Русский Сайттың толық нұсқасы

Шаруалар бидай экспорттай алмай отыр

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2018
  • 4257

Павлодарда диқандар астықты экспорттай алмай әлек. Қалқаман элеваторына құйылған 21 мың тонна бидай бір екі күнде Өзбекстанға жөнелтілуі тиіс. Бірақ, үлгермеу қауіпі басым. Сатып алушылар астықты желтоқсанның 10-ы күні күтеді. Егер, шарт бұзылса, қожалық қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр. Ал, «Қазақстан Темір Жолы» Өзбекстан тарапын айыптайды. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Павлодарда қырыққа жуық шаруа қожалығы экспортқа дайындаған 21 мың тонна бидайды сата алмай әуре-сарсаңға түсті. «Басты себеп-вагон тапшылығы»-дейді диқандар.

Қалқаман элеваторының сыйымдылығы 26 мың тонна. Қазірде қамба толуға жақын. Сондықтан, астықты іріктеп қабылдайды. Салдарынан бидай артқан көліктер бірнеше тәулік тұруға мәжбүр. Серік Шамболов Ертіс ауданынан келген, осы жерде үш күннен бері тұр.   

Серік ШАМБОЛОВ, ЖҮРГІЗУШІ: 

Енді не істейміз? Үйге бара алмайсың. Бидайды апармайсың ғой. Мында әкеп төгу керек. Сол үшін міне тұрмыз. Машинада ұйықтаймыз. Жатамыз. Асты машинада ішеміз. Квартира машинамыз. Міне. Қайда барамыз енді?

«Замандас» қожалығы элеваторға 3 жарым мың тонна бидай, 700 тонна арпа мен 150 тонна шемішке салған. Қамбадағы дайын өнім сатылса, қайта әкелуге әзір.    

Балғабай БАКИШОВ, ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ: 

Бидайды сата алмай жатырмыз. Сату үшін вагон керек. Вагонды қазан айынан бері, қазан, қарашада сол вагон табылмай жатыр. Білмейміз не істейтінімізді.

Ерлан ТОҚТҰШАҚОВ, «ЕРТІС АГРО» АӨК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: 

Бірінші бізге штрафной санкция болады. Неге десеңіз контракт ғой. Екінші мәселе, өзекті мәселе-ертең қалай олардың алдында қара бет боламыз ғой. Бізбен ешкім жұмыс істемейді.

Астық таситын вагон тапшылығын «Қазақстан Темір Жолы» өкілдері растады. Айтуларынша, жүк көлігін дұрыс пайдаланбайды. Яғни, екі ел арасында вагон айналымы жоқ.  

Дәулетбек НЫҒМЕТОВ, «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» АҚ ПАВЛОДАР ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің бидай таситын 331 вагонымыз қазір Өзбекстанда тұр. Оның 237-і он тәуліктен артық сонда тұрса, 28-інің өзбек жерінде тұрғанына 25 тәуліктен асты. Сондай-ақ, 1410 жабық вагонымыз да сол елде тұр. Яғни, Өзбекстандық жүк алушылар біздің вагондарды уақытында босатпай жатыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

«Қазақстан теміржолы» өкілінің сөзінше, қос мемлекет арасында астық таситын вагондарға жауапты арнайы компания бар. «Диқандар сол кәсіпорынмен шартқа отырып, жұмыс істеуі қажет»-дейді ол. Ал, әзірге бұл мәселені назарда ұстауға уәде берді.

Ә. Мұхитқызы