Ал, Астанада мерекелік демалыс күндері көктайғақ кесірінен жүздеген адам түрлі жарақат пен медициналық көмекке жүгінді. Дені аяқ-қолдарын сындырса, араларында бұғанасын шығарып, тіпті, ашық тұрған құдыққа құлағандар да бар.
Астанадағы травматологиялық пункттердің мамандары үш күн бойы дамыл таппады. Демалысты пайдаланып, түрлі себептермен үйлерінен шыққан жұрт көктайғақтың құрбаны болып жатты. Осы күндері қаладағы үш бірдей травматологиялық пунктіге 300-ге жуық адам көмек сұрап келсе, кейбірін жедел жәрдем тура көшеден жеткізіпті. Жарақаттары тым ауыр он тұрғын ауруханаға жатқызылды. Олардың бәрі бұған қаланың коммуналдық қызметін кінәлап отыр. Айтуларынша, мұз басқан қала көшелеріне не құм, не тұз себілмейді.
Алексей СОЛОД, АСТАНА ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС ТРАВМАТОЛОГЫ:
Демалыс күндері 278 адам көктайғақтың кесірінен зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 146 бала бар. Абырой болғанда, ауыр жарақат алғандар аз. Он адамды ауруханаға жатқыздық.
Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Алдағы күндері күн жылынғанымен, апта соңына қарай тұратын қатты аяз қала көшелерін тағы да көктайғаққа айналдыруы мүмкін.