Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия Сириямен арадағы шекарасын түбегейлі жабуға ниетті

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2016
  • 2006

Сирияға енді Түркияның жаяу әскері кіргізілуі мүмкін. Дәл осылай деп Батыс басылымдары жарыса жазып жатыр. Әрі оны сенімді ақпарат көздері таратқан деседі. Бұған тек Режеп Тайып Ердоғанның басты жақтасы - Вашингтон - бейтараптық танытып отыр. Ал Түркия Сириямен шектескен аймақтарында қауіпсіздік үшін тас қамалдар соға бастаған.

Түркия шабуылға шындап дайындалып жатқандай. Бүгін ел президенті Режеп Тайып Ердоған қарсы топты қолдап отырған күштерге тағы бір мәрте ескертуін жолдады. Себебі бейресми ақпарға қарағанда, күрдтерге түрік шекарасына таяу тұстан қосымша күштер жіберіліп жатыр екен.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Мен қарсы топты қолдап отырғандарға тағы бір мәрте айтайын: күрдтердің Халықтық күштер қорғанысы және «Демократиялық одағы» партиясы - бұл нағыз ланкестік ұйым. Сондықтан тарих оларды қолдағандарды кешірмек емес.

Әрине, Ердоған ескертуін тікелей Башар Асад пен Ресейге бағаттайды. Себебі соңғысының келуі Сириядағы президент жағдайын өзгертіп отыр. Тіпті күрдтер тойтарысқа дес бермейтін жағдайға жеткен. Түркияны қорқытатыны да - осы.

Хұссейн Багчи, Таяу Шығыс техникалық университетінің профессоры:

Ескеретін жайт - Түркия өз шекарасын қорғауға талпынып жатыр. Сондықтан бұл қауіпсіздік үшін жасалып отырған амал. Егер шекарада бақылау болмаса, қарсы тарап елдің бір бөлігін басып алуы мүмкін. Ресми Анкара бар күшін салып, жағдайды бақылауы тиіс. Бұл тікелей күрд ұйымдарына да қатысты.

Дейтұрғанымен, жағдай қаншалықты насырға шапса да, түріктердің ашық соғысқа көшуін ешбір ел қолдап отырған жоқ. Тіпті Анкараның геосаясаттағы басты серіктесі Вашингтон да. Әзірге Америка мемлекеттік департаменттің жауабы - Сирияға ешбір жаяу әскер жіберілмейді дегенге саяды. Барак Обама да үнсіз қалмады.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Бұны мен масаттанайын деп айтып тұрған жоқпын. Бірақ Путин мен менің арамда ешқандай бәсекелестік жоқ. Кикілжіңді тоқтатуға екеуіміз де мүдделіміз. Аймақтар арасында миграция дендеп, қауіпті жағдай орын алып тұрғанда. Мектептерді, ауруханаларды бомбалап жатыр. Мұндай террорлық әрекетті тоқтату керек.

Халықаралық  сарапшылар да жаяу әскер операциясының біржақты жүргізілуі мүмкін емес екенін айтады. Егер Түркия ондай әрекетке барса, жақтастарынан айырылуы бек мүмкін. АҚШ-тың да, НАТО-ның да. Сондықтан Түркия билігі Сириямен арадағы аумақты түбегейлі жауып тастауға ғана мүдделі. Қазір екі ел арасындағы кикілжің күшейген жер - солтүстікте сақтық шарасы қатайтылып, тіпті «қауіпсіз қабырға» жобасы қайта қолға алынса керек. Қазір Сириямен шекаралас аймақтарда биіктігі 3 метрге, ұзындығы 40 шақырымға жететін тас қамалдар тұрғызыла бастаған. 

Құралай ПИОНЕР