләйлә БҮКІРОВА, ТӘРБИЕШІ: 

Машаның қылықтарын қайталайтын бар балалар. Бірақ та біз оларды мультфильмде деп түсіндіреміз. Олай жасауға болмайды. Әне, аю қалай оны үйретіп жатыр, сол аюдың әрекетін істеу керек деп соған біз бұрамыз.

Ал екі баланың анасы, өзі балабақшада тәрбиеші болып істейтін Құралай «Маша және Аю» ертегісінің жағымды тұстары бар деген пікірде. Оған достықты дәріптеуі ұнайды. Мултьфильмді көрген баланың әуенді қабылдау түйсігі де тез дамиды,-дейді. 

Құралай ТҰРҒАНБАЕВА, ТӘРБИЕШІ: 

Музыка жағынан айтып отырады. Кейбір Машаның өлеңдері бар, соны айтып отырады. Бірақ жағымсыз жағын көрген жоқпын іс әрекетінен.

Бес бала тәрбиелеп отырған оралдық әке Нұрлан Сәдір болса, «Маша мен Аю» туындысын тәрбиелік мәннен жұрдай деп есептейді. Жалпы қазақ қоғамына, қазақ отбасына түк берері жоқ. Керісінше, бізге жат дүниелері басым.

Нұрлан СӘДІР, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Медведьті негізінде мультфильмдегі образаралық дейді ғой. Не әке ол? Баласынан шаршап кеткен, кәдімгідей қатты қиналып кеткен, берекесі қашқан әке. Баласына сөзі өтпейтін. Кейде ойлайсың тіпті керісінше бір шайпау әйелінен шаршаған күйеу ме? Қалай болғанда да екеуі де жақсы нәрсе емес.

Нұрланның пікірінше, бұл туындыны жасаушылар баланың санасы мен тәрбиесін ойлап бас қатырмаған. Көксегендері коммерциялық табыс қана. Анимациялық рәсімдеуі, бояулар үйлесімдігі, музыкалық әрлеуі «бес». Тек мән-мағынасына келгенде «жуан екілік». 

Нұрлан СӘДІР, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Маша деген өте бір тілазар. Ол тіпті аяушылықты білмейтін, біреудің пікірімен санаспайтын. Медведь пен Машаның қарым-қатынасы солай құрылған. Ылғи Маша бір нәрсені бүлдіреді де жүреді. Медведь болсын, басқа жануарлардың болсын берекесін алып.

Міне, баланың Маша жайлы түйген ойы. Құйттай болса да, «сотқар» қыздың діттегенін алатынына сенімді. Сөйтіп, бүлдіршін өз әлемінде кейіпкердің мінез-құлқы мен іс-әрекетін дұрыс деп қабылдайды. 

Ардақ ҒАЛЫМЖАНОВА, ПСИХОЛОГ: 

Олардың кейіпкерлері жазаланбайды. Балалар түсінбейді оны. Егер де ол жаман кейіпкер болса, қылықтары барлығы дұрыс болмаса, ол баланы неге жазаламау керек. Сондықтан біздің бүлдіршіндер екі ойлы болады, қай жерде дұрыс, қай жері бұрыс екенін білмей, шатасып жатады.

Біздің уақыт ұстатпайтын түлкі сияқты. Таң атса, кеш батады. Әйтеуір, зулаған өмір. Үлкендердің бар ойы ақша табудың қамы. Дәл осы ортада «өзімен өзі» қалатын бала ғана. 

Нұрлан КЕНЕНБАЕВ, ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ: 

Біз балаға сотовый телефон, компьютер, ноутбук, планшет дейміз соны берген кезде мысалға біз басқа тірлігімізбен айналысамыз. Бала 20 мин емес, жарты саат емес, кейде екі сағатқа дейін береміз. Әрине, бұл мультипликацияны бала көреді. Бірақ тәрбие егер дұрыс болмаса, зияны көп, пайдасы аздау.

Әңгімеге тартқан кейіпкерлеріміздің дені ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мәні зор қазақ тілді мульфильмдердің ел ішінде дәріптелмейтінін қынжыла жеткізді. Бұл ахуал қоғамда тағы бір мәселенің бетін ашады. Бала тілінің «ана тілінде» емес, бөтен тілде шығуы. Ал, тіл – әр ұлттың жүрегі.  

Гүлден ТӨЛЕГЕН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біздің менталитке келмейтін қылықтары өте көп. Біріншіден, үлкенді сыйламайды, үлкендердің тілін алмайды. Өзінің діттеген жеріне жету үшін жанағы шыңғырып, жылап, кәдімгідей тентектік көрсетіп, дегенін істетеді.

Нұрлан СӘДІР, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Балалар көз алмай қарайтынын байқадым. Тапжылмай, тіпті не жеп жатқанын білмейді. Балаларды байлап тастайтын бір қасиеті бар. Мен ойлаймын, онда бір басқа бір 25 кадр деген сияқты мүмкін мәселелер жоқ па екен деп. Бар ма, жоқ па, бірақ мульфильмді қауіпті мультфильм деп санаймын.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Міне қараңыз, ақыл-естен айыратын шыр көбелек айналу...

Мұндай фрагментті көрген бала да Машаның әр қылығын қалыпты дүние деп қабылдауы бек мүмкін. Сондықтан кез келген мультхикаяны таңдамас бұрын оның тәрбиелік мәніне көңіл бөлген абзал. Және уақыттан шектеу қоюды ұмытпау керек!

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбет «Біздің Уақыт»