«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы «Кселл» ұялы байланыс операторының акцияларын сатып алды. Келісім шартқа қол қою шарасы «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз орталығында өтті. Ұлттық оператор «Кселл» мен «Telia Company» фирмаларының 24 пайыз, «Fintur» компаниясының 51 пайыз акциясына ие болды. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев тариф ақысы көтерілмейді. Бірақ, байланыс сапасы нашарламайды деп сендірді.
Бір жыл бойы жүргізілген келіссөздер нәтижелі аяқталып, «Қазателеком» «Кселл» компаниясының барлығы 75 пайыз акциясын иемденді. «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов бұл шара отандық байланыс қызметін жаңа сатыға көтереді деп сендірді. Сондай- ақ, алдағы жылы компания акцияларының IPO арқылы сатылатынын ескерсек, бұл келісім оның құнын едәуір қымбаттататыны анық.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, келісім-шартқа қол қоймас бұрын отандық байланыс операторы «Кселл» компаниясының қаржылық жағдайын зерттеп, инвестициялық талдау жүргізген. Барлығы халықаралық талапқа сай болып шыққан. Ал, тұтынушыларды жаңа қызметтер күтіп тұр. Бірақ, тариф көтерілмейді.
Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ , «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Тариф сол күйі қалады. Регулятор да айтып жатыр, Елбасы да айтқан, тарифті көбейтпейміз. Жұмысты ары қарай істей береміз. Соған қарағанда біздің абоненттер жаңа қызметтерді көре алады. Жаңа интернет тарифтер, жаңа сервис қызметтер көрсеткелі жатырмыз. Біз енді бастағанда «Алтел 4G» болғанда біз көрсеттік, интернеттің қалай болатынын. Енді «Кселлдің» ішінде де солай істей аламыз.
Келісім-шарттың нақты сомасы айтылмағанымен, «Қазақтелеком» «Кселлдің» жалпы құнын 615 миллион доллар деп бағалапты. Бұл келісімге рұқсат бермес бұрын, Монополияға қарсы күрес агенттігі «Қазақтелекомға» бірнеше шарт қойған. Бастысы-тарифті көтермеу және байланыс сапасын арттыру. Келісімнің арқасында шалғай ауыл тұрғындары да 4G интернетінің қызығын көрсе, алдағы үш жылда оның да жылдамдығы артады. Айтпақшы, ұялы байланыстың жаңа иелері «Кселл» және «Актив» брендтерін сақтап қалмақ.
Г. Тасболатқызы