Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Астанада 120 жоба қолдау тапты-«Даму» қоры

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2018
  • 3547

Биыл Астанада 120 бизнес жобаға 27 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы «Даму» қоры баспасөз туры барысында хабарлады. Сондай-ақ, елордалық 58 кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы арқылы 380 млн теңге қарыз алған. Олардың ішінде көпке таныс емес бизнес түрлері де қолдау тапқан. Несие алғандар қандай кәсіп ашты? Тілші сабақтайды.   

Астаналық Маржан Абулханова қордың қолдауымен биыл балаларға арналған шығыс жекпе-жегі оқыту-жаттықтыру орталығын ашты. Кәсіпкердің екі қызы 15 жыл бойы кәсіпқой жаттықтырушы болғандықтан, отбасылық кәсіп ашуды ойлаған. Көп ойламай, Маржан каратэ мектебін ашуға бел буады. Қазір орталықта 45 бала жаттығады. Оның ішінде 11 бала жүлделі орындарға ие болып та үлгерген. Жас кәсіпкер бизнес-идеясына қажетті 6 млн теңгені «Еңбек» бағдарламасы арқылы 6%-дық несиемен алған.  

Маржан АБУЛХАНОВА, КӘСІПКЕР:  

Мен өте ризамын «Дамудан» осыдай көмек бергеніне. Мен сенбеп едім «Дамудан» осылай көмек алатынымды. Енді мінекей балаларға осындай қызмет көрсетіп жатырмыз.

Сонымен қатар, елордада көпке таныс емес кәсіп ашылды. Ол-коворкинг орталығы. Әрбір іскер адам бұл жерде жұмыс орынын кез-келген уақытта жалға ала алады. Мұндай орындар фрилансерлер, жас кәсіпкерлер пен старт-ап командалар арасында танымал. «Даму» қоры ерекше кәсіпке жиһаз бен керек-жарақтарды сатып алуға қарыз берген.  

Азамат ҚАППАС, КӘСІПКЕР: 

Коворкинг форматы көбіне шетелде, яғни, Еуропада таралған. Ресей мен Украинада бұл кәсіп дамып жатыр. Ал, бізге енді келіп отыр. Кәсіпті жүргізу өзгеріп жатыр. Барлығы еркін жерде келіссөздер жүргізіп, істі ақылдасқанды қалайды.

Сондай-ақ «Astаna Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы да қолдау алды. Биыл 2 жаңа өндіріс оны ашылып, 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Қазір компанияның 5 облыста филиалы бар. 

Нұрсұлтан АБДОЛЛА, «ДАМУ» АҚ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

«Даму» қоры 20 жылдан бері кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. Соңғы уақыттарда ерекше замануи бизнестің түрлеріне несие беріп жатырмыз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы әртүрлі бағыттағы 50 жобаны мақұлдадық.

2010 жылдан бері 700-ден астам кәсіпкердің ісі қолдау тапты. Ал, биыл кепіл беру арқылы 79 жобаға 1 млрд теңгедан астам қаражат бөлінген.  

Д. Сапарқызы