Русский Сайттың толық нұсқасы

Хат танымайтын 7 баланың анасы...

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2018
  • 5641

7 баланың анасы Жанар Кауменова хат танымайды. 35-тегі келіншек әріпті енді үйреніп жүр. Балалары «мына жерде қалай жазылады, қалай оқиды?», дегенде қиналып кеткесін. Сосын «хат танымайсыз» деп жұмысқа алмайды екен...

Алтын алқалы ананың қайғысы бұл ғана емес. Астанаға көшіп келгелі 14 жылдан бері пәтер жағалап жүр. Қазір 32-ші жатағында тұрып жатыр. Диана Сапарқызы жалғастырады.

Бұл 7 баланың анасы Жанар Кауменова. Балалар үйінде тәрбиеленген. Мақта теріп өскен. Хат танымайды. 35-тегі келіншек оқуды енді бастады.

Жанар КАУМЕНОВА, АЛТЫН АЛҚАЛЫ АНА:

Қазір, мысалы, өзім де қиналып қаламын. Өйткені балаларым сұрайды: "Мама, мына жерде қалай жазылады, мама, мына жерде қалай оқытылады?" - деп. Сонда ешетеңе айта алмаймын. Сол кезде қатты қиналамын. Қысыламын балаларымнан. Негізі оқығым келеді. Қанша дегенмен білімің болмаса қиын екен. Көп жерлерге жұмысқа бардым. Осы себеппен шығарып тастады. "Оқи алмайсыз, хат танымайсыз, жаза алмайсыз, ренжімеңіз, сізді жұмысқа ала алмаймыз", - деп. Кірген жерімде бір ай ғана істеймін. Одан артық істей алмаймын.

Алтын алқалы ананың қайғысы бұл ғана емес. Отбасы Шымкенттен Астанаға көшіп келген 14 жылдан бері пәтер жағалап жүр. Бұл 32-ші жатақ. Әкімдіктегі кезекте 10 мыңыншы болып тұр. Сондықтан әлі де 30 шақты бөлме ауыстыратын түріміз бар, дейді ана.

Жанар КАУМЕНОВА, АЛТЫН АЛҚАЛЫ АНА:

Көп кісілер бар ғой қайырымдылық істейтін. Сондай кісілер көрсе. Үй жағынан көмектессе екен деймін. Мынадай пәтерде қиналып кеттік. Расын айтқанда балаларым қиналып кетті, өзімнен бұрын. Кейде ойланам, балаларымды өткізіп тастайын ба үкіметке деп. Өткізсем де ол жақтада қайбір рахат болады дейсің. Өзім өстім ғой сондай жерде, білемін.

Диана САПАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жанардың тұрмысымен таныс болдыңыздар. Енді тағы бір Алтын алқа иегері Гүлшат апайдың үйіне келіп жеттік. Гүлшат 10 баласымен мына үйді жалға алып отыр. Айына 50 мың теңге төлейді. Отағасының жалақысы 45 мың, сондай-ақ 10 балаға төленетін 39 мың жөргек ақысы бар. Бұл шаңырақтың көп есепті қажет етпейтін бар табысы осы. Мына бөлмеде ас ішіледі. Ал екінші бөлме - жатар орын. Пеш үздіксіз жағылса да, үй салқын екен...

Гүлшат ЖҰМАҒАЛИЕВА, АЛТЫН АЛҚАЛЫ АНА:

Пәтерден шығарып жіберетін уақыттарда қиналамыз. Төбесінен су ағып жатады.Сол кезде басқа пәтер іздейсің. Иә болмаса тарлық етіп жатады. Өте тар. Міне осындай жерде тұрдық сегіз баламен. Дәл осындай жерде. Қазір осындайдың екеуі бар ғой, шүкір. Екі үш күн көшіп келгенде айтам да. Пәтер жалдап жүрген жылдардың ішінде бір жарыған үйім деймін. Бірақ осындай аядай ғана жерде тұрып келдік. 19 жыл бойы пәтер жалдап келеміз.

Гүлшат өзі сияқты бірнеше ананың басын қосып, әлеуметтік желіден чат ашқан. Тағдыры бір, тіршілігі бір аналар. Ол чат күнделікті тағдыр тауқыметін бөлісетін ақпарат алаңы және көздерінің жасын сүртетін беторамал секілді.

Гүлшат ЖҰМАҒАЛИЕВА, АЛТЫН АЛҚАЛЫ АНА:

Ашу мақсатымыз кемедегінің жаны бір дейді ғой. Жетеуміз. Бәріміздің тағдырымыз бір. Бәріміз пәтер жалдаймыз. Бізді білесіздер, ешқандай жер алмайды. Балаларың көп деп алмайды. Группаға шығып резеңке етік бар ма, қаражатым болмай тұр алатын. Қыстық етік бар ма, курткаларың бар ма деп, бір-біріміздікін ауыстырып киеміз.

Бұл алтын алқалы екі ананың ғана әңгімесі. Елде бұйығы өмір сүріп жатқан, ішкі дүниесі өрт, жатағы мұздай, арасында талғажау қылатын таппай қалатын талай отбасы бар...

Диана Сапарқызы «Біздің уақыт»