Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде бірден үш жоғары технологиялық компрессорлық станция іске қосылды

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2018
  • 3356

Елде бірден үш жоғары технологиялық компрессорлық станция іске қосылды. Аталмыш жоба оңтүстік өңірлерді толықтай газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Жаңа өндірістік нысандардың жұмысын бастау сәті онлайн режимінде «ҚазТрансГаздың» Бірыңғай диспетчерлік орталығынан іске қосылды. Астанада өткен салтанатты рәсімге Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаев қатысты.   

Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының «С» желісінде №5 және №7 компрессорлық стансалары іске қосылды. «Бейнеу -Бозой-Шымкент» газ құбырында «Арал» компрессорлық стансасы оңтүстік өңірлерді газбен тұрақты қамтамасыз етеді. Әрі отандық газды Қытайға экспорттауды арттыруға мүмкіндік бермек.  

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:  

Осы газ құбыры өткен жылдың соңынан бастап қазақстандық газ экспортының жаңа бағытын ашты. Қытайдың жылдам дамитын нарығына экспорт басталды. Бұл ретте АБС3 жиынтық қуаты жылына 55 млрд текше метр газды енді құрайтын болады. Осылайша біз транзиттік әлеуетімізді ұтымды пайдалана алдық.

Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасының шеңберінде, газ магистральдарының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін объектілерде SCADA жүйесі орнатылған. Бағдарлама компрессорлық станса функцияларының өлшемдерін бақылап отырады. Сондай-ақ, барлық ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді онлайн режимінде береді. «Арал» компрессорлық стансасы ең қысқа мерзімде бар-жоғы 7 айда салынған. Жобаның арқасында 1400-ге жуық азамат жұмыс тапты. Ал, жұрт көгілдір отынға қол жеткізді. 

Ғалымжан САҒЫНТАЕВ, «АЗИАТСКИЙ ГАЗОПРОВОД» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:  

Біріншіден, оңтүстік өңірді газбен қамтамасыз етуге мүмкіншілік алып отырмыз. Түркістан, Жамбыл, Алматы облысы толық газбен қамтамасыз етіліп отыр. Өзіміздің батыстан Бейнеу құбыры арқылы Қазақстанның газымен қамтамасыз етіп отырмыз.

Бұл компрессорлық стансаларды пайдалануға берілуі Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия-Қытай» трансазиялық газ құбырын қалыптастырудағы ауқымды жұмысты аяқтайды. Сондықтан, бұл Қазақстан үшін ғана емес, барлық мемлекеттер үшін де аса маңызды.  

Д. Сапарқызы