Қоғамдық мәселелердің 40 пайызға жуығы партия есебінен шешімін тапты. Қазір бұқара мәселелерін шешу үшін бірінші кезекте «Нұр Отан» партиясына жүгінеді. «Бұл бірегей партияға деген үлкен сенімі»-деді «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Әділдік іздеп, мәселесін шеше алмаған жұрт «Нұр Отан» партиясына жүгінеді. Өткен жылы елдегі 97 мыңнан аса азамат қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп, партиядан көмек сұраған. Мәулен Әшімбаев мұндай сенімнен айырылып қалмай, ары қарай халық игілігі үшін жұмыс жасау керектігін айтты.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің қоғамдық қабылдаулар ашық болуы өте маңызды. Халықтың айнасы іспетті болуымыз керек. Аймақтағы мәселелерді сіздер арқылы білеміз. Сондықтан да есік қағып келген әр тұрғынның мәселесіне құлақ түріп қана қоймай, оның шешілуін аяғына дейін қадағалау керек. Халықтың сенімі-бұл партияның ең басты мақсаты.
Биыл партия 30 мыңнан астам қабылдау өткізген. Бұл мыңдаған адам проблемасын арқалап келді деген сөз. Оның 40 пайызға жуығы оң шешімін тапқан.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы жылы 130 мыңнан астам адам партия көмегіне жүгінген. Бұл халықтың партияға деген сенімі артып келеді деген сөз. Көбіне халық сот процесі турасында көп шағымданған. Әрине, құзыретті органға қарсы шықпаймыз. Бірақ, осы орайда партияның «Заңгерлік көмек» жобасы тиімді іске асты. Онда еліміздегі адвокаттар тегін кеңестерін өткізіп, халыққа көмектесті.
Халық проблемасына құлақ, түріп, оны шешудің жолдарын таба білген партия ұжымы анықталды. Оларға «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» жүлдесі табысталды. Бас жүлдені Алматы қалалық филиалының ұжымы алды. Айта кетсек, елде партияның 230-дан астам қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді.
У. Қабылтайұлы