Русский Сайттың толық нұсқасы

Еуроодақ Ресейді жағдайды ушықтырмауға шақырды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2018
  • 2541

Ресей Керчь бұғазындағы кемелердің еркін қозғалысын қалпына келтіріп, жағдайды ушықтырмауы тиіс. Еуропалық Одақ Азов теңізіндегі қақтығысқа қатысты осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы Одақтың сыртқы істері жөніндегі баспасөз хатшысы Майя Косьянчич ресми сайтта жариялады. Брюссель Украинаның ешқандай заңсыз әрекетке бармағанын атап өтті. Олар Ресей Керчь бұғазындағы жүктерге қатаң бақылауды тоқтатуы керек деп есептейді. Қазір президент Петр Порошенко Украинада соғыс жағдайын енгізді. Ресейдің бұл әрекетін «Бассыздық» деп атаған ол әскери жағдайдың қорғану үшін қойылғанын мәлімдеді. Ал Украина Қорғаныс министрлігі қарулы күштер ұрысқа дайын екенін хабарлады. Соңғы сөз Радада. Депутаттардың қатысуымен жабық есік жағдайында шұғыл жиын өтеді.  

Петр ПОРОШЕНКО, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:  

Халықаралық құқық талаптарына сәйкес, әскери жағдай тек Ресей тарапынан қарулы қақтығыстың өсуіне байланысты Украинаның қорғанысын күшейту үшін енгізілді. Әскери жағдайдың орнауы Украинаның саяси-дипломатиялық реттеуден бас тартқандығы емес. Біз барлық халықаралық міндеттемені, соның ішінде Минск келісімдерін сақтап, орындауға ниеттіміз.

Айта кетейік, Ресей әскерилері Одессадан Мариупольге бағыт алған Украина кемелеріне оқ жаудырды. Керчь бұғазын басып өтуге қарсылық көрсеткен ресейліктер украиналық бірнеше теңізшіні де жаралаған. Ресей шекара қызметі Қырымдағы көпір астына танкер қойып, жолды жапқан. Кемелері Азов теңізіне өте алмаған Украинаға кері қайтпақ болған сәтте оқ атылған. Мәскеу Украинаны өз аумағына «Заңсыз кірмек болды» деп айыптайды. Ал, бүгін түнде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі осы мәселеге қатысты шұғыл жиын өткізбек.  

А. Бектас