Қызылжар өңіріндегі ауыл тұрғындары сүт зауытынан ақшаларын ала алмай жүр. Кәсіпорын алты елді-мекеннің халқынан сүт алған. Мамыр айында. Артынша хабар-ошарсыз кеткен. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин бұқараның мұңын тыңдап, жауапты тұлғаларға жолығып көрді.
Ольга Боброваның бес сауынды сиыры бар. Сүт сатып төрт баласын асырап отыр. Айтуынша, жазды күні сүт зауыты олардың мыңнан астам литр сүтін қабылдап, ақшасын әлі күнге дейін қайтармаған.
Ольга БОБРОВА, КАМЫШЛОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күніне елу литрден тапсырып отырдым. Сүт зауыты маған 114 мың теңге қарыз. Адал еңбегім ғой. Қысты күні мал сүт бермейді. Сондықтан, бұл ақша бізге ауадай қажет болып тұр.
Тұрғындардың айтуынша, сүт зауыты бір емес, бақандай алты ауылдың жұртын тақырға отырғызып кеткен. Кәсіпорын тек Аққайың ауданындағы Камышлово ауылының өзінде 40 шақты адамға қарыз көрінеді. Халық берешегі бір жарым миллион теңгеден асады деп отыр.
Елена СУЩИК, КАМЫШЛОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл сүт зауытымен 13 жыл жұмыс істеп келдік. Алдында қарыз болып қалса, бір-екі айдан кейін қайтарып беретін. Бұл жолы жеті ай болды алашағымызды ала алмай отырғанымызға.
Антонина КУРАХИНА, КАМЫШЛОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сүттің литрін 80 теңгеден тапсырып отырдық. Енді олар қарызды тауармен қайтарамыз дейді. Мен олардың үш есе қымбатқа сатып отырған сүтін қайтемін? Зауыт шығарып отырған өнімнің бәрі өзімде де бар. Ауылда дені дұрыс жұмыс жоқ. Жұрт малмен күн көріп отыр.
Мамлют ауданындағы тұрғындар мұңы да осы. Әлеуметтің кәсіпорыннан төрт айдың ақшасын ала алмай отырғандарын айтты.
Елена КОЗЛОВА, ЧИСТОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз мамырдың 27-нен бастап, қазанның біріне дейін сүтті тапсырып отырдық. Ақысын үзіп-үзіп береді. Бүгін мысал ретінде, бір аптаның ақшасын әкеліп берді. Маған 160-170 мың теңге қарыз. Кейбіреулеріне 200-300 мың теңге берешек. Мамлют ауданы бойынша төрт ауылдың алдында міндеті бар.
Қарашаның базынасын арқалап, сүт зауытының өзіне бардық. Алдымен тілшілерді әңгімелесуге шақырған кәсіпорын жетекшісі кейін табан астынан тілдесуден айнып қалды.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Жергілікті билік өкілдері бұл проблемаға қатысты ресми жауап беретіндерін жеткізді. Бірақ уақытын нақтыламады. Қазір мәселе шешіліп жатқан көрінеді. Ал, бұқара болса, не істерін білмей дал. Сотқа да шағымдана алмай отыр. Себебі, сүт зауытымен ресми түрде келісім-шарт жасаспаған. Арам ойдан ада тұрғындар кәсіпорын өкілінің жай ғана сөзіне сенгендеріне сан соғып отыр.
А.Құрманкин