Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев туралы кітап жазған британдық саясаткердің сөзі: «Ол мықты көшбасшы!»

  • AstanaTV
  • 01 желтоқсан 2018
  • 3929

«Ол мықты көшбасшы, кейде автократиялық лидер, бірақ бұл Қазақстанға әркез керек мінез». Қазақстан президенті туралы кітап жазған Ұлыбританияда қорғаныс саласындағы сатып алулар министрі, Қазынашылықтың бас хатшысы болған Джонатан Айткен бір интервьюінде осылай депті. 1-желтоқсан Президент күні президенттік басқару жүйесін таңдап алған елдің мықты мемлекет болу жоспарын пысықтайтын, жетістіктерді ойда ұстай отырып, жетпейтін дүниелердің неге азаймайтынын да саралайтын күн сияқты көрінеді. Қарапайым ғана мысал, жетімдер үйін жоя алмай отырғанымыз. Ол туралы арнайы материал дайындадық. Адамның адамша өмір сүруі, адамның қадір-қасиетінің аса маңызды екенін қаузайтын тақырып сәл кейін.  

 Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Президенттің 3 қасиеті туралы жас буын өкілдеріне айтып берген. «Nur Otan Talks» жиынына барғандар «адами» дейміз ғой, сондай атмосферада әңгімелесті. "Біздің уақыттан" кейін толық нұсқасын көре аласыздар. Қазір:

"Nur Otan Talks" алаңында Мәулен Әшімбаев басқаша сөз бастады. Барынша ашық формат, барынша түсінікті тіл. Ол Президенттің көпке үлгі болған үш қасиетін диалог айдынында айтты.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Менің біраз жыл бойы Елбасының қасында жұмыс істегенім үлкен тәжірбие болды. Әрине, қазір де "Нұр Отан" партиясындағы қызметімде де Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмын. Мен Елбасын жеңіске жетелеген үш қасиеті туралы сіздерге айтып бергім келеді. Бұл келешекте сіздерге өте қажет деп білемін. Біріншіден, мені жігерлендірген ол кісінің өзін-өзі жетілдіру бағытындағы ізденісі, әрқашан өзімен жұмыс істеп, ізденіс үстінде болатыны. Әр кездесуге деген тыңғылықты дайындығы. Екінші, қасиеті - талап. Үшінші - жеңіс күші.

Ойшыл жастардың сұрақтары да кесек. Олар жетістікке жетудің жалғыз жолы жеңімпаз адамдардың жолын қайталау екенін біледі. Сол үшін Президент бастамаларын қос қолдап жақтайтындарын айтады. Мәулен Әшімбаев болса партия көшбасшысының жүргізіп жатқан үш стратегиялық бастамасына тоқталды. Оның бірі Қазақстан болашағына салған инвестициясы - «Болашақ бағдарламасы» екенін айтады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл бастаманы біз инвестиция ретінде қарай алатынымыз, өйткені оның жақсылығы, нәтижесі бір жылда көрінбейді. Мінекей, 25 жыл өткенен кейін ғана осы бағдарлама өзінің алғашқы нәтижелерін беріп жатыр деп айтуға негіз бар. Осы бастаманың аясында мықты университеттерді тәмамдаған біздің азаматтарымыз бүгін министр, әкім лауазымында, Президент әкімшілігінде, біздің партиямызда елге қызмет етіп жатыр.

"Nur Otan Talks" кездесуінде Президенттің мақаласы талқыланды. Жастардың осы орайда пікірі тыңдалып, сауалдарына жауап та қайтарылды. Жастармен кездесуге келген адамдар салаларында үлкен жетістікке жеткен жандар. Оның ішінде әйгілі кардиохирург Юрий Пя, қоғам белсендісі Аружан Саин, Дархан Қыдырәлі секілді белгілі тұлғалар өздерінің жетістік құпияларымен бөлісті.

Юрий ПЯ, «ҰЛТТЫҚ КАРДИОХИРУРГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Көп дүние айтылды. Жастардың осылай Елбасын қолдап, сол кісіден үлгі алып, жігерленуі өте қуантады. Осы орайда оларға нағыз көшбасшы болғыңыз келсе, әр жұмысыңыз адамдарға жақсылық алып келуі керек дер едім.

Исламбек БАЙМАНОВ, ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ:

Осындай кездесуді "Нұр Отан" партиясы жиі өткізіп жүр. Бұл жастарға үлкен күш береді. Ашық алаңда Президент ұсынған бастамаларды талқыладық. Бәрі нақты, түсінікті тілде болды. Ол кісінің соңғы мақаласы жастар үшін тарихымызға деген көзқарастың жеті заңы деп түйдік.

Уатхан Қабылтайұлы «Біздің уақыт»