Батыс облыстарда Кавказдан - Грузия, Армениядан көлік тасу көбейген..Жоғары класты, комфорт мәшинелер. Жарты бағасына алады екен - мысалы, бізде 6 млн тг тұратын «Киа Оптима» ол жақта 2,5-3 млн теңге көрінеді. Алайда қанша көлік келгенін полиция да, мемлекеттік кірістер департаменті де білмейді. Өйткені бұл көліктер елімізде тіркеуге алынбайды. Армениядан келген қонақ сияқты бір жылға дейін еркін жүре алады. Бір жылдан кейін ол көліктер кері шығарылуы керек. Бірақ ... қойшы әйтеуір, әлгіндей машиналар жүйткіп жүргенімен санда болмайды. Салық төленбейді. Ең жаманы - жолда адам қағып, қашып кетсе, полиция таппайды. Адамдардың арзан көлік алу ниетін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен бір хикаяға іліксе, кім ара түседі? Еркін Кариннің материалы.
Демалыс күндері Оралдағы көлік базарында сауда қыза түседі. Алушылар арзан мәшине іздесе, сатушылар қымбатқа өткізуге тырысады. Хусаин да солардың бірі. Биыл жазда Армениядан әкелген көлігін, айтуынша, арзанға сатпақ. Алайда мақтауын асырған темір тұлпардың «жатжерлік» екенін көргендердің көңілі күпті.
Хусаин КӨЛІК, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Грузия да, Армения да Қазақстан сияқты мемлекет.Бүгін бар, ертең жоқ уақытша мекеме емес. Қорқатын түгі жоқ. Бүкіл құжаттар заңмен рәсімделеді. Мына мәшинені өзіме алғам, алушы табылса сатылар. Сатылмаса өзімде қалады. Бәрібір мұндай сапасы мықты көлікті Оралдан арзанға таппаймын.
Расул да армяндық автоға аяқ артты. Жазда достарымен бірге Кавказ асып, ұнаған көлігін алды. Өйткені көлікті өзің айдап әкелсең, әлдеқайда арзанға шығады, дейді.
Расул СҰЛТАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менікіндей көлік Қазақстанда кемі 6 млн.теңге. Ал Армениядан осыны жарты бағасына алдым. Ол жақта жоғары сапалы көлік өте көп. Тіпті Грузиядан, басқа елдерден де тасылып жатыр. Базардан ұнаған мәшинені таңдайсыз да, 60 доллар төлеп, сол жаққа уақытша тіркеуге тұрасыз. Сосын көлік сіздің атыңызға рәсімделіп, жаңа нөмір беріледі. Көмектесетін делдалдар да бар.
Ресейдің Оралмен іргелес бес облысын қанағат тұтпағандар қазір Расул сияқты Армениядан арзан көлік әкелуге құмар. Бұл дүрмекке түгел қосылған еліміздің батыс өңірлері полицияның жұмысын қиындатты. Өйткені бейнебақылау жүйелері сырттан әкелінген көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірін ажырата алмайды. Осыны біліп алғандар тәртіпті жиі бұзады екен.
Кенжебек ҚҰСПАЕВ, БҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы шетелден кірген көліктің бізде есебі жоқ. Себебі олар ешқандай есепке қойылмайды. Армениямен бізде мәселе туындап отыр. Себебі біз ол жаққа сұранысты тікелей жібере алмай отырмыз. Минск конвенциясы бойынша ішкі істер министрлігі арқылы ғана жіберуіміз керек. Жол-көлік оқиғасын жасап, жасырынып кететін болса, егер біздің өзіміздің тізімде болмасе, оларды анықтап табу өте қиын. Себебі олар еш жерде тіркеуде жоқ.
Тіркелмейтін көлікті түгендеу үшін полиция арнайы рейд ұйымдастырып, «келімсектер» тізімін жасақтап жатыр. Осылайша бір ғана Ресейдің өзінен Оралға 2 мың көлік әкелінгені анықталыпты. Құжаттары тексерілген үш көліктің ұрланғаны мәлім болды. «Түбі шикі» тағы 16 мәшиненің мемлекеттік нөмірі тәркіленіп, келген жағына кері қайтарылды.
Кенжебек ҚҰСПАЕВ, БҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жол жүру ережесін бұзып, айыппұл салынған 130 автокөлік анықталып, айыппұлдарын төледі. Бір автокөлікті арнайы тұраққа апарып қойдық. 2 миллионға тарта айыппұл салынған екен. Ана көліктің құны айыппұлдан екі есе аз ғой.
Тексерудің жиілеуі жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан. Құжаттан қате таппаса да, әбден ығырымызды шығарды дейді.
Манарбек КУШАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күніне жұмысқа келе жатқанда екі-үш рет тоқтатады машинаны. Және айтамын: осы жаңа тоқтаттыңыз, ана көшеде тоқтаттыңыз. Қайта-қайта тоқтатып несі бар десем, «жоқ, бізде қазір рейд жүріп жатыр. Ресей машинасын тексеріп жатыр, шетел машинасын тексеріп жатыр деп қоймайды. Бұл не масқара? Қазір түсінемін енді тексеріп жатыр. Евразийский союз дейді. Сонда Евразийский союздің аты бар да, заты жоқ па, сонда? Осындай Евросоюздерде шетелде машиналар бір-біріне кіріп-шығып жатады. Ешкім тексермейді. Біз неге солай болмаймыз?
Әзірге бұл көліктер елімізде бір жыл кедергісіз жүреді. Содан кейін жағдайы қиындайды. Өйткені полиция техникалық байқаудан өтпеген көлікке қатал қарайды. Айыппұлдан көз ашқыңыз келмесе, жыл сайын Кавказ асуға тура келеді. Бірақ қазақтарға сатқан мәшинені армяндар есептен шығарып жіберсе, бұл көліктер «төркініне» қайта кіре алмайды. Немесе төленбеген салық үшін Арменияға қарыз болып шығуыңыз да мүмкін. Ал көлікке іздеу салса, одақтас елдер полициясының құрығы ұзын - үйден аттап шыға алмайсыз. Сондықтан алыпсатарлар берген сенімхатқа сеніп, күманды көлікті сатып алмастан бұрын әбден ойланған жөн.Санда бар, санатта жоқ көліктер қазір мамандардың өздерін дағдартып отыр.
Қобыланды АМАНОВ, БҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Сол учеттан шығарып тастаған машина кімдікі болады? Номері армянский, техпаспорты армянский. Азамат – Қазақстандікі. Өзімізге де түсініксіз болып тұр. Сол ситуациядан қалай шығатынымызды өзіміз де білмейміз. Негізі Қазақстан Республикасының азаматы Арменияда тіркелмеуі керек.
Мамандардың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одаққа 2014 жылы кірген Армения бірегей кедендік тарифті алдағы екі жыл бойы жеңілдетілген бағаммен төлейді. Осылайша өз аумағындағы тауарларды, мұның ішінде көліктер де бар, одақтас елдерге шығармауға міндеттенген. Бірақ соған қарамастан, жеңіл көліктерді Қазақстанға сатып жатыр. Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі керек дейді. Әзірге «ЕУРО-5» стандартына сай көлікті елімізге әкелуге болады. Бірақ Қазақстанда тіркетіп, мемлекеттік нөмір алуға екінің бірінің жағдайы жетпейді.
Өйткені салық мөлшері көліктің жылы мен қозғалтқышының көлеміне байланысты құбылады. Қозғалтқыштың әр текше сантиметріне көлік иесі 3 еуро баж салығын төлейді. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 2 300 текше сантиметр десек, осыны 3 еуроға көбейтеміз.Шыққан көбейтінді - 6 900 еуроны өзіміздің ақшаға айналдырсақ, салықтың өзі 3 миллион теңгеге жуық. Сонда алыстан арзанға бұлдап әкелген көліктің құны еселеп қымбаттайды.
Олжас ОҚАС, САРАПШЫ:
Өзіміздің ұлттық брендпен көлік шықпайды. Қазақстанда жиналып, құрастырылатын көліктердің барлығы шетелдік брендпен, Ресейде немесе басқа мемлекеттегі бағадан әлдеқайда қымбат. Өйткені сондай кедергілер қойып тастаған. Бізде білесіздер, Кедендік одақ бар. Дұрыс емес шарттардың кесірінен қарапайым қазақ халқы қиналып жатыр, көлікке міне алмай. Міне, бүкіл проблема осында болып тұр.
Арзан көліктің көбеюі автосалондардың саудасына кесірін тигізе ме? Осы сауалдан үндемей құтылған дилерлер әліптің артын бағып, тіс жармады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын, бір жол бар жақын, жақын болса да алыс, деп басталатын ескі тәмсіл есіңізде шығар. Шетелден арзанға әкелген көлігі жүйкеге жүк болған отандастарымыз қазір не істерін білмей дағдарып отыр. Мамандар Қазақстанда кедергісіз жүру үшін көлікті заңға сай рәсімдеу керек дейді. Ал мұны қалтасы көтермегендерге мәшинені сатып алған жеріне кері тапсыруға әлде қосалқы бөлшек ретінде арзанға сатуына тура келеді. Қалай десек те, тұтынушы ұтылушы болып тұр.
Еркін Карин, Олжас Нұржақып, Наурыз Халит «Біздің Уақыт