Атыраулық автокөлік жүргізушілері Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше сыйға ие болды. Аймақта мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Көлік жүргізушілері автокөлігіне қатысты барлық қызмет түрін бір ғимараттан шықпай-ақ, жедел түрде ала алады.
Бағытжан Байдабайұлы автокөлігін сатып, есептен шығаруға келіпті. Оған қоса жаңадан көлік алған. Оны ұлының атына рәсімдемек. Осы шаруалардың бәрі бірер сағатта біткеніне қуанышты. «Бұрын бірнеше күн сабылып жүруші едік»-дейді.
Бағытжан БАЙДАБАЙҰЛЫ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өте тиімді. Барлығы бір жерден документтердің барлығы. Бұндай жағдай болмаған бұрын енді. Өзіміз куә болып отырмыз. Оның үстіне документтерімізді ауыстырып жатырмыз, жаңа құжаттарымызды. Қазір бір-екі сағатта дайын болады деп жатыр. Оның барлығы халыққа тиімді зат қой бір жерден болған соң. Бұрын әр жерге барып шауып жүретін едік.
«Атырау-Астрахань» тас жолы бойында ашылған ғимарат 4 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда тәулігіне мыңға жуық адам келіп, қызмет ала алады. Бір мезгілде 25 жүргізуші куәлігі беріліп, 15 куәлік рәсімделеді. Тәжірибелік емтихандарды арнайы жабдықталған бөлме мен автодромда тапсыруға болады. Орталықта әкімшілік полиция, медицина мамандары да қызмет көрсетеді. Жүргізушілерге қолайлылық жасау үшін төлем кассалары да орнатылған.
Мұрат ЖҰМАНБАЙ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Атырау қаласы мен облыстың тұрғындары еліміздің басқа аймақтарының тұрғындары сияқты автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу сияқты мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидасы бойынша бір жерден бір жарым сағат ішінде ала алатын мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Осы жерге келіп жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан және арнайы автодромда тәжірибелік емтихан тапсырып, тиісті мерзімде жүргізуші куәлігін алуға болады және автокөлікті тіркеп, қайта тіркеуге мүмкіндік бар.
«Аймақта қолға алынған осындай цифрландыру жүйелері мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, жылдам жасалуына жағдай жасайды»-деді жиналғандар. Айта кетейік, қазіргі таңда елде осындай 16 мамандандырылған орталық пен 5 сектор жұмыс істейді.
Б. Нәдірқызы