Русский Сайттың толық нұсқасы

Допинг қолданғаны анықталған спортшылар алған сыйақыларынан да айырылмақ

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2018
  • 1692

Допинг қолданғаны мәлім болған спортшылар спорттық атақтарымен қатар сыйақыларынан да айырылмақ. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланған допингке қарсы заңнамада осы мәселе көтерілді. Биылдың өзінде тексерістен өткен 3 мың спортшының допинг сынамасы оң болып шыққан. Сондықтан, жиын мүшелері алдағы уақытта допингке қарсы тексерістерді заңмен қатайтатындығын айтты.  

Елсияр ҚАНАҒАТОВ, ҚР ҰОК ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Допинг пайдаланған спортшы тек елдің абыройын жоғалтумен, өз денсаулығына зиян тигізумен ғана шектеліп қоймайды. Көптеген жылдар оның жақсы спортшы болуына мемлекет тарапынан жағдай жасалып, миллиондаған қаражат бөлінеді. Ал, спортшылар допингпен ұсталғаннан кейін халықаралық жарыстардан шектетіледі. Сондықтан, оған бөлінген миллиондаған қаражат босқа далаға шашқандай болып қалады.  

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Қазақстанға допингке қарсы зертхана лицензиясын қайтарып беруі мүмкін. Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков осылай деп мәлімдеді. Айта кетсек, қазақстандық зертхана 2011 жылы белгіленген ережелерді сақтамағаны үшін аккредитациядан өтпей қалған болатын.  

Сәкен МҰСАЙБЕКОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Біз бұл лицензияны қайтарып алу үшін біраз жаңартулар енгіздік. Қазір зертхана жаңа ғимаратта орналасқан. Алдағы уақытта арнайы комиссия келіп, өз шешімін шығарады. Жалпы жаңарту жұмыстарына 1 млрдқа жуық қаражат жұмсалды.

Ә. Өмірзақ