Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да жерге қатысты түсінбеушіліктер орын алып жатыр

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2018
  • 3311

Ал, Оралда жер дауы. Жергілікті кәсіпкерлер жер алу қиынға соғып отыр деп шағынды. Өйткені, кәсібін жүргізу үшін берілген жер телімінің бір емес, екі иесі пайда болған. Осылайша, бастаған ісі орта жолда қалған жандар қазір сот жағалап жүр. Еркін Карин тарқатады.  

Жомарт Мұрзағалиев қала аумағынан алған жерінен көлік жуатын, оны жөндейтін орын ашуды жоспарлапты. Кейін барлық құжатын рәсімдеп, құрылысқа кіріседі. Артынша бұл жердің басқа бір адамның атында екендігі белгілі болған.  

Жомарт МҰРЗАҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР: 

Қоршап, электр желілерін жалғап барлығын да, әзірлеп, енді істеймін деп жүргенімде бір кісі келіп айтты: «Мына жер менің жерім. Неге салып жатсың біреудің жеріне?» деген әңгімені қозғады. Содан осы сөздің шын-өтірігін білейін деп әкімшілікке қайта жолыққанымда 2008 жылы Мұсабарова деген біреуге жер берілген осы жерді. Содан бері бұл жер игерусіз жатқан, сосын маған берген.

Дал болған кәсіпкер қазір құрылысты тоқтатқан. Осылайша, көлік жуатын жер қар астында қалды. Бірақ, осы аумаққа жарық жүргізіп, қоршау үшін үш миллион теңгеге шығынданапты. Енді жерін қайтарып алып, шығынын кінәлі тарапқа төлетпек болған кәсіпкер сотқа шағымданған. Бірақ, кінәлі адам жуық арада табылмайтын түрі бар. Өйткені, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, кәсіпкерлерге мұндай кедергі көп. Себебі, жер беру ісіндегі ақпарат жасырын. 

Хайдар ҚАПАНОВ, «АТАМЕКЕН» АКП КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Жер телімін беру туралы электронды картада қаулының реттік саны мен жер комиссиясы туралы ақпарат қана жазылған. Ал, жерді кімнің алғаны, қандай мақсатқа пайдаланары көрсетілмеген. Мысалы, кәсіпкерлер саланы зерттеп, талдау жүргізейін десе де, бұл жабық ақпарат.

Ал, қалалық жер қатынастары бөлімі де бұл іске кім жауапты екенін басып айту қиын дейді. Өйткені, шаһар маңындағы жерді тіркеу жұмыстары 2011 жылдан бастап жолға қойылған. 

Арман БИСИМБАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Біздің кінәміз немесе ана кісінің кінәсі деп айта алмаймыз. Неге десеңіз, бізде координирование тек 2011 жылдан бері жасалып жатыр. Одан бұрын жасалған жоқ. 2008-де ана кісілер жерді алып қойды, енді 2016 жылы мына кісіге бергенде сәулет-құрылысы бөлімінде де, гипроземде де сондай ақпарат болған жоқ. Именно ол бос тұрған сияқты.

Жергілікті билік мұндай жағдай тағы да қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, олардың сот арқылы мәселесін шешуден басқа жолы жоқ деп кеңес берді.   

Е. Карин