Русский Сайттың толық нұсқасы

"Оралман" фильмі жеңімпаз. Оралманның бәрі жеңімпаз ба?

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2018
  • 6943

Алматыда Шәкен Айманов атындағы дәстүрлі халықаралық кинофестиваль өткені мәлім. Фестиваль аясында қазақстандық кинематографистердің «Құлагер» сыйлығы табысталды. Белгілі актер Дулыға Ақмолда «ең үздік ер адам образы» аталымында жеңімпаз. Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақ отбасының Отанымызға оралуы, Отанымыздағы тіршілігі сипатталатын «Оралман» фильміндегі ролі үшін. Бұл фильм де, Дулыға да бұған дейін бірнеше сыйлық алды. 

Фильм кейіпкерлері шекарадан еш қиындықсыз өтіп кетеді. Оларды Байқоңырдың маңындағы бір ауылға жібереді. Бас кейіркер - Сапарқұл күзетші болып жұмысқа орналасады, әйелі мен қызы жергілікті дәмханада ыдыс жуады. Туған жерге жеткен Сапарқұлдың әкесі Базарбайдың жаны жәй тауып, бұл өмірмен қош айтысады, осы кезде төбеде ракеталар ұшып жүреді... Еркін өмір сүре алмау, оны айтасыз, қапасқа тоғытылу, ет жақындарыңнан ажырау, балаңның көз жасы құрғамауы – дүнияда одан өткен тозақ жоқ шығар...«Оралман» фильмі жеңімпаз. Оралмандардың бәрі жеңімпаз ба?

Дулыға Ақмолдамен Ришат Асқарбекұлы сұхбаттасқан.

- Дулыға, біз сізді құттықтаймыз! Фильм оралман отбасының тағдыры туралы. Оралман отбасының өмірі арқылы нені көрсетуге тырыстыңыздар?  

Дулыға АҚМОЛДА, АКТЕР:

Жалпы «Оралман» деген фильм шыққанда сол оралман деген аттың өзіне қарсылықтар болды. "Неге оралман?" - деп. Байқасаңыз, осы «оралман» деген сөз бір мәселелер туындатқан кезеңдер болды. Тіпті жан-жақтан келген қандастырым «оралманы несі» деп уәж айтатын болды. Өзіңіз сияқты көзі қарақты журналистер де сөйтетін еді. Бірақ осы кино шыққан соң, көрермендер «оралман» деген сөздің түбіріне, шындығына үңілгендей боп көрінді. Енді фильмнің сюжеті туралы айтпай-ақ қояйын. Бұл әкеміздің бастамасы болады. Арманы елге жету болады. Түбінде соған жетеді. Отбасына, Атамекеніне әкеледі де, келе салып қайтыс болады. Сонда әйелінің айтатын жері бар: "Қайтайықшы елімізге, жұмақ дегенің осы ма?"- деп жолда келе жатқанда. Сонда баласы: "Жоқ, мен әкеме сөз бердім, бұл туған жеріміз, кіндігіміз осы жерге байлануы керек",- деген жері бар.

- Ішкі буырқаныстарға, ой-толғаққа түскен шығарсыз. Нақты нені бейнелеуде туды ондай сезімдер?

Дулыға АҚМОЛДА, АКТЕР:

Оралмандардың тағдыры маған жат емес. Тоқсаныншы жылдары алғаш келе бастаған оралмандармен жақын қарым-қатынаста болдық. Жүргенов атындағы академияда оқып жүргенде Қытайдан, Моңғолиядан алғашқы қандастырымыз келіп, институтта білім алып, жатақханада бірге жаттық. Сонда жігіттердің айтқан әңгімелерінен олардың сол жақтағы көңіл-күйлері, тіпті сезімдері айтылатын. Олармен әлі күнге қарым-қатынасым үзілген жоқ. Оның үстіне Ауғанстандағы оралмандардың тағдыры бесенеден белгілі. Ондағы соғыстар, қиыншылықтар, барғаннан кейінгі соғыстар сол жақтағы қазақтар үшін үлкен нәубет болды десек болады. Соның бәрін басынан кешірген Сапарқұл деген кейіпкерім. Ол кино барысында да айтылады. Бірақ өкінішке орай киноның шарты да солай шығар, қысқартылып кеткен жерлері де болды.

- Бізде терең ойлы, "кино" дей алатын, сонымен бірге авторлық кинолар аз түсірілген жоқ. Дегенмен соңғы кезде кассалық кино көбейді. Кино өнерінде касса-массалық белең алып кетпей ме? Сізді не елеңдетеді немесе алаңдатады?

Дулыға АҚМОЛДА, АКТЕР:

Әрине конкуренцияның болғаны жақсы ғой, көп болғаны, көп түсірілгені жақсы. Бірақ өзіңіз айтып кеткендей сапа мәселесіне көңіл бөлетін уақыт та келіп қалған сияқты. Ол енді, меніңше, көрерменнің де деңгейіне байланысты. Көрермен сапасын сараптай алуы керек. Жастар комедияға көп жүгіреді. Ол да дұрыс, комедия өте керек жанр. Бірақ солар профессионалдық биік тұрғыда түсірілсе. Өзіңіз түсініп тұрған шығарсыз. Шығармашылық, суреткерлік, не болмаса сценарийдің жазылуы, актердің ойыны, бәрінің деңгейі болса, соны көрермен ажырата білсе. Меніңше соған жақындап келеміз. Байқасаңыз алғашқы жылдарға қараған телехикаяларға қарағанда, қазақ көрермендері басқаша телехикаяларды көре бастады. Өйткені ол жерге кәсіби актерлер шақыртылып жатыр. Десе де тастайтын ойы бар, жетелейтін ойы бар, терең фильмдерге не жетсін...