Русский Сайттың толық нұсқасы

Санкт-Петерборда Қазақстан азаматы қаза тапты

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2017
  • 2975

Ресейден қаралы хабар жетті. Өкінішке орай, Санкт-Петербордағы лаңкестік әрекетте бұған дейін із-түссіз жоғалды делінген қазақстандық студент Максим Арышев көз жұмды. Соңғы мәліметке сәйкес, метродағы жарылыстан отандасымызбен қатар 14 адам мерт болған. Террорлық әрекетке қатысты алғашқы күдіктілер де жоқ емес. 

Қабырғаны қайыстырған жас өлім. Ресейге білім алам деп барып, лаңкестік әрекеттің құрбаны болған Максим Арышев әу баста із-түссіз жоғалғандар қатарында болған. Алайда, бір тәулікке жуық уақыт өткенде Санкт-Петербор қаласының экономика университетінің үшінші курсында тәлім алып жүрген жас жігітің денесі Екатерининск ауруханасынан табылды.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Санкт-Петербург қаласының әкімшілігі мен Ресей Федерациясы тергеу комитетінің нақтыланған мәліметтері бойынша, бұрын хабарсыз кеткендер қатарында болған Қазақстанның азаматы Максим Арышев  теракт салдарынан қайтыс болғаны туралы қайғылы түрде хабарлаймыз. Бұл ауыр қаза барлығымызға ортақ. Оның ата-анасы ұлының мәйіті екенін растады. Сыртқы істер министрлігі, біздің қазақстандық азаматтар Максим Арышевтің туған-туысқандарына барынша қолғабыс және жәрдем көрсетеді. Және оның ішінде мәйітін Отанға жеткізу бойынша тиісті көмек жасайды.

Бастапқыда Максим Арышев терактіге күдікті ретінде де қаралды. Бірақ Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты бірден жоққа шығарды. Басты күдікті 22 жасар Қырғызстан тұрғыны Акбаржон Джалилов екені белгілі болды. Ол Ресей азаматтығын алып, Санкт-Петерборда жұмыс істеген көрінеді.

Қырғызстан Республикасы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті: 

Да мы подтверждаем. Уроженец Кыргызстана, но гражданин Российской Федерации.

Бірақ кейін Ресейдің тергеу қызметі де метрода жарылыс ұйымдастырған Қырғызстан тумасы екенін растады. Алдын ала болжам бойынша, ол экстремистік топтардың мүшесі болуы да ғажап емес.

Нұрғали Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Бұл террорлық әрекетке ДАИШ лаңкестерің қатысы болу әбден мүмкін. Сол ұйымның жергілікті тармақтары болуы да ғажап емес. Олар әртүрлі террорлық әрекеттерді өз мойынына алып, сол арқылы өз беделін көтергісі келеді. Алайда қазір лаңкестер бұл қылмысқа қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Терактіден кейін біздің елдегі қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шекара мен көлік нысандарының барлығы жіті бақылауға алынды.  Ал Алматыда кешелі бері метроға кірген әрбір жолаушының қол жүгі тексеріліп жатыр.

Бақытжан Әбдірахманов, "Алматы метрополитені" қауіпсіздік бойынша ревизор:

Жүз пайызға дейін барлық жолаушылардың заттарын металл детектор арқылы телевизиялық қондырғы арқылы тексеріп өткізіп жатырмыз.

Соңғы мәліметке сәйкес, теракіден 50 адам жарақат алған. Олардың арасында Тәжікстан, Әзірбайжан, Белоруссия азаматтары бар көрінеді. Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір ауруханада жатқан азаматтардың жағдайы бір қалыпты. 


Елдос САПАРҒАЛИ