Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның Еңбек Ерлері! Тәуелсіздік күніне орай марапаттар

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2018
  • 7585

Биология пәні бойынша оннан аса оқулық жазған шымкенттік ұстаз Алина Соловьева Қазақстанның Еңбек ері атанды. Ол А.Пушкин атындағы мектеп-гимназияның білікті ұстазы. 27 жылдан бері биология пәнінен дәріс беретін ұстаз жасөспірімдер психологиясын жетік меңгергендіктен болар, шәкірттері сабаққа асығатындарын айтады. Ал, әріптестері оның ғылыми ісденісін жоғары бағалайды. 

Нұрсұлу ЕРБАЕВА, А.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ:

Алина Робертовна туралы әріптес ретінде мен айтар едім, шын мәнінде ұстаздық өмірге, ұстаздық қызметке жан-тәнімен берілген шебер кәсіби мұғалім. Алина Робертовна демалыс күндерге қарамайды. Демалыс күндері өзінің оқушыларын олимпиадаға дайындайтын, республикалық деңгейге дайындайтын оқушыларды демалыс күндері мектепке шақырып, қосымша сабақтар өтеді.

Алина Соловьева жақында тағы 9-шы және 10-сыныптарға арналған жаңа еңбегін сарапшы комиссияға ұсынған.

Алина СОЛОВЬЕВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Көп ізденуге тура келеді. Ашық дерек көздерін, жоғары оқу орындарына арналған әдебиеттерді қолданамын. Кейде жұмыстың көптігінен мектепке қонуға тура келген күндер болғанын жасырмаймын.

Қазақстанның тағы бір Еңбек Ері - Жамбыл облысындағы шаруа қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев. «Шәушен» қожалығының иесі жерлестеріне жомарттығымен танылған. Кәсіпкер 220 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, өзі тұратын ауылдың халқына әлеуметтік көмек ретінде жылына 50 миллион теңге қаржы бөледі.

Сайрамбай Дөненбаев 22 жыл бұрын ата кәсіпті қолға алған. Бар-жоғы 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 бас қоймен шаруа қожалығын ашыпты. Ал бүгінде қой басын 52 мыңға, жылқыны 2 мың 200-ге жеткізіп отыр.

Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ, «ШӘУШЕН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Атадан қалған кәсіп қой, бұл-қой шаруашылығы деген. Сол әке ақ таяғын берді. Ал, бұл шаруашылықты істеу деген қиын болды, уағында. Осы дүниенің бәрі қойдың арқасында салынған нысандар десем, жалған айтпаймын.

Республикаға малды асылдандырумен танылған қожалық, қой мен жылқы еттін экспортқа шығарады. Жұмысшыларға жалақы еңбек өтіліне қарай беріледі. Ал, үздік шопандарды жылына 500-600 бас қой беру арқылы ынталандырып жүр. Шопандардың балалары үшін Жарлысу аулынан 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салған. 10 үй салып тұрғызған. Алдағы жылы тағы 60 орындық балабақша мен спорт сарайын салуды жоспарлап отыр.

Үшінші Еңбек Ері - «Ақтөбе қаласы сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова. Өзі тоқсаныншы жылдары жол апатына түсіп, арбаға танылған. Десе де қиындыққа мойымай, мүмкіндігі шектеулі жандарды жанына жинап, оларды жігерлендіріп, қор құрды. Қоғамдық бірлестіктің қазір мыңнан астам мүшесі бар.  

Құралай БАЙМЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ САЛ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН ЖАНДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Біздің көмегімізге бүгінгі таңда көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар жүгінеді. Біздің қордың есебінен Оңтүстік Кореяға барып ем алғандар бар. Біздің ықпалымызбен арбаға танылған жандар Қара теңізге демалысқа бара алады. Мұндай еліміздің ешқандай аумағында жоқ. Тіпті бізде ғана пилоттық жоба жүзінде болса да мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы тұрғын үйлер салынған.

Иә, қордың ұсынысымен жергілікті әкімдік оларға арнап баспана тұрғызды. Нәтижесінде 73 отбасы пәтерлі болды. Денсаулығында кінәрат бар тағы 82 адам өзге тұрғын үйлерден баспана алған. Құралай Байменова отбасында аяулы ана, немере баққан асыл әже.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президент Н.Назарбаев Еңбек ерлеріне арнайы белгі мен Отан орденін табыстады. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік күніне орай жалпы ел бойынша 1600 адам марапатталды. Әр түрлі саланың мамандығын қадірлейтін, жұмысын беріліп істейтін, батыл, ержүрек, айналасын, қоғамды мойындатқан жандар, деді. Марапатталғандардың арасында бірнеше министр, облыс әкімдері де бар. Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев пен Аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов «Парасат», Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов пен Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов «Құрмет» ордендерін иеленді. Ал СҚО әкімі Қ.Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов «Парасат» орденін тақты.